Ол қылқаламын сүйкеген тұста бір адамның мәселесі бүкіл адамзаттың басына түскен қиыншылыққа айналып шыға келеді. Бір ауылдың түйткілі жалпы қоғамның бас ауыртар мәселесі ме дерсіз. «Жалқыдан жалпыға» – фотосуретші Сырлыбек Бекботаевтің өмірлік ұстанымы.
Көшпенділер философиясы, дала өркениеті, кеңістік пен уақыт түсінігін жаңаша түрлендіріп жүрген Сырлыбектің картиналары эмоциялық қабылдаудан гөрі интеллектуалды ойлануға жетелейді. Мәселен, өткен мен бүгіннің тоғысындағы әйел ғұмырын арқау еткен «Дала әуені» (2011) атты фото сериясында да идеялық маңыз алдыңғы орынға шығарылған. Ондағы әуенге құлақ салсаңыз, күйбең тірліктің тасасындағы әйел өмірінің алыстан талып жеткен үні бірте-бірте үдей түскенін байқар едіңіз. Әйел ала таңнан қара кешке дейін бел жазбастан жұмыс істей жүріп бесігін төбесіне көтереді. Қым-қуыт тірлікте ешкімге ренжіген емес, ештеңеден түңілген емес. Әуелден солай болуы керек көрінген. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегенге әбден мойынсұнған және бұл әуен үзілместен жалғаса бермек.
«Бұл дала – менің туып-өскен жерім. Мұнда балабақша, кинотеатр сияқты мәдени орындар атымен жоқ. Айналаңнан көретінің жапан дала, құла түз. Ал бұл фотосуреттегі әйелдер болмысының өзіндік себебі бар. Мен ес білгелі анамның қолы бос отырғанын көрген емеспін. Сиыр сауудан ататын таңы қора-қопсының, үй шаруасының өмірі бітпейтін жұмыстарымен жалғаса беретін. Менің шешем ғана емес, барлық шалғайдағы әйелдердің өмірі осылай бір-біріне ұқсас. Түгесілмейтін шаруаның бітпейтін әуені менің жаныма батады», дейді фотосуретшінің өзі.
Ол кез келген фотосуретті түсірмес бұрын алдымен жобаның жекелеген көріністерінен бастап, тұтас құрылымының эскизін сызып алады. Эксперименталдық-символикалық мәнердегі мұндай туындыларының бірі ретінде Қазақстанның түрлі өңірлерінде түсірілген 7 бөлімнен тұратын «Үлкен мәлімет» (2013) атты жұмысын айтуға болады. Мұнда да бас тақырып – ауыл тіршілігі.
Жалпы, Сырлыбектің шеберханасы дәуір атмосферасының формалық-мазмұндық ізденістерімен дараланады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін графика мамандығы бойынша аяқтаған ол кейінгі жылдары инсталляция, фото-видео инсталляциясы, перфоманс жанрында шеберлігін шыңдап келеді. Форма қалыптастыруға ерекше мән беретін суретшінің қай шығармасында болсын жан тебіренісі мен жанашырлықтан туған терең күйзелісі, бәрімізге етене таныс өмір шындығы жатыр.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»