• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

Экология мен адам өмірі айрықша бақылауда

403 рет
көрсетілді

Ғарыш саласының маман­дары 2002 жылдан бері қарай Байқоңырдағы бірнеше ғарыш­тық алаңдардан ұшқан 158 зымыран-тасығыштың Қазақ­станның үстінен өту барысын жіті бақылауда ұстап келеді. Ұшу барысында жанармай шамасына қарай жанып таусылған немесе шала жанып шашылған ауыр техниканың бірінші сатысы құлайтын 18 ауданға мамандар уақыт өткізбей аттанады, барлық мәліметті тіркейді. Бұл аумақта тұрып жатқан халықтың денсаулығына Байқоңырдағы әрбір ғарыштық ұшудың қанша­лықты әсер ететіндігі туралы деректер қажетінше жинақ­талған, құжаттар қатталған.

Еліміздің Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК бас директоры Жайлаубай Жұбатов Алма­тыда журналистер­мен кездесуі барысында осы тұр­ғы­дағы мәліметтерді ортаға салды. Белгілі маман қазақстандық ғарыш мекемесі­нің химиялық-сараптамалық зерт­хананың қыз­меті мен оның негізгі кеңсесінің қызметі туралы да айтып берді.

Кәсіпорынның міндеті – оқтай ұшқан зымыран тасы­ғыш­тың кенет апатты жағдайға душар болып құлаған сәтінде аумақтағы экологиялық зардабына мониторинг жасап, оның қоршаған ортаға, адамдарға қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екенін айғақтау. Бұл экологиялық және әлеуметтік-гигиеналық сараптамалардың барлығы аталмыш кәсіпорынның геоақпараттық базасында мұқият сақталады. Мұнда қазірдің өзінде 200 мыңға жуық ақпараттар жиынтығы бар.

Қазақстандық «Ғарыш-экология» республикалық мем­лекеттік кәсіпорнының ғылыми қолданбалы жобасының жүзеге асуы арқасында бірқатар әдісте­мелік бағдарламалар дүниеге келді. Зымыран отыны­ның ком­поненттерін зерттейтін, транс­формацияланған гептил мен Т-1 зымыран керосинінің гигие­на­лық өнім нормаларын тек­сере­тін, топырақты деток­ци­кация­лау­дың (залал­сыз­дандырудың) техно­логиялық регламентттерін қада­ғалайтын нақты жұмыстар атқарылады.

Мәскеу түбінде өтіп жатқан «Армия-2018» халықаралық әскери-техникалық форумы аясында Қазақстан мен Ресей тараптары Байқоңыр аумағында қазақстандық «Бәйтерек» зымыраны кешенін салу туралы кезекті келісімге қол қойды.

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ