Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына байланысты құттықтау хаттары мен жеделхаттар легі толассыз келуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Авторлардың арасында ұлттық компаниялардың, кәсіпорындар мен мекемелердің, әртүрлі оқу орындарының еңбек ұжымдары, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, мәдениет пен ғылым қайраткерлері, кәсіпкерлер, ардагерлер, еліміздің жұртшылық өкілдері мен жекелеген қазақстандықтар бар.
Еліміздің Президенті мен Қазақстан халқын әлемнің барлық елдерінен мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, әлемге белгілі саясаткерлер, ғалымдар, бизнесмендер, таяу және алыс шет елдердің қарапайым азаматтары құттықтады.
Құттықтау хаттарында Қазақстанның 20 жыл аралығындағы тәуелсіз дамуында қол жеткізген зор жетістіктері айтылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы және табысты дамытудағы, өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты, сондай-ақ жаhандық қауіпсіздікті нығайтудағы тарихи рөлі атап көрсетілген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз атына келіп түскен құттықтаулармен танысып, мемлекет және халықаралық ұйымдардың барлық басшыларына, Қазақстанның шетелдегі достарына және барша қазақстандықтарға олардың жоғары бағасы, жүрекжарды құттықтаулары мен Қазақстан халқына амандық тілеген игі тілектері үшін шексіз ризашылығын білдіреді.