Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру және «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында Көкшетау қаласында тұңғыш электрондық кітапхана-коворкинг орталығы қызмет көрсетеді.
Жаңа технологиялар заманында электронды түрде ақпарат алмасу білім көкжиегін одан әрі кеңейте түсуге ықпал етеді. Таяуда ашылған қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің жаңа коворкинг орталығы халықтың білімге құштарлығын арттыруға септігін тигізетіні даусыз. Жаңа нысан оқырмандарға қолайлы қызмет көрсету үшін қажетті гаджет құралдармен жабдықталған. Инновациялық орындықтар кез келген телефонға қосылып, қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Осының барлығы тегін әрі жылдам интернеттің көмегімен жұмыс істейді.
Электронды кітап ордасында іздеу жүйесі жасақталып, жаңа толықтырулар енгізілген. Қалаған кітабыңызды атауымен, авторымен, басқа да деректер арқылы оңай әрі жылдам тауып алуға болады.
Коворкинг орталығында шеберлік сабақтар, лекция-семинарлар өткізу жоспарланған. Қала жұртшылығы осы орталыққа келіп, өздерін толғандырып жүрген кез келген мәселелерді талқылап, жанды пікір алмасу алаңын өткізе алады.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
КӨКШЕТАУ