• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

Отбасы саясаты басты назарда

1035 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. 

Отырысты ашқан Г.Әбді­қалықова Елбасы Н.Назарбаевтың «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деген сөзіне баса назар аударды.

Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» бағдар­ла­малары қоғамдық сананы жаңғыртуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл тұрғыда өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері ерекше мәнге ие болып отыр.

Қазақстанда балалардың құ­қық­тары мен мүдделерін қамта­масыз ету үшін институционалдық негіз құрылған. Бұл ретте 15 халық­аралық құжат ратификацияланды, Балалар құқықтары жөнінде уәкіл институты, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, қиын ахуалдағы балаларға қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейді.

 «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы 71 білім беру ұйымында қанатқақты жоба ретінде іске қосылған. Сонымен қатар кәмелетке тол­мағандар арасындағы зорлық-зом­былықтың алдын алуға бағытталған «Балаларды бірге қорғаймыз» атты жол картасы Бас прокуратурамен бірлесе жүзеге асырылып келеді. Бүгінде мектептерде 8 362 психолог, 4 268 әлеуметтік педагог, 2 177 полиция инспекторы қызмет етеді.

Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде ана өлімінің деңгейі 2017 жылы 1,5 процентке, балалар өлімі 7 процентке төмендеді. Өңірлерде 60 үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен отбасын жоспарлау, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша 112 әлеуметтік жоба іске асырылды. Бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық профилактикалық бақылау жүргізіліп, 600-ден астам балалар денсаулығы бөлмелері ұйымдастырылды. Жастар ден­сау­лықты сақтау мәселелері бойынша консультациялық, заң және медициналық-психо­ло­гиялық көмек көрсетіледі.

Отырыс соңында Г.Әбді­қа­лы­қова мемлекеттік органдарға бір­қатар нақты тапсырмалар берді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»