Әр заманда өнер адамдарын халық ерекше құрметтегені белгілі. Әу деп ән салған адамның арқасынан қағып, шабытына шабыт қосып, жігерлендіріп отыру қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Ауыл өнерпаздарының арасынан тума талант иесін танып, сахнаға шығарып, көпшіліктің талқысына салып шыңдай білу – әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл үшін үлкен жүрек керек. Сондай үлкен жүрек иесінің бірі Қабдолда Тұраров еді.
Ол өмірдің ыстық-суығынан жастайынан өтті. Алдына қойған мақсатын аяғына дейін жеткізетін адам болатын. Көп жыл Күршім аудандық мәдениет саласын басқарды. Облыстық ақындар мектебін ашты. Қамқорлық жасады. Осы жылдар ішінде Күршім ауданына қарасты Ақсуат ауылында «Айдын» атты ән-би ансамблінің құрылуына ықпал етті. Аудандағы үш ұжымға «халық театры» атағын әперді. Аудандық мұражай ашып, оның ғимаратын салдырды. Жәдігерлерді өзі жинай отырып, мұражай жұмысының алға басуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді.
Қ.Тұраров айтыс ақыны ретінде де танымал болды. Өңірдегі өнер саласындағы еңбегі ерекше. Айтыстың тұралап жатқан шағында облыста ақындар мектебін ұйымдастырып, өзі басқарды. Өзі тәрбиелеген әуесқой айтыс ақындарының саны елуден асады. Олар облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып, елімізге танымал болды. Қ.Тұраров кеудесінен ән қалқып, күй шалқыған жан болатын. Өлең жазумен, ән шығарумен жастайынан айналысып, республикалық радио фонотекасына жиырмадан астам әндері қабылданды. Өлеңдерінде туған жерін, елін тебірене жырлады.
1959 жылы «Алтай әуендері» атты жеке жинағы жарық көрген. 1984 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жайқоңыр» өлеңдер жинағындағы «Нұр Зайсан», «Жер жәннаты – Күршім», «Түлегімін Күршімнің», «Толғаныс тарамдары» сияқты жырлары Күршімнің көрікті жерлерін, Зайсандай атақты көлін әнге қосып, туған жерге деген кең пейілін, ыстық ықыласын көрсетеді. Оның әнін шырқап, жырын жырлап, күйін күмбірлете тартып, өлеңін өлкеге танытып жүрген әншілер мен домбырашылар да көп.
Композиторлар одағының мақұлдауымен «Өнер» баспасынан 1987 жылы шыққан «Жастық шақ әуендері» атты әндер жинағына Қабдолда Тұраровтың көп әні енген. Қазақ КСР Ғылым академиясының өнер зерттеу бөлімі мен республиканың Композиторлар одағы Қабдолда Тұрарұлының әндерін жоғары бағалап, Бақытжан Байқадамов пен Құдыс Қожамияров жақсы пікір айтқан болатын.
Ол аудан тарихы туралы жиі жазған өңір шежірешісі. Шығармаларына туған жері, тарихы, батырлары, азаматтары арқау болған. Еңбектері республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында, республикалық «Қазақ батырлары» және облыстық «Дидар» газеттерінде жиі басылды. «Ер Күркебай», «Жаман батыр», «Шерубай сыбызғышы», «Шанақ сыбызғышы», «Күйші Шайқы» шығармаларының авторы. Жарияланбаған еңбектері қаншама? Осы орайда, белгілі күршімдік ақын Хасен Закария:
– Қабаңның шәкірттері баршылық. Қазақ еліне белгілі айтыскер ақын Абаш Кәкенов, композитор Оралхан Көшеров, Талғат Карменов, өзінің үлкен ұлы Ерсовет Қабдоллаұлы сынды тізімді республикаға танымал жастармен толықтыра беруге болады. Кезінде өзі басқарған аудандық мәдениет басқармасы, соған қарасты кітапхана бірлестігі 10 жыл қатарынан облыста бірінші орынды иеленді. Ертіс бойындағы аудандарды аралап, «Ел іші – өнер кеніші» деген ұстаныммен қаншама талантты өнерпазды ел алдына шығарды. Ағамыз астана Ақмолаға көшкен жылы қуанып, «Астанаға арнаудың» әні мен сөзін жазып, әріптестерінің талқысына салып, «Біз әлі-ақ іргелі әлем таныған ел боламыз» дегенде біреу сеніп, біреу сенбеген уақыт еді.
Расында, Күршім жерінде қазақтың өнері үшін саналы өмірін арнаған өнер жанашыры Қабдолда Тұраров ағамыздың есімін Мәдениет үйіне берсе, нұр үстіне нұр болар еді...
Гүлмира КЕҢЕСБАЕВА