• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2011

Еңбек ерлері студенттермен кездесті

376 рет
көрсетілді

Қазақстанның Еңбек Ері – Тәуел­сіз Қазақстанның соңғы жыл­дары тағайындалған жоғары ата­ғы­ның бірі. Оған елімізде санаулы адам ғана ие болды. Соның екеуі Қостанай облысынан. «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі­нің директоры Сайран Бұ­қанов об­лыстағы белгілі кәсіпкер, ауыл ша­руа­шылығын ұйымдастырушы. Ал «Заречный» ауыл шаруа­шы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы Валентин Двуречен­ский­дің есімі елімізден сырт жерлерге де белгілі. Ол ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на енгізген жаңа техно­ло­гияны жа­қын және алыс шет ел диқан­дары да біліп, қолдана баста­ды. Ылғал сақтау технология­сы­ның барлық элементтерін толық пай­да­ланған «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл әр гектардан 37 центнерден алтын дән жи­­нады. Таяуда ғана өткен ауыл ша­руашылығы қызметкерлерінің рес­пуб­ликалық форумында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Валентин Ивановичтің кеудесіне Алтын Жұлдыз тақты. Басқосуда университет қонақ­тары мен студенттер, оқытушы­лар, ғалымдар арасында емен-жарқын әңгіме болды. Нарық келген кезде бір шаруашылықты шай­қалтпай, адамдарын шашыратпай бүтін сақ­тап қалып, қазір қуатты агроөнер­кәсіпке айналдырып отырған Сайран Балкенұлы жастарға іздену, еңбектену, білім алу қажеттігін айт­ты. Ал Валентин Иванович өзі­нің зерттеп, тәжірибеден өткізіп, өндіріске қосқан, қазір мол табыс көзіне айналып отырған ылғал сақ­тау технологиясына көбірек тоқ­тал­ды. Бүгінде Сайран Бұқановтың шаруашылығындағы мамандардың барлығы дерлік жастар. Олар Қос­танайдағы жоғары оқу орнын бітіріп, ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарды игерген. Кездесуде Еңбек Ері ауылда әлеуметтік жағ­дайды дұрыстау, жастарға арнап баспана салу қажеттігін де тілге тиек етті. Ол биылдың өзінде жас мамандарға арнап екі үй тұрғызды. Студент жастар кездесу кезінде ол басқаратын «Қарқын» шаруашы­лы­ғына тәжірибеден өтуге және жұмысқа орналасуға тілек білдірді. Еңбек Ерлері мен студенттер арасындағы әңгімеде ауыл шаруа­шылығының бүгінгі өзекті мәсе­ле­лері де қозғалды. Жастар биыл­ғы мол астықтың бағасы, ауыл­шаруа­шылығы бизнесі туралы сұрады. Сайран Бұқанов қарқын­ды дамып отырған ауыл шаруа­шы­лығына болашақта мамандар көп қажет болатынын, сондықтан біздің жастар білімге өте ден қоюы керектігін айтып өтті. Кездесуде университет ректоры Ас­қар Наметов білім орда­сы ауыл шаруашылығына арнап бірнеше мамандық түрлерін да­йын­да­ған­дық­тан, өндіріс пен оқу орнының тығыз байланыста болу керектігіне және сондай жұмыстың жүргізіліп отырғанына тоқталды. Қос Еңбек Ері студенттердің тағы көптеген сұрақтарына жауап берді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.