Вячеслав Смирнов бейнелеу өнерімен көптен бері айналысып келеді. Осы аралықта бірнеше жеке көрмесін өткізіпті. Бұл жолғы көрмесін «Туған жерге арнаймын» деген атаумен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Жұртшылықтың назарына ұсынылған 50-ге жуық туындыда «ақ қайыңдар» өлкесінің тілмен жеткізе алмас сұлу табиғаты, жан жадыратар, өмірге ынтықтырар, адам бойында толқынысты сезімдер тудырар ғажайып келбеті, ішке бүккен тылсым сырлары әр қырынан бейнеленіп, атамекенге, қоршаған ортаға деген ерекше сүйіспеншілік, перзенттік махаббат анық аңғарылады. Жыл мезгілдеріне арналған «Ормандағы кеш», «Биші қайыңдар», «Есіл өзені жағасында», тағы басқа шығармалары авторға тән қолтаңбаны айшықтай түседі.
Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын Вячеслав Борисовичтің хоббилары көп. Балық аулаумен, аңшылықпен, спортпен айналысады. Десек те сурет салу өмірінің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткенін, ілкімді ісіне кіріскенде бар дүниені ұмытып, айрықша ләззат, рухани күш алатынын өзі де жасырмайды. Бір картинасы Қазақстан Президентінің резиденциясында, ал енді бірі Леонид Якубович жүргізетін «Таңғажайып алаң» телехабарының музейінде сақтаулы. ТМД мен Еуропа елдері де сұратып алған көрінеді. Астанада ұйымдастырылған шығармашылық кешінде бірнеше туындысы қолма-қол сатылып кетіпті. Осыдан-ақ арнайы оқу орнын тауыспаса да өнерсүйер қауым ортасында танымалдығын, бойға қонған талантының арқасында кәсіпқой суретші дәрежесіне көтерілгенін бағамдауға болады. Табиғат-ананың тамаша көріністерін қылқалам арқылы «сөйлете» білген оның қарым-қабілеті Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүргенде танылыпты. Әуесқойлық көңіл күй кейін келе қалыпты машыққа ауысып, содан бері сүйікті тақырыбынан бір елі ажыраған емес. Мұражай қызметкерлері оны орыстың атақты қылқалам шебері Иван Шишкинге ұқсатып, «Туған жердің жыршысы» дейді екен. Қазір оның қорында бір мыңнан астам картина бар.
В.Смирнов Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ретінде шығармашылық тәжірибесін өз жолын қуған шәкірттерімен бөлісіп, үйретуді жалғастырып келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы