ХХ ғасыр басында қазақты ел болдырудың қамына кіріскен алашшыл азаматтар қолдарынан келген істі атқарды. Яғни 1917 жылдың аяғында Орынборда өткен жалпықазақ сиезінен кейін Алашорда үкіметі негізі іс-қимыл атқару орталығы ретінде Семейді таңдаса, батыс алашордашылар 1918 жылдың ақпан айында Жымпиты уезінің орталығы Қаратөбеде кезекті жиын ашып, батыс өңірде атқарылуы тиіс істерді талқылады. Бұл жиын тарихқа «Қаратөбе сиезі» деген атпен қатталды.
Биыл өткеніне ғасыр толып отырған аталмыш жиын жайлы қалам тартып жүрген Орал қаласының тұрғыны, байырғы журналист, марқұм Қайыржан Хасанов ағамыз біздің өтінішіміз бойынша жазып, жолдаған хатында: «Бұл алаш тарихындағы ІІІ сиез. Бір жыл бұрын ұйымдастырылған Орынбор сиезінен оралған алаш белсенділері жиынды өткізуге орталықтан шалғай Қаратөбедегі мешіт үйін таңдап алған. Сөйтіп жиынға елге танымал, беделді, билігі жүріп тұрған атқамінерлер мен дін иелері, ел-жұртқа сыйлы ақсақалдар шақырылған. Қонақтарды күтіп алу, ас-сумен қамдау жайын Жымпиты уезіне қарасты Сабынкөл болысы Макар Төкешов атқарып шыққан» деп жазады.
Аталмыш сиез жайлы жазушы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Қаратөбеде болған сиезге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиналды. Бастықтары – екі Досмұқанбетұлы. Сиез мешітте. Мешіт лық толған. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті айналып алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдады» деген мәлімет бар.
Жоғарыдағы Қайыржан ағамыз жинақтаған дерекке қарағанда, жиын өткен мешітті 1905 жылы Шәріп деген татар салдырған көрінеді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін мешіт мұнарасы 1919 жылдары құлатылған. Ғимараттың үлкен бөлегі клуб, шағын бөлмелері кітапханаға айналған. Ал қасындағы медресе үйіне комсомол ячейкасы орналасады. Кейін 1942 жылдары мешіт үйі аудандық әскери комиссариатқа лайықталып, кішірейтіліпті. 1962 жылы жеке адамдарға тұрғын үй ретінде берілген. Қысқасы, бұл үйдің сұлбасы ХХІ ғасырға жеткен. Бір қуанарлығы бұл орын қазір «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша Батыс Қазақстан өңірі атынан жалпыұлттық тізімге еніпті.
2013 жылы қараша айында Қаратөбедегі жиын өткен орынға ескерткіш тақта орнатылыпты. Ескерткіш тас-тақтаның беті: «Ұлт теңдігін жалау етіп, қазақ халқының жарқын болашағы үшін тәуелсіз ел болу жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің рухына арналады» деген сөздермен бәдізделген.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»