«Қоғамдағы тарихи құбылыстар мен қоғам дамуының беткеұстары болып жүрген ірі тұлғалар жайлы өз сөзімізді айтуға тиіспіз және ол – адамгершілік парызымыз», – десек, бұл ұлағатты сөздің мән-мағынасын өмірден өтсе де, артында өшпес із қалдырған парасатты да пайымды дарабоз тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманұлының даңқты есімімен, ізгілікті істерімен тығыз байланыстырып, сабақтастыра айтсақ болады.
Ұзақбай Қараманұлы – қарапайым құрылысшыдан жоғары лауазымды үкімет басшысына, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьер-министріне дейін өз еңбегімен өскен қайраткер тұлға. Мына ерекшелікті қараңыз: Ұзақбай аға Кеңес заманында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің соңғы төрағасы болса, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, жаңа премьер-министр лауазымын енгізгенде осы қызметке тағайындалған тұңғыш қайраткер ретінде де тарихта қалды.
Ақылы мен парасаты, біліктілігі мен білімділігі, іскерлігі мен ізеттілігі, сабырлылығы мен сырбаздығы Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің жанында тұңғыш үкімет басшысы болуға лайық еді.
Оның бар болмысынан бекзаттықты, ой-өрісінен тектілікті таныған болсақ, ағамыздың түп-тегіндегі Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа батырлардың лебі сезілгендей еді.
Адам артында із қалдыру үшін дүниеге келеді десек, ағамыздың ғұмырнамасы өзгелерге үлгі боларлықтай өнегелі де ізгілікті, тағылымы мол ғибратты істерге толы. Қандай жауапты, лауазымды қызмет атқарса да, асқақтамады, азаматтық қалпын сақтады, елім деп еңбектеніп, туған халқына, туған жеріне тек жақсылық тіледі.
Республика үкіметінің басында тұрған кезінде еліміздің мерей-мәртебесін, абырой-беделін асыруға, ел экономикасының барлық саласының өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірді.
Әсіресе Ұзақбай Қараманұлы Арал теңізінің проблемасы ғаламшардың орасан зор экологиялық апаты ретінде аса өткір сипат алған кезеңде ерлікке бергісіз істер тындырды.
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасын жасаған үкіметтің жұмыс тобын басқарды. Сонымен бірге Семей полигоны бойынша жасалған жұмыс тобын да басқарып, сол кездегі Жоғарғы Кеңес сессиясында үкіметтің атынан баяндама жасап, депутаттардың алдында аталған заңдарды қорғап, алып шыққан да – осы Ұзақбай ағамыз.
Сондай-ақ Арал өңірінен «Экологиялық қасірет аймағы» мәртебесін алып тастау, экологиялық жеңілдіктерді жою күн тәртібінен түспей, қайта-қайта көтерілген кезде осы мәселенің біржолата нүктесін қоюға да орасан зор үлес қосты.
Бүгінде Сыр бойының тұрғындары пайдасын көре бастаған «Ғасыр жобасы» атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың Солтүстік бөлігін сақтап қалу» (САРАТС) жобасында да Ұзақбай ағаның өзіндік өшпес ізі, қолтаңбасы бар.
Бастауында Елбасы тұрған, сметалық құны 240 млн АҚШ доллары тұратын бұл жобамен 1993 жылдан бастап айналысты. Алғаш рет Қызылорда қаласында ел Президентінің бастамасымен «Аралды құтқару – ғаламдық проблема» деген атпен халықаралық конференция өткізілді. Аралды сақтау қоры құрылды. Оны алғашқы жылдары Елбасы басқарды. Осы кезеңдерде Ұзақбай аға Президенттің қасында жұмыс істеді.
1995 жылы Қазақстан мемлекетінің атынан Ұзақбай Қараманұлы Парижге барып, Дүниежүзілік банк басшыларымен бірге 18 «донор» елдің, яғни басқа елдерге көмек беру мүмкіндігі бар дамыған елдердің өкілдерімен кездесті. 2003 жылы 240 млн доллардың 63 миллионын бөлуге қол жеткізді. Қазір де бұл қаржыға «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінде ауқымды жұмыстар атқарылып, аяқталды. Енді екінші кезеңін жалғастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар Ұзақбай аға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына екі мәрте қатарынан сайланып, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына, экологиялық жағдайын жақсартуға байланысты өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне ұдайы көмектесіп, қамқор болды. Өзінің туып-өскен жерінің тіршілігімен тыныстап, кіндік қаны тамған топырағынан байланысын үзген жоқ. Сол себепті де Ұзекеңнің ізгілікті іздері Сыр елінде сайрап жатыр деуге толық негіз бар.
«Тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дейді дана халқымыз. Бүкіл ғұмырын тәуелсіз елі мен халқының өсіп-өркендеуіне арнаған, көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарған Ұзақбай Қараманұлының халқы алдындағы өлшеусіз еңбегі ел есінен еш шықпақ емес. Барған сайын асқақтай, күн өткен сайын биіктей түспек.
Ол бекзат болмыстың, сарқылмас сабыр мен таусылмас төзімнің иесі, парасаттылық пен азаматтықтың өнегесі, алдыңғы буындағы аға ұрпақтың құрметіне бөленген, кейінге ұрпаққа үлгі болған біртуар тұлға еді.
Туған жері Ұзақбай Қарамановтай біртуар перзентін қашанда мақтанышпен еске алып отыратын болады.
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі