Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі мемлекеттік қызмет саласына енген меритократия қағидаты, яғни, қабілетті маманды сатылап өсіру саясаты кеңестер кезінде де елеулі жүйе ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі. Сол заманда жоғары білім алып, еңбекке жаңа араласқан біздің буын үшін осындай өзінің кәсіби шеберлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, кісілік келбетімен ерекшеленіп, қатардағы маманнан бастап, қабырғалы басшыға дейін көтерілген алдыңғы буын ағаларымыздың қызмет жолына қызыға қарап, олардың өмірлік тәжірибелерінен өнеге алатын едік.
Осындай лауазымның ең төменгі тепкішегінен жоғары баспалдағына дейін өзінің адал еңбегімен, табиғи талантымен, адамгершілік қасиетімен көтерілген азаматтардың бірі Жамбыл облысында ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарып, бүгінде зейнетке шықса да ел-жұрттың ақылдасар ардагері атанған Оңласын Есіркеповті айтар едім.
Оңласын Қарабайұлы Ұлы Отан соғысының ең бір сұрапыл да күрделі кезеңі 1943 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Көктал ауылында дүниеге келген. Есіркеп атамыз бен Мейізгүл апамыз соғыс аяқталып, әлі де ел оңалып, ақжарылқап күн туар деген ілгері үмітпен нәрестенің атын Оңласын қойған екен. Соғыстан кейінгі елдің еңсе түзеуі де оңай болмағаны тарихтан белгілі. Сондай қиын-қыстау кезеңде Оңласын ағамыз балалығына қарамай үлкендермен бірге шаруашылықтың ауыр жұмысына жегілді. Бұғанасы бекімей тұрып арба айдап, тырма салды, шөп тасыды. Бірақ қай кезде де көп оқып, терең білім алып, өзі қалаған мамандығының биігіне көтерілсем деген арманынан ешқашан айнымады. Еңбекке деген ынтасы қандай болса, оқуға деген құштарлығы сондай ерекше еді. Алғаш ауылда бастауыш мектепті бастап, кейіннен Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков сияқты тұлғалар түлеп ұшқан облыс орталығындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінде тәлім алады. Одан әрі оқуға деген құштарлық студенттік жылдарға ұласып, 1970 жылы Жамбыл Жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында инженер-экономист мамандығына ие болып, 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіреді.
Енді әңгіме кейіпкерінің сатылап өсу жолына көз жүгіртсек. Оңласын Қарабайұлы 1961 жылы бастауыш мектепте мұғалім болып бастап, әскер қатарында қызмет етті. Институтты бітіргеннен кейін 1971 жылға дейін Жамбыл педагогикалық институтында комсомол комитетінің хатшысы, 1973 жылға дейін Жамбыл қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1977 жылға дейін Жамбыл қант зауыты партия бюросының хатшысы, Жамбыл қаласындағы Зауыт аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1990 жылға дейін Жамбыл қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1993-1996 жылдары Жамбыл облысы мүлік жөніндегі аумақтық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы-облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекені қорғау жөніндегі агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департамент директоры қызметін атқарды. Осылайша Оңласын Қарабайұлының қысқаша еңбек жолына жіті назар аударсақ ол кісі өзінің көп жылдарын партия-ұйымдастырушылық жұмысына арнағанын, яғни ұзақ жылдар бойы халықпен қоян-қолтық қызмет атқарғанын анық көреміз.
Көз көрген кісілер Оңласын ағаның әртүрлі деңгейдегі биліктің тізгініне ие болуына бастаған алғашқы қадамы Жамбыл технологиялық институтының экономика факультетінің студенті кезінде оқу орынының комсомол комитетінің хатшылығына сайлануынан басталғанын айтады. Ол кезде небәрі 22 жаста екен, Солтүстік әскери теңіз флотында азаматтық борышын өтеп қайтқан жас коммуниске жауапты міндет жүктеліп, 300 студентке бас болып, жаздай Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында малшыларға үй тұрғызып, қоралар салады. Жас азаматтың ұйымдастырушылық қабілеті, шешімталдық қасиеті жайында ақпарат құралдары арқылы аудан, облыс басшыларының назарына іліге бастайды.
Оқырманға түсінікті болу үшін Оңласын ағаның шешімталдығы мен талапшылдығы туралы мысал келтіре кетсек. Кеңес Одағы билігінің нағыз салтанат құрып тұрған 1981 жылы Жамбылдағы суперфосфат зауытында апат орын алып, қазандық жарылады. Адам шығыны болмағанымен, мемлекет бюджетіне едәуір нұқсан келтіреді. Сол кезде Зауыт аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын Оңласын Есіркепов шұғыл комиссия құрып, апаттың себебі мен салдарын анықтатады. Комиссия қорытындысы бойынша өз ісіне салғырт қараған қызметкерлерге қатаң сөгіс жариялатады. Оның ішінде, түкірігі жерге түспей жүрген зауыт директоры Г.Маймурды екі айлық жалақысынан айыру туралы шешім шығартады. Оңкеңнің мұндай шешіміне ертеңінде-ақ қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, обком бюросының мүшесі В.Банников қарсы шығып, КПСС ХХVI съезінің делегатын жазалауға кім сізге құқық берді. Шешіміңізді бүгін өзгертіңіз деген талап қояды. Өз шешімінің дұрыстығын білетін Оңласын аға алдағы аяқтан шалу әрекеттері болуы мүмкін екеніне қарамастан үзілді-кесілді бас тартады. «Кешіріңіз, шешімімді өзгертпеймін. Съездің делегаты болу зауыт директоры Маймур жолдасқа қауіпсіздік техникасын сақтауға жүрдім-бардым қарауға, адамдардың өміріне қауіп тудыруға, мемлекетті қыруар шығынға ұшыратуға құқық бермейді. Уәжіме келіспесеңіз, қолыңызда тұр ғой, мәселемді бюроға салыңыз», дейді ашығын айтып.
Тағы бір мысал. 2004 жылы наурыз айында облыс әкімдігінде энергетика және коммуналдық шаруашылықтың өзекті мәселелері талқыланған кеңес өтеді. Облыс басшысы орынбасарлары ұсынған нақты емес анықтамаға сілтеме жасап, кейінгі кездері табиғи монополияларды реттеу департаменті Тараз қаласында коммуналдық қызметтердің бағаларын көтеріп жібергені туралы ақпаратты жариялайды. Көпе-көрінеу қысастыққа шыдай алмаған О.Есіркепов орнынан атып тұрып ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады. Сондай-ақ өзінің наразылығын нақты фактілермен дәлелдеп береді. Табиғи газдың бір текше метрі Таразда 7 теңге 35 тиын болса, Алматыда 17 теңге 78 тиын, Шымкентте 11 теңге, ал ауызсудың бір текше метрі Таразда Шымкенттегіден 10 теңгеге, Қызылордадағыдан 5 теңге 32 тиынға арзан, олай болса тарифті көтерді деуге ешқандай негіз жоқ екенін, коммуналдық қызметтердің тарифтері басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін бұлтартпайтын құжаттармен айғақтап, алдағы уақытта да тарифтің көтерілмейтінін нығыздап айтады. Оңкеңнің осы пікірі арқылы да оның халықтың тұрмыстық ауыртпалығын жеңілдетуге септігін тигізуге бағытталған азаматтық ұстанымын көруге болады.
Оңласын Қарабайұлымен қызметтес болып, білікті ұйымдастырушы, ұстаз-ағадан мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйрену кезеңі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сарыбай Қалмырзаевтың Жамбыл облысына әкімі болып келген жылдармен тұспа-тұс келді. Облыс әкімі өзінің бірінші өкімімен Оңласын Қарабайұлын аппарат басшысы қызметіне тағайындаған еді. Оңласын аға сол жылдары қызметін барынша жоғары жауапкершілікпен атқарып, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін ерекше жаңа қырынан көрсетті деуге болады. Аталған жылдары мен әріптес бола жүріп оған көзімнің жан-жақты жеткенін де айтып өту парызым деп санаймын.
Облыстың 1998-2000 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары мен 1998 жылы облыста экономикалық реформаларды тереңдетудің іс-қимыл бағдарламасының жобасымен тарау-тарау бойынша күн сайын егжей-тегжейлі танысу, жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инвестиция тарту сияқты қыруар жұмыстар алда күтіп тұр. Міне, осындай орасан жұмыстарды Оңласын Қарабайұлы күн-түн демей, жоспарлап, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға алды.
Шағын және орта кәсіпкерлік 1998 жылы 14 мың адамды жұмыспен қамтып өнеркәсіп саласында 17 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Облыста 46 кәсіпорын, облыс орталығындағы үш химия зауыты қайта іске қосылды. Аманкелді газ-кен орнын пайдалану әкімнің бақылауында тұрды. 1997 жылмен салыстырғанда мал басы тұрақты деңгейде сақталып, ет пен сүт 6-18 пайызға көбейді. Қант қызылшасының, картоптың, көкөністің егіс көлемі ұлғайтылды. Астықтың жалпы түсімі көбейді. Сонымен облыс сол кезеңде республикамыздағы орын алған қиын-қыстау жағдайда азық-түлігі ең арзан өңірге айналды. Бұл жетістіктерге әлбетте, әкім жол көрсеткен шаруаның сапалы әрі уақтылы атқарылуын бақылауда ұстап отырған әкім аппаратының жетекшісі Оңласын Қарабайұлының да сіңірген еңбегі зор еді. Аппарат басшысы аудан, қала әкімдеріне, облыстық жетекші құрылымдардың басшылығына талантты кадрлар таңдаудағы үлесі де облыстың табысқа жетуіне ықпал еткен еді. О.Есіркепов бүгінде республикадағы жоғары лауазымдарда абыроймен қызмет атқарып жүрген бірқатар шәкірттерімен де мақтаныш тұтады.
Оңласын аға қоғамдық-саяси жұмыста да талантты ұйымдастырушы екенін көрсете білді. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің, партиялық бақылау комиссиясының төрағалары қызметтерін абыроймен атқарып, Елбасының Алғыс хатын алып, саяси билік партиясының «Белсенді қызметі үшін» белгісін кеудесіне тақты. Атап өтер жайт, зейнет демалысына шықса да ол талай жыл басқарған мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымының іс тәжірибесі кезінде ТМД елдері кәсіподақтары кеңестері одағының мүшелеріне таратылды. Халықаралық кәсіподақ федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталуы да осының айқын айғағы. Елбасының Жарлығымен Оңласын Қарабайұлы «Құрмет» орденін иеленді.
Қазіргі таңда Оңласын Қарабайұлы Елбасының рухани жаңғыру бағыты аясында ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңіруге мол үлес қосып келеді. Қазақ тарихындағы даңқты тұлғалар қойылған орындарға кесене тұрғызып, ескерткіш орнатуға күш-жігерін салуда, ата-баба аруағын сыйлаған перзент ретінде халықтың алғысын алып жүр. Ол кісі бүгінде Шымыр ата, Байзақ датқа қорларының төрағасы, Тараз қаласының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Отан отбасынан басталады, демекші Оңласын Қарабайұлы ел-жұрттың қамын ойлай жүріп, өзі көтерген шаңырақта бірлік пен ынтымақтың, ізгіліктің орнауына ерекше мән беріп келеді. Қазіргі уақытта құдай қосқан жары Бибісара апайымызбен бірге берекесі ұйыған әулеттің ырыс-бақытын асырып, өңірдің абыройлы ардагері, өнегелі үлкені ретінде жастарға үлгі көрсетіп келеді.
Марат ӘБДЕШҰЛЫ