• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шамшырағы

483 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназиядан  фоторепортаж беріліп отыр.

ТӘУЕЛСІЗДІК ШАМШЫРАҒЫ

Бұл гимназияның өз шәкірттеріне есігін айқара ашып, сапалы білім бере бастағанына 20 жыл толды. Яғни, 1991 жылғы 23 қаңтарда Атырау қала­лық кеңесі ағылшын тілін терең­де­тіп оқыта­тын техникалық мектеп ашу жөнінде шешім шығарған еді. Содан бері мұнда бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі тереңдетіле оқытылады. Яғни, өзге пәндерге қарағанда, ағылшын тілі пәнінің сағаты көп. Математика пәні де солай. Тәуелсіздік таңымен жас ұрпаққа білім нәрін сепкен білім ұясына алғашында Ғалымжан Сүйінбаев директорлыққа таңдалды. Қаладағы Калинин атындағы мектепте физика пәнінен дәріс берген ол жаңа тұрпаттағы білім ұясының іргесін қалаумен бірге ең тәжірибелі мұғалімдер шоғырын қалыптастырды. Білікті ұстаздығымен әрі іскер ұйымдастыру­шы­лы­ғы­мен танылған Ғалымжан Сүйінбаевтың тиісті орындарға айтқан ұсынысы негізінде облыс әкімі­нің 1996 жылғы 19 маусым­дағы шешімімен бұл білім ұясына техникалық гимназия мәрте­бесі берілді. Тәуелсіз елдің білім беру саласындағы шам­шы­ра­ғы саналатын гимназияны әр жылдары Роллана Есенғұлова, Софья Әлібаева, Айман Ес­мұханова сынды бала жанына бағбан бола білген ұстаздар басқарды. Бүгінгі директоры Софья Әлібаеваның айтуынша, гимназияда 98 ұстаз шәкірттер жүрегіне жол тауып, сапалы білім мен саналы тәрбие беруге машықтанған. Олардың арасында жоғары санатты иеленген 36, ал бірінші санатты 29 мұғалім бар. Төрт ұстаз ҚР білім беру ісінің үздігі, сондай-ақ екі мұғалім білім беру ісінің құр­метті қызметкері белгісін алған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Гүлсім Охина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­тал­ған. Сонымен бірге, гимназия ұстаздары арасында Ы. Алтын­сарин төсбелгісінің иегерлері де бар. – Біздегі негізгі басымдық ағылшын тілі мен математика пәндеріне беріледі. Мұның басты себебі – мұнайлы өңірді шет тілін жетік білетін кадрлармен қамтамасыз етудің бастапқы қадамдарына жол ашу, – дейді директор Софья Әлібаева. – Әри­не, гимназияда өзге пәндер де тиісті бағдарламаға сәйкес оқытылады. Шет тілін бастауыш сынып­тан оқыта бастаудың жемісін алдымен шәкірт­теріміз көріп жүр. Шәкірт демекші, гимназияның білікті ұстаз­дарынан тәлімді дәріс алған оқушылар қалалық, облыстық байқауларда қатарластарынан үнемі оқ бойы озып жүреді. Республикалық, халықара­лық байқаулардан да жүлдемен оралғандары көп. Өйт­кені, бұл гимназияның ұстамды ұстаздары жаңа технологияларды жетік меңгерген, әрі ізден­гіш, шетелде де білімін жетілдіреді. Озық ойлы шә­кірт­тері үздік оқиды. Ғылыми жоба­ларға көп­теп қатысады. Гимназия оқушылары ҰБТ қоры­тын­дысында да ұдайы жоғары ұпай алып, өзге мек­теп бітірушілерден алда келеді. Мәселен, гим­назияның 2004 жылғы түлектерінің орташа балы – 71 болса, 2009 жылы 102 балға, 2010 жылы 105 балға ие болды. Ал биылғы, яғни гимназияны 2011 жылы бітірген оқушылар ҰБТ-да 107,5 балл жинады. Гимназияны бітірушілер арасында жыл сайын «Алтын белгіге» ие болатындар көп. «Үздік аттестат» алушыларды айтпағанда, 2004 жылдан бері бұл гимназияны бітірген 43 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Тек 2011 жылғы түлектер арасы­нан 12 оқушы гимна­зия­ны «Алтын белгімен» бітірді. Бұл – өңірдегі мектеп арасындағы ең жоғары көрсет­кіш. Гимна­зия­ны үздік бітіргендер білім грант­та­рымен еліміздің таңдаулы жоғары оқу орын­дарын­да білім алуда. Сондай үздік шәкірттің бірі Ал­тынай Кенжина Назарбаев Университетінде оқи­­ды. Ха­лықаралық «Болашақ» бағдарлама­сы­ның гран­тын иеленген Әлия Ербөлекова Ұлыбри­та­ния­ның, ал Айнұр Ержанова Канаданың ең таң­даулы білім ордаларында оқып жүр. Гимназияны «Алтын белгімен» бітіріп, «Болашақтың» гранты­на ие бол­ған Динара Қаленова Ұлыбри­тания­дан магистр ата­нып келді. Қазір Аджип ҚКО компа­ния­сында ақ­па­раттық технологиялар бөлімінде жұмыс жасайды. – Біздің шәкірттерге терең білім, тәлімді тәрбие беруде ұстанатын басты қағидамыз – Қазақстанның отансүйгіш, көшбасшы жас­тарын тәрбиелеу. Себебі, тәуелсіз елімізді әлем­ге та­ны­та­тын да, өркендей беруіне үлес қо­са­тын да бәсе­кеге қабілетті, білімді жас­тары ғой. Ал біз тү­лек­теріміздің бүгінгі дәуір жас­тары­ның арасында озық білімімен, көшбасшылық қабілетімен танылуына ықпал етеміз – дейді Атыраудағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназия директоры С.Әлібаева. ________________________________________ Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.