Тәуелсіздігімізді ұлықтап, жасампаз еліміздің татулығын сақтау барлығымыздан күш-жігерімізді аянбай жұмсауды талап ететіндігі ақиқат.
Тәуелсіздіктің 20 жылы Қазақстан, қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани жаңару кезеңі болды. Тарихтың еншісіне айналып үлгерген жиырма жылда Қазақстан саяси белсенділігімен әлемдік қауымдастықта алдыңғы қатарлы дамыған елдермен терезесі тең мемлекетке айналды. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, беделді мемлекеттер мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Астана Саммитінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІІІ съезінің өтуі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі, аймақтық, оның ішінде ТМД аясында экономикалық бірлестіктер мен интеграциялық үрдістерді дамыту – осының айғағы.
Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Бірақ оны сақтау, қорғау және дамыту одан да қиын. Сондықтан Тәуелсіздіктің нәтижесінде қол жеткізген құндылықтарды уысымыздан шығармай, еңбектегі табыстарымызбен, қоғамдық өмірдегі белсенді позициямызбен еселей түсуіміз керек. Осындай игі мақсаттар мен ұлағаттарды жадымыздан шығармай дамытуда Жаңаөзендегі орын алған келеңсіз жағдайда жастардың азғырушыларға ілесуі, жазықсыз адамдардың өмірінің қиылуы, ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың қирауы қатты қынжылтып, наразылығымызды тудырды. Енді жағдайды тез арада толық қалпына келтіруге жұмыла кірісіп, халқымызға тән сабырлылық, байсалдылық және парасаттылық танытайық. Сонда кез келген мәселені шешуге болады.
Мен Елбасы Н.Назарбаевтың Маңғыстау облысына, Жаңаөзен қаласына сапарындағы айтқан сөздерінен осыны ұқтым. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген. Елбасының салиқалы саясатын қолдап, мәселеге айналған әрбір түйінді ақыл-парасатпен шеше білсек, Жаңаөзендегі ашу-ыза мен сабырсыздықтың салдарынан орын алған қантөгіс пен ғимараттарды өртеу, қарапайым адамдардың дүниесін тонау, бүлдіру деген сорақылықтар болмас еді.
Ағайын, «ашу дұшпан, ақыл дос», Тәуелсіздік жылдарындағы тарихымызды зерделеп, ой елегінен өткізіп, еліміздің әлемдік аренадағы бүгінгі жетістіктеріне құрметпен қарайық. Бейбіт халқымыздың тыныштығы мен сәбилердің сыңғырлаған күлкісі әрбір қазақстандық үшін қымбат. Сондықтан, Елбасының сарабдал саясатын қолдау, еліміздің қарыштап дамуына үлесімізді қосу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Еңсе тіктетер елдіктің үлгісі де осындайда көрінеді емес пе?!.
Асқар ӘБДУӘЛІ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Жамбыл облысы.