Астанада Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттіктің ұйымдастыруымен тұңғыш рет оқу ісіне арналған халықаралық форум өтті. «Болашаққа бет бұру: жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етудегі үрдістер, проблемалар мен болашағы» тақырыбымен екі күнге жалғасқан Еуразиялық форумда әлемдегі білім сапасын аккредиттеу агенттіктерінің озық үлгілері көрсетіліп, шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру жүйесі таныстырылды. Сондай-ақ жиынға келген халықаралық және ұлттық сарапшылар еліміздегі ЖОО-ға қатысты негізгі проблемаларды талқылады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» дей келіп, жоғары оқу орындары оқу бағдарламаларын жаңартып, білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналуы керектігін айтқан болатын. ТМД елдерінің ішінде тәуелсіз аккредиттеуді тұңғыш рет елімізге енгізген Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігі 2008 жылдан бастап Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингін жариялап келеді. Үздіктер қатарынан көріну үшін жоғары оқу орындарының білім бағдарламасы әлемдік стандартқа сәйкес келуі шарт. Бүгінде елімізде жаңа жүйеге көшіп, шетелдің білім ошақтарымен иық тірестіретін ЖОО аз емес. Аталған агенттік 10 жыл ішінде 1833 білім беру бағдарламасын аккредиттеуден өткізген. Сынақтан сүрінбей өткен бағдарламалардың 1047-сі бакалавриат, 558-і магистратура, 136-сы докторантура, ал 30-ы резидентура бойынша болған.
«Әлемнің озық аккредиттеу агенттіктерінен аккредиттеуден өткен біздің бағдарламаларымызды Еуропа деңгейінде танылды деп айтуға болады. Осындай жағдайда біздің жоғары оқу орындарының жастарға сапалы білім беру жауапкершілігі одан әрі арта түсетіні сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әр уақытта біздің түлектеріміз әлемнің кез келген жерінде жұмыс істей алатындай білім алуы керек деген ойларын жоғары оқу орындарының алдына міндет ретінде қойып жүр. Елбасы талаптарына жету үшін бізге осындай озық үлгідегі тәжірибе ерекше қажет. Дуйсбург-Эссен университетінің ішкі сапаны басқару жүйесінің тәжірибесін, Нидерланды және Фландрия аккредиттеу агенттігінің сапаны бағалаудағы методологиясын осы жерде көріп жатырмыз. Екінші жағынан, бұл бағытта оқу орнының ішінде білім сапасын бағалау мен арттыруға көп көңіл бөлетіндігімізді айтқымыз келеді. Оның ішінде бақылау және сабақ берудің сапасын жоғары деңгейге жеткізу үшін сапа менеджменті жүйесін енгізіп отырмыз», деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев.
Қазақстан 2010 жылы Болон үрдісіне тұңғыш рет қол қойған болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аккредитация – Болон үрдісінің бір құралы. «Еліміздің Болон үрдісіне қосылуы ЖОО мен студенттерге мол мүмкіндіктер берді. Сондықтан білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз аккредиттеу өте қажетті құрал. Аккредиттеу жұмысына жыл сайын халықаралық эксперттерді шақырып, Еуропадағы дамыған тәжірибені Қазақстанның білім кеңістігіне енгізуге тырысып отырмыз. Соның бірі – студентке орталықтандырылған оқыту. Бұл елімізге кеңінен енгізілген жоқ. Кеңес педагогикасында тұлғаға бағытталған оқыту деген ұғым болған, ол әлі де бар. Ал жоғарыдағы жаңа жүйе студентті жай объект емес, белсенді субъект ретінде қарастырады. Яғни студент оқу жоспарын жасауға тікелей ықпал ете алады. Оларға пән мен мұғалімді таңдау еркіндігі де беріледі», деді БСҚА жобалар бойынша жетекшісі, профессор Ғайнелғазы Әділғазинов.
Форумда Еуропалық жоғары білім берудің сапасын қамтамасыздандыру ассоциациясы (ENQA) өкілдері, Еуропа, Ресей, Орталық Азия мен Кавказ және БСҚА – IQAA ұлттық сарапшылары, Білім және ғылым министрлігінің мамандары «ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі», «университеттерді басқару», «студенттерге орталықтандырылған оқытуды бағалау» және «түлектерді жұмыспен қамту», сондай-ақ «университеттер мен инновациялар» сияқты тақырыптарды тереңнен талқылады. Назарбаев Университет толықтай жүзеге асырып келе жатқан «автономды университет» бағдарламасын таныстырған Аида Сағынтаева ұстаздар тек дәрісханада сабақ берумен және ғылыми жұмыстармен айналысып қоймай, басқару ісіне белсенді қатысу арқылы оқу орнының дамуына өз үлесін қосуы керек деген ойын ортаға салды.
«Білім беріп жатқан да, ғылыми зерттеумен айналысатын да – профессорлар. Бірақ олардың үні басшылыққа қалай жетуі керек? Олардың Университетті басқаруға мүмкіндіктері бар ма? Назарбаев Университет пен Пенсильвания университеті бірігіп, 10 жыл бойы үлкен ғылыми зерттеу өткіздік. Ол – Қазақстанда автономды университетті басқару. Бұл жүйе бойынша университетте қабылданатын қандайда бір шешім профессорлардың қатысуымен қабылданады. Басқару, бюджет жоспарлау, сатып алулар және кәсіптік талаптарды бекіту сияқты кез келген мәселе профессорлармен кеңесу арқылы шешіледі. Яғни, басшылық барлық басқаруды профессорлармен ақылдасу арқылы жүргізеді. Өйткені сапалы білім беру үшін не керек екенін тек қана аудиторияда тұрған профессор біледі. Осы арқылы ұстаздардың рөлін басқаша қарастырып, оларды университеттің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береміз», деді Назарбаев Университет жоғары білім беру мектебінің деканы А.Сағынтаева.
Жиында еліміздегі жоғары оқу орындары мен білім бағдарламалары жайлы мәлімет «Еуропаның жоғары оқуды бағалау органының» базасында жарияланатыны да сөз болды. Осы арқылы шетелдік студенттер біздегі білім беру мекемелеріндегі ақпарат, деректермен таныса алады.
Басқосудың соңғы күнінде 2018 жылы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингісінің нәтижелері бойынша сертификаттар табыстау салтанатты рәсімі өтті. Сертификаттар «Үздік көп салалы ЖОО», «Үздік техникалық ЖОО», «Үздік гуманитарлық-экономикалық ЖОО», «Үздік медициналық ЖОО», «Үздік өнер ЖОО», «Үздік педагогикалық ЖОО» сияқты бағыттар бойынша берілді. Айта кетейік, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының биылғы ұлттық рейтингі осыған дейін газетімізде (№111, 15 маусым 2018 жылы) жарияланған болатын.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»