Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Санкт-Петербург қаласындағы Таврия сарайында өткен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының он үшінші отырысына қатысып, онда ЕурАзЭҚ ПАА-ның төрағалығына сайланды.
Парламентарийлер алдында сөйлеген сөзінде Қайрат Мәми ықпалдасудың жаңа міндеттерін жүзеге асыру мақсатында оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесіне назар аудару қажеттігіне тоқталды. «Қазіргі уақытта Қазақстан, Беларусь, Ресей арасындағы Кеден одағы табысты жұмыс істеп тұр. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік, ал 2015 жылдан Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастайды», – деген Қ. Мәми осы ретте қай елдің де ұлттық заңнамаларын үйлестірудің және Еуразиялық одақтың құқықтық негізін қалыптастырудың маңыздылығын қаперге салды. Әрі қарай Төраға: «Біздің жұмысымыз бір-бірімізге деген сыйластық пен өзара түсіністік аясында, тең құқықтылық пен тепе-теңдік қағидатын сақтай отырып жүргізілуі тиіс», – деді.
Отырыста Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының судьялары тағайындалды. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастайтын жаңа сот органына Қазақстан тарапынан Мұсабек Әлімбеков пен Жолымбет Бәйішев баратын болды.
Сенат төрағасы ЕурАзЭҚ ПАА отырысына келген осы сапарында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеялары Кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротовпен кездесті. Оның барысында Қ.Мәми Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасына депутаттар сайлауына мониторинг жүргізудегі ТМД ПАА байқаушылар миссиясының жемісті жұмысын атап өтіп, енді осы миссияның алдағы жылдың қаңтар айында біздің елімізде болатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында байқаушылық қызметке белсенді қатысатынына сенім білдірді. «Ассамблеяның тәжірибесі және Достастық елдеріндегі осындай шараларға Хатшылықтың қатысуы Парламент Мәжілісі сайлауына ұйымдасқан түрдегі мониторинг жүргізуге жәрдемдесетін болады», – деген Төраға Қазақстандағы алдағы сайлау ашық, еркін және әділетті болатынына сенімді екенін білдірді.
Кездесу барысында Михаил Кротов ТМД ПАА Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенконың қолдауымен Ассамблея кеңесінің мерейтойлық отырысын біздің елімізде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. «Ассамблеяның құрылған жерін ескере отырып, форумды Қазақстанда өткізудің ерекше мәні бар», – деді Бас хатшы М Кротов. Сонымен, ТМД-лық парламентарийлер мерейтойлық отырысқа катысу үшін алдағы 2012 жылдың наурыз айында елімізге келетін болады.
Еліміздің заң шығару органының жоғарғы палатасының Төрағасы Қайрат Мәми сұхбат кезінде Достастыққа мүше мемлекеттердің қатынастарын одан әрі нығайту мәселелерінде парламентаралық байланыстардың рөліне ерекше мән бере сөйледі. Және де Төраға осы ретте тағы бір мәселеге назар аударды. Ол – ТМД елдеріндегі парламентшілердің халықаралық бірлестіктер аясында өзара белсенді іс-қимыл танытулары қажеттігі. «Біз парламенттік ұйымдардағы комиссия құрамдарының мүмкіндігін толық дәрежеде пайдалануға тиіспіз», – деп атап өтті осы орайда Төраға.
«Таврия» сарайында сондай-ақ ЕурАзЭҚ ПАА-ның Тұрақты комиссияларының бірлескен отырыстары болды. Олардың күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылды. Онда құқықтық, кедендік үйлестіру мен шекаралық саясат, сауда және халықаралық ықпалдастық, агроөнеркәсіптік саясат, табиғатты пайдалану, экология сынды қадау-қадау, қай елдің де дамуына әсер ететін, ақылдаса отырып, кеңесетін, ойларды ортаға салатын мәслихаттар өтті.
Ал мұндағы айтылған ойлар мен жалпы сапар барысынан жазылған материалды алдағы нөмірлердің бірінен оқитын боласыздар.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен.