Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Казаэронавигация» кәсіби дайындық орталығында 10 жас әуе диспетчері кәсіби мамандықтарының дипломдарын алды. Соңғы жылдары 200-ден астам қазақстандықтар өз елінде осы қызықты да күрделі, әрі интеллектуалды мамандыққа ие болды. Бұл мамандықты бүгінде ХХІ ғасыр мамандығы деп те атайды.
Ал осыдан бірнеше жыл бұрын ғана «әуе лоцманы» мамандығын игеру үшін жас қазақстандықтар шет елдерге аттанатын. «Казаэронавигация» сонау бір өкпені қысқан өтпелі кезеңнің өзінде әуе диспетчерлерін өз елімізде даярлау мүмкіндігін ойластырған болатын. Сөйтіп, 2004 жылы бұл бастама елімізде іс жүзіне асырылды. Содан бергі өткен уақыттың ішінде әуе қозғалысына қызмет көрсететін 212 кәсіби маман даярланды. Міне, тағы бір жас толқын мамандар өмірге жолдама алды. Мамандар болғанда қандай! Диплом алғандардың ішінде Мұрат Конгреев, Сергей Калашников, Валерий Гущин және Рустам Саттаров мамандық бойынша негізгі пәндерден үздік баға алса, ағылшын тілі бойынша ИКАО шеңберіндегі бесінші дәрежеге ие болды. Қалған жастар да оқуды жақсы бітіріп, ағылшын тілі бойынша халықаралық авиациялық ұйымдардың төртінші дәрежелі бағасына ие болды.
Оқу бітірушілерге дипломдар мен ескерткіш төсбелгілерді тапсыра тұрып, «Казаэронавигацияның» бас директоры Сергей Құлназаров олардың еліміздің айтулы мерекесі Тәуелсіздіктің 20 жылдығында кәсіби мамандыққа ие болып отырғандарын атап көрсетті.
– Еліміз Тәуелсіздігінің және мемлекеттің ерекше қолдауының арқасында бізде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өскелең талаптарға сай мықты техникалық инфрақұрылым қалыптасты, оған қызмет көрсететін кәсіби қызмет орнықты. Келесі жылы біз ұлттық аэронавигация жүйесін құруды аяқтаймыз. Ол туралы Монреал қаласында өтетін ИКАО-ның 12-конференциясында мәлімдейтін боламыз. Бүгінгі күн біздің елімізде аэронавигация жүйесін мемлекет иелігінде қалдыру шешімінің дұрыстығын дәлелдеп отыр. Солай бола тұрса да кәсіпорын өз қаржысы есебінен жұмыс істейді. Бұл ретте бізде ешқандай келеңсіздіктерге жол беріліп көрген жоқ, – деді ол құттықтау сөзінде.
Техника қаншалықты сенімді болғанымен адам білімінсіз тиімділік бермейді. Компьютерлендірілген жүйе де, ең озық электроника да білімді де білікті әуе диспетчері болмаса, ұшақтарды дәл белгіленген жерге қондыруға, жүйелі де қауіпсіз ұшу сапарын жалғастыруға мүмкіндік бермес еді. Сондықтан да, «Казаэронавигация» кәсіби дайындық орталығы мамандарды оқытуға және қайта даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Авиация индустриясының соңғы кездегі даму үдерісі бұл салада барлық мамандардың ерекше кәсіби даярлығын қажет етеді. Егер кешегі Кеңес дәуірінде ұшу қызметінен босатылған кез келген ұшқыш диспетчер қызметін атқара беретін болса, қазір «әуе лоцманы» кәсібіне ерекше дайындық қажет. Ол ерекше техникалық біліммен қатар, компьютерді жан-жақты меңгеруі және ағылшын тілін, авиациялық фразеологияларды жетік білуі қажет.
Әуе диспетчерлерін даярлайтын оқу орындарына қабылданатын үміткерлердің жоғары білімі, ағылшын тілін білуі, сонымен қатар мықты денсаулығы, берік жүйке қабілеттілігі болуы керек. Міне, осы қасиеттердің бәрін оқуға қабылданар кезде арнаулы сарапшылар медициналық байқау және тест жасау арқылы жан-жақты зерттейді. Бұл кәсіп күрделі әрі жауапкершілігі зор. Сондықтан оқуға қабылданушылардың мықты денсаулығын тексерумен қатар, олардың ойға сақтау қабілеттері және сөйлеу дикциялары да мүлтіксіз тексеріледі.
Осы жолы оқу бітіруші үздіктердің қатарындағы Валерий Гущин Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аудармашылар даярлайтын бөлімін тәмамдаған. Ол ағылшын тілін өте жетік біле тұра әуе диспетчері мамандығын таңдап, оқуын жалғастыруды жөн көрді.
– Біздің жұмысымыз қызықты әрі өте күрделі. Өйткені, әуе диспетчерлері ондаған адамдардың өміріне жауап береді, – дейді Ақтөбе әуежайына жолдама алған Валерий Гущин. – Әрине, жаңа технология диспетчер қызметін біршама жеңілдетеді. Бірақ ол ешқашан адам қабілетін ауыстыра алмайды. Сондықтан бұл мамандық иелеріне жауапкершілік, өз еркімен шұғыл шешім қабылдай білу және біліктілік өте қажет.
Өз еркімен шешім қабылдай білу демекші, «Казаэронавигация» бас директоры Сергей Құлназаровтың еске алуынша, осыдан төрт жыл бұрын Боинг ұшағының бортында орын алған төтенше жағдай кезінде диспетчердің жоғары жауапкершілігінің нәтижесінде ұшақты Орал әуежайына ешқандай апатсыз қондыруға мүмкін болды. Бұл әуе диспетчері Чехияда ерекше дайындықтан өткен болатын. Оқиға былай болған. Ұшақ бортында бал араларын алып келе жатқан жолаушының немқұрайдылығынан, аралар әуе ұшағының тетіктеріне зақым келтірген. Соның салдарынан жоғары температура орын алып, өрт қаупі туындаған. Диспетчер мен ұшақ экипажының білікті әрекетінің нәтижесінде ұшақ апаттан аман қалды.
Осы жолы оқу бітірген үздіктердің қатарында Мұрат Конгреев те бар. Ол еліміздің әуе диспетчерлері отбасы әулетінен шыққан. Мұраттың әкесі Жарас Конгреев ширек ғасыр әуежайда диспетчер қызметін атқарған. Қазір ол Астанадағы ішкі істер қызметі орталығын басқарады.
– Әрине, менің мамандық таңдауыма әкемнің ықпалы зор болды. Ол көп жылдар бойы әуе диспетчері ретінде мыңдаған адамдардың өміріне жауапкершілік алған болатын. Біз бітірген «Казаэронавигация» кәсіби дайындық орталығында жан-жақты білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Түлектерге бүгінгі заманның озық технологиялары мен тренажерлары қызмет көрсетеді, білікті оқытушылар дәріс береді, дейді Мұрат.
Оның әкесі бұрынғы техникалармен қызмет атқарған болса, енді Мұрат озық технологияларға негізделген жаңа аспаптармен жұмыс жасайтын болады. Қазір Ақтөбедегі, Алматыдағы, Астанадағы әуежайлар толық автоматтандырылған басқару жүйелеріне негізделген. Жұмыс компьютерлік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Мұрат осы 20 жыл ішінде еліміз тәуелсіздігінің арқасында «Казаэронавигация» саласы зор даму жолынан өткендігіне сенімді. Сондықтан ол Астана әуежайына кәсіби біліктілігін шыңдай отырып қызмет атқаруға дайын.
«Казаэронавигация» бас директоры Сергей Құлназаров мамандардың дайындығына ерекше мән берілетіндігін атап көрсете келіп, бұл кәсіпорынның ең соңғы радиолокациялық жабдықтармен жарақтандырылғанына да байланысты болып отырғандығын ескертеді. Тек соңғы екі жылдың ішінде мұнда 21 жаңа локатор орнатылған. Бұл бүгінгі заманның техникалары әлемдік стандарттарға толық жауап береді. Бізде орнатылған қондырғылар уақыттың ең озық үлгілері болып табылады. Мәселен, Қазақстанда тәжірибе жүзінде қолданылып жатқан жекелеген қондырғыларды Австралия алдағы уақытта іс жүзінде қолдану мәселесін ойластыруда.
«Казаэронавигация» орталығының жетекшісі Виктор Михайловтың айтуынша, мұнда жоғары білікті нұсқаушылар дәріс береді. Олар негізінен Қазақстанның және шет елдердің осындай алдыңғы қатарлы орталықтарында тәжірибеден өткен.
«Казаэронавигация» өз елімізде осындай мамандар даярлау туралы дұрыс шешім қабылдағанына сенімді. Қазір Қазақстанда барлығы 600-ге жуық авиадиспетчер еңбек етеді. «Казаэронавигация» басшыларының айтуынша, еліміздің әуежайларында сапалы қызмет көрсету үшін осы мамандар әзірге жеткілікті. Алайда, «Казаэронавигация» кәсіби дайындық орталығында мамандар даярлау алдағы уақытта да жалғастырылатын болады. Өйткені, еліміздің ұлан-ғайыр аумағында әуе қызметінің сапалы деңгейде болуы үшін, ұшақтардың қауіпсіз қозғалысы үшін жоғары білімді, кәсіби білікті мамандар қажет.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Суретте: «Қазаэронавигация» бас директоры Сергей Құлназаров авиадиспетчер Мұрат Конгреевке диплом тапсыруда.