Еліміздегі білім беру саласы екпіні жыл сайын қарқынды қарыштап, ілгері дамыған әлем елдеріне ілесу үшін түрлі шаралар мен шаруаларды атқаруда. Осы ретте жоғары оқу орындарының басқару және академиялық дербестігін кеңейтетін заң қабылданған болатын. Заң ережелері жаңа Major және Minor білім бағдарламаларын енгізуге, білім мазмұнын дербес анықтауға, мамандарды кәсіби даярлаудың қазіргі заманғы нысандарын және өзіндік ережелерді енгізуге, соның ішінде формалды емес білім беру негізінде танымал оқытушыларды тартуға кең мүмкіндіктер бермек. Жуырда республикалық тамыз конференциясында Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Талғат Нәрікбаев академиялық адалдық лигасы құрылатынын тілге тиек етті.
«Жоғары оқу орындарының дербестігі – білім беру жүйесінде жасалған маңызды қадамдардың бірі. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл жаңалық өз кезегінде америкалық Барқыт лигасы мен британдық Рассел Групптың құрылуына негіз болған. Аталған ұйымдар білім сапасын жоғарылатудағы локомотив іспеттес болса, ұйым құрамына кірген ЖОО-лар әлемдегі үздіктер қатарынан табылды. Осы елдердің тәжірибесі негізінде Университеттер ассоциациясын құру Елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалардың қажетті қадамы болатынын көрсетіп отыр. Оның мақсаты – білім беру сапасын арттыру үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының күш-жігерін біріктіру. Университеттердің ассоциациясы академиялық адалдық лигасы деп аталады. Бұл ҚазГЗУ өткізетін дәстүрлі халықаралық академиялық Адалдық форумының жалғасы деуге болады. Лига мүшелеріне қатысты жоғары әкімшілік орган болмайды және бұлардың экономикалық қызметіне кедергі келтіре алмайды. Лиганың қызметі жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша еліміздегі нормативтік-құқықтық актілерін әзірлеуге және жетілдіруге қатысу, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде академиялық тұтастық принциптерін насихаттау, сондай-ақ Қазақстандағы білім беру сапасын арттыруға бағытталған кез келген жобаларды жүзеге асыру», деді ол.
Т.Нәрікбаев сондай-ақ лига мүшелері «Turnitin» сияқты плагиатқа қарсы халықаралық жүйелерді қолдануға және осы жүйедегі студенттер мен оқытушылардың барлық жазбаша жұмыстарын міндетті түрде тексеруге тиіс екенін атап өтті.
«Бұл ҚазГЗУ-дің Назарбаев университетімен бірлесе өткізетін xалықаралық форумның жалғасы іспеттес. Қаржылық емес ұйым болып құрылатын лига мүшелері плагиатқа қарсы xалықаралық жүйелерді пайдаланып, Turniti жүйесінде оқытушылар мен студенттердің барлық жазбаша жұмыстарын тексеретін болады. Лигаға ЖОО-ның мүшелік етуі оқу орнының беделін биіктетіп, түлектердің бәсекеге қабілеттілігін, білім сапасын арттыра түседі деп жоспарлануда. Академиялық адалдықтың біркелкі қағидаларына сапаны қамтамасыз ету жүйесін, жыл сайынғы төрағалық алмасуын, мониторинг жасайтын комитеттердің құрылуын қамтамасыз ету қызметтері кіреді. Бұл лига аталған ұстанымдарды жүзеге асыру арқылы білім сапасын арттыру үшін құрылды», деді ҚазГЗУ ректоры.
Айта кететін тағы бір жайт, лига төрағасы жалпы жиналыста сайланады. Ол барлық жиналыста төрағалық етіп, кезекті және кезектен тыс отырыстарға шақырады, лигаға кіру туралы өтінімдерді қабылдап, лиганың атынан әрекет ете алады. Ал лиганың жоғарғы органы академиялық адалдықтың қағидаларын қабылдайды, лигаға кіруге талап етушілерді қабылдау туралы шешім шығарады, мониторинг комитеттерін құрады, академиялық адалдықтың үздік тәжірибелері мен тәсілдеріне негізделе отырып нұсқауларды талдап енгізеді.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»