1998 жылы Kodak фирмасында 170 мың адам жұмыс істеген екен және әлем бойынша саудаланған фотоқағаздың 85 проценті дәл осы фирманың үлесіне тиген. Небәрі бірнеше жылдың ішінде олардың бизнес-моделі жойылып, фирма банкрот болған. Бұл нені білдіреді?
«Өгіздің басына туған күн бұзаудың да басына туады» дегендей, бұл Kodak бастан кешкен жағдайға таяудағы он шақты жыл ішінде өнеркәсіптің басқа да көптеген салалары тап болады деген сөз. Ең жаманы сол, көптеген адамдар оқиғаның осыншалық тез өзгеретінінен мүлде хабарсыз. Сондықтан да өзге халықтар жаңалықтар ашып, ілгері ұмтылып жатқанда, біз жиналыстар өткізіп, той тойлап, «аха-хаудан» арыла алмай жүрміз.
Ғалымдардың айтуынша, компьютерлерді бағдарламалық қамтамасыз ету таяудағы 10-15 жылдың ішінде өнеркәсіптің дәстүрлі салаларына түбегейлі өзгерістер әкелмек. Мысал үшін айтар болсақ, бағдарламалық құралы ғана бар да, автомобильдері жоқ Uber фирмасы қазірдің өзінде әлемдегі ең ірі такси-компания болып табылады. Ал нақты орынжайларының болмағанына қарамастан, AirBnB фирмасы іс жүзінде әлемдегі ең ірі қонақүйге айналып отыр.
Осындай жайттарды ескере келіп сарапшылар егер сіз қазір құқықтану ісін оқып жүрген болсаңыз, дереу тоқтатыңыз, жақын болашақта заңгерлерге деген сұраныс қазіргімен салыстырғанда 90 процентке азаяды, тек тар шеңберлі сот мамандары ғана қалады деп ескертуде.
2018 жылдың өзінде өзін өзі басқаратын автомобильдер халықтың кең ауқымы үшін қолжетімді болады деген сөз шындыққа айналып отыр. Көп ұзамай сізге машинаны телефонмен ғана шақыратын күн туады, ал ол өзі келіп сізді алып кететін болады. Соған орай 2020 жылға қарай қазіргі жұмыс істеп тұрған автомобиль өнеркәсібі біртіндеп жойыла бастайды, жұрт жеке автомобиль сатып алмайтын болады деген болжам жасалып отыр. Ол кезде жүргізушілік куәліктің де қажеті болмай қалады екен. Тіпті көптеген автомобиль шығаратын фирмалар банкротқа ұшырайды деген де пікірлер бар. Ондай уақытта бұрынғы автомобильдерді заман талабына сай жетілдірудің де еш көмегі тимейді. Өйткені Tesla, Apple, Google сияқты инновациялық фирмалар революциялық көзқарас ұстанып, доңғалақты компьютерлер жасап шығаруды қолға алмақ. Бұл, әрине, бір күнде немесе бір жылда бола қоятын шаруа емес. Дегенмен, процесс басталды дегенше, оның түпкі нәтижесінің де көп күттірмесі анық.
Бұл аз десеңіз, бүгінде қаптап кеткен сақтандыру компанияларының да болашағы тұманды болатын сыңайлы. Себебі, автомобиль апаттары орын алмаған жағдайда оны сақтандыру да 100 есеге арзандап кетеді екен. Ақырында автомобильдерді сақтандыру ісі мүлде жойылмақ.
2020 жылға қарай көптеген автомашиналар электр қуатымен жүретін болады дейді сарапшылар. Оның өзі қалалардағы шуды азайтып, ауаның тазаруына септігін тигізбек.
Күн энергиясының пайдаланыла бастағанына 30 жыл болғанына қарамастан біз оның тиімділігін енді ғана біліп жатырмыз. Кейбір мәліметтер бойынша, 2011 жылы әлемде жанатын материалдарды пайдаланатын стансаларға қарағанда күн электр стансалары көбірек салыныпты. Осы қарқын сақталар болса, күн энергиясының бағасы арзандап, оның өзі 2025 жылға қарай көмір өндіруші компаниялардың жабылуына апарып соқтыруы әбден мүмкін екен.
Төртінші өнеркәсіптік революцияның ең үлкен жетістігі 3D принтер болмақшы. Сарапшылар соңғы 10-15 жылда мұндай принтерлер құнының 18 мыңнан 400 долларға дейін арзандағанын айтып отыр. Сонымен бірге 3 өлшемді тәсілмен басып шығару 100 есеге жылдам бола түскен. Осындай тәсілмен өз аяғыңды сканерден өткізіп, үйде отырып-ақ өзіңе аяқ киім «басып» шығаруыңа болады екен. Қытайда қазірдің өзінде 3 өлшемді принтердің көмегімен 6 қабатты үй тұрғызылғаны көпшілікке мәлім. Осындай себептерден 2027 жылға қарай бүкіл өндірілетін тауарлардың 10 проценті 3 өлшемді принтерлер көмегімен шығарылатын болады деген болжам бар.
Қарқынды дамудың арқасында ХХ ғасырда табысты болған небір идеялар ХХІ ғасырда мүлдем кәдеге жарамай қалатын көрінеді. Өйткені жұмыстардың денін роботтар атқаратын болғандықтан, алдағы 20 жылдың ішінде қазіргі жұмыс орындарының 70-80 проценті түбегейлі жойылып кетпек. Оның есесіне уақыттың өскелең талабына сай көптеген жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бірақ олардың жеткілікті немесе жеткіліксіз боларын ешкім де дөп басып айта алар емес.
Дамудың мұндай түріне әлем ғалымдары «технологиялық сингулярлылық» деген атау берген. Бұл техникалық прогрестің шапшаң және күрделі түрде дамитыны соншалық, оның өзі адамның түсінуі үшін мүмкін болмай қалады дегенді білдіреді екен. Мұндай кезең жасанды интеллект пайда болғаннан кейін туындамақ. Оның уақытын кейбіреулер 2030 жыл десе, енді біреулер 2045 жыл деп болжап отыр.
Қалай дегенде де, бір мәселенің басы ашық. Бұл – ғылым мен техниканың бұрын-соңды болмаған таңғаларлық тұрғыда шапшаң дамитындығы. Бүгінгі таңда адамзаттың, соның ішінде біздің де алдымызда тұрған міндет, сол шапшаңдыққа ілесе алу болса керек. Ендеше, «асықпаған арбамен қоянға жетеді» деген кертартпа мақалды ұмытқанымыз жөн.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»