Тұрғындардың, бюджет саласы қызметкерлерінің баспанамен қамтылуы – мемлекеттік мәселе. Сондықтан аталған мәселені жіті назарында ұстаған мемлекет басшысы халыққа арнаған әр Жолдауында, бағдарламалық мақалаларында бұл жайында арнайы тоқталып, құзырлы орындарға қажетті тапсырма-міндеттерді жүктеп келеді. Сондай-ақ арнайы мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Жуырда Президенттің «бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» тапсырмасы аясында маңғыстаулық бюджет саласы қызметкерлерінің көзайым қуанышына айналған жаңалық Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында жүзеге асты. Жалпы, құрылыс алаңы шамамен 2,5 мың шаршы метрді құрайтын аумақта екі ғимараттан тұратын жүз орындық жатақхана салынып, оның жан-жағы абаттандырылды, жасыл желек жамылған алаңда жаяу жүргіншілер жолына асфальт пен кеспе тастар төселді.
Құны 840 миллион теңге тұратын жатақхана «НКОК» компаниясының маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары шеңберінде жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде аяқталған жатақханада ас үй, жуынатын бөлме, кіреберіс және зат сақтайтын қоймамен қатар тұрмысқа қажетті заттардың барлығы бар.
– Компания 2017-2018 жылдар аралығында Маңғыстау ауылына кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі, Маңғыстау ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен Маңғыстау-5 елді мекенінен 15 шақырым автокөлік жолының құрылысына 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөліп, Мұнайлы ауданының әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуда, – деді Е.Тоғжанов. Аймақ басшысы өз кезегінде «НКОК» компаниясының жұмысына да оң баға бере кетті.
– Консорциум міндеті – жергілікті жұртшылықтың қажеттіліктерін тікелей қамту. Сонымен қатар консорциум бұл аймақтарда әлеуметтік жобаларға үлкен қажеттілік бар екенін ескере отырып, Маңғыстау және Атырау облыстарында бірқатар қосымша жобаны жүзеге асыруда, дейді «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн.
Қыркүйек айында Мұнайлы ауданының Қызылтөбе және Басқұдық ауылдарында мектеп ашылады деп жоспарлануда.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»