Астанадағы «Сары-Арқа» кинотеатрында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Талан» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.
Елорданың кезекті бір кешін нағыз кино атмосферасына бөлеген айтулы шараға фильм режиссері Болат Қалымбетов, туынды авторы Жүсіпбек Қорғасбек, басты рөлдегі актерлер – Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет және Дулат Исабеков, Исрайыл Сапарбай бастаған әдебиет пен өнер әлемінің көрнекті тұлғалары қатысты.
«Талан» – Болат Қалымбетовтің «Сардардан» кейінгі 13 жылдық үзілістен соң жарыққа шыққан жаңа туындысы. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша түсірілген режиссердің көрерменін ұзақ күттірген бұл фильмінде жиырмасыншы ғасырдың 30-40-шы жылдардағы ел тарихында орын алған оқиғалар қарапайым адамдардың өмірі арқылы баяндалады.
– Кезінде Болат екеуміз фильмнің атауын ұзақ ойландық. Содан тағдырдың бір терең тамырын іздедік те, таланды тауып, жаңа туындыны осылай атадық. Жалпы, бұл – Болаттың киносы ғой. Бірақ мен бүгінгі туынды туралы «Аяғанға арналған кино» деген мақала жазғым келеді. Кітаптан шығармамды көріп, фильмнің алғашқы жобасын ойлаған Аяған Шәжімбай деген досым болатын. Менің повесім бойынша түсірілген өздеріңіз жақсы білетін «Жансебіл» фильмінің режиссері. «Қасқыр-адам» Аяғанның өнерге айналдырсам деген екінші көркем киносы болатын. Бірақ үлгермеді. Енді, міне арада көп жыл өткеннен кейін Болат соны жаңаша тірілтті. Өзінің қолтаңбасы көрініп тұр. Мүлдем басқа, жаңа кино жасады. Қазір «код» деген сөз сәнге айналып кетті ғой. Мен сол кодты шығармашылық адам ретінде режиссер жұмысынан көрдім. Көрерменін тарих тереңіне бойлатып, ойлантатын адам, адамның тағдыры жайлы жақсы бір фильм өмірге келді ғой деп ойлаймын, – деді туынды авторы, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек көрсетілімнен кейінгі әсерімен бөлісіп.
«Талан» фильмінің әлемдік тұсаукесері Иранның Тегеран қаласында ұйымдастырылған 36-шы халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» конкурстық бағдарламасы шеңберінде өткен болатын. Сонымен қатар аталған туынды жақында ғана Астанада өткен XIV халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің «Еуразия» жүрегінен» бағдарламасында көрсетілді.
– «Талан» сөзі – тағдыр дегенді білдіреді. Сондықтан да бұл фильмде мен сол замандағы адамның бейнесін және ел басына төнген нәубет арқылы халықтың тағдырын көрсеткім келді, – дейді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.
Естеріңізге сала кетейік, адам тағдыры сөз болатын «Талан» көркем фильмі 2018 жылдың 20 қыркүйегінен бастап жалпыхалықтық прокатқа шықты.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»