Бейбітшілік және келісім сарайында «Сенің армандаған ордаң» атты мюзикл қойылды. Негізгі өзегі мәңгілік тақырып – махаббатқа арналған бұл мюзиклді Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырып, Тәуелсіздік мерекесіне орай астаналықтар назарына ұсынды.
Шара басталмас бұрын сахна сыртындағы қарбаласта мюзикл режиссерлерінің бірі, Қазақ ұлттық өнер университетінің театр-кино және теледидар факультетінің деканы Бекболат Құрманғожаевтан бұл сахналық қойылым туралы айтып беруін сұрағанбыз. Режиссер ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап ұйымдастырған спектакльге университет студенттері қатысып жатқандығын, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүретін мюзикл 1962 жылғы Хельсинкиде өткен дүниежүзілік жастар фестивалінен бастау алатынын айтты.
Енді сөз орайында, идея авторы, университет ректоры Айман Мұсақожаева, ал авторы Гүлбану Үкетайқызы, композиторы Серік Еркінбек екенін айта отырып, Санкт-Петербургтен келген атақты театр суретшісі Вячеслав Окуневтің, қойылым режиссерлері Нұрқанат Жақыпбай және Бекболат Құрманғожаевтың спектакльді сахнаға шығару барысында көп тер төккенін де айта кетсек дейміз.
Иә, мюзикл бойында жастықтың жалынды лебі тұнып тұр. Спектакльге қатысқан жастардың бәрі де сахна көркіне айналды десе де болады. Содан да болар, Бейбітшілік және келісім сарайын лық толтырған жастар бұл қойылымды бір деммен сүйсіне көріп шықты. Ал қойылым соңынан кейін университет ректоры, мюзикл авторы Айман Қожабекқызы қойылымның көңілдегідей шығуына қатысқан барша адамдарға алғыс айтты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.