Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Жиында сөз алған Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2015 жылдан бастап халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ел экономикасы мен инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2015-2017 жылдар кезеңінде «Нұрлы жол» аясында республикалық маңызы бар 1,8 мың шақырымға жуық автожол салынды және реконструкцияланды. Ал биыл 4,2 мың шақырым жол жөнделіп, 23 автожол жобасында құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілуде. Оның ішінде 22 жоба өтпелі, жалпы ұзақтығы 2900 шақырым болатын 10 жоба халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен іске асуда. Осының нәтижесінде жыл соңында 528 шақырымдық жол қолданысқа берілмек.
Жалпы «Нұрлы жол» жобаларын іске асыруға жергілікті желі автожолдарын қосқанда 100 мың адам жұмылдырылған. Бұған қоса, жол құрылыстарына толықтай отандық материалдар қолданылады.
Жиында белгілі болғандай, аталған бағдарлама бойынша 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 60 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген. Ал еліміздегі жолдарды 2025 жылға дейін 85 процентке жаңартып, тақтайдай тегістеп отыру үшін жыл сайын бюджеттен 150 млрд теңге бөлу көзделген.
Бұған қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінде елімізде 1 859 жол бойында қызмет көрсету нысаны орналасқан. Оның 780-і, яғни 42 проценті ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Алдағы уақытта қолданыстағы нысандарды жақсартумен қатар, жаңа нысандар салу және ұлттық стандарт талаптарына сай келетін «KazWay» модульді павильондарын орнату жоспарланған.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»