Сәуір айында Мемлекет басшысы қатысқан алқалы басқосуда еліміздің рухани жаңғыру шарасына орай үлкен жиын өткені белгілі. Осы басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген маңызды жобаның нақты нәтижесі таныстырылған-ды.
«Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сай білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Бүгін сол алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз», деді Елбасы. «Жүз жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі маңызы зор екендігі даусыз. Осы отырысқа біз де қатысқан едік. Сонда атап көрсетілгеніндей, студенттердің тарих, саясаттану, социология, философия, психология, мәдениеттану, филология салалары бойынша толыққанды білім алуына барынша мүмкіндік жасалуы айтылған. Осы тұрғыда таяу жылдары әлемнің түрлі елдерінен барлық саладағы гуманитарлық білім беру жүйесіне қатысты жүз оқулықты қазақ тіліне сапалы аударып, жастарымыз әлемдік озық үлгіде білім алып шығуына жағдай жасау міндеті қойылды.
Содан бері бірнеше ай өтті. Жұртшылық, ғалымдар мен әр саланың мамандары, студенттер де алғашқы тұсаукесері өткен 18 кітаптың мазмұнымен жете танысып, қалың оқырман қауым бағалы еңбектердің маңыздылығына өз пікірлерін білдіре бастады. Бұл шараның әсіресе әлеуметтік, гуманитарлық сала үшін маңызды екені белгілі. Енді соның бірқатар ерекшелігіне тоқталсақ, құнды дүниелер Америка, Ұлыбритания, Франция, Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Демек, біз қазірден бастап студенттерімізге осы оқулықтармен білім беруіміз керек.
Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, біз осы бағдарлама бойынша жүздеген мың студенттерімізді жаңа сапалық деңгейде оқытып, білікті маман дайындай аламыз. Бұл ең алдымен білім саласындағы жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын білікті кадрлар дайындап шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл азаматтар ашықтық, прагматизм секілді сананы жаңғыртатын бәсекеге қабілетті үрдістерді қалыптастырады.
Президенттің атап көрсеткеніндей, бұл жоба қоғамдық сананың жаңғыруына тың мүмкіндіктер ашып, адам дамуы мен жаңа өркениетке қадам басуына бағыт береді. Бұл біздің қоғам үшін маңызды, соның нәтижесінде интеллектуалдық жетілу арқылы рухани өркендеу басталады.
Болашақта жастардың саяси белсенді, мәдениетті, төзімді, діни сауатты, өз құқықтары мен бостандықтарын білетін, қоғамды сыйлап, Отанын құрметтейтін нағыз азаматқа айналғанын баршамыз қалаймыз. Сондықтан да Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде жаңаша гуманитарлық білім беруге ерекше мән беруінің сыры тереңде жатыр. Біз ендігі жерде орыс тіліндегі шетелдік әдебиеттерді пайдалануды азайтуымыз керек. Ол қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын тежейді, бұдан былай орыс тіліне деген тәуелділіктен арылуымыз, керісінше өрісімізді кеңейтуіміз керек. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан ала білуіміз қажет. Жүз жаңа оқулық, міне осыған кеңінен жол ашады. Шынайы рухани жаңғыру сол кезде жүзеге асады. Енді міне, сол еңбектердің алғашқы түпнұсқалары қазақ тілінде жарық көрді. Бұл – баға жетпес рухани байлық. Біз осы тұрғыда ең алдымен мәдениет тұтынушыларды емес, елімізде білімді, мәдениетті, жан-жақты, дарынды, сан қырлы жастарды қалыптастыруымыз керек. Қоғамда тек пайдакүнем, сатып алушы мен тұтынушы емес, талантты, жоғары білімді, мәдениетті азаматтар құрмет пен мадаққа кенелуі тиіс. Біздің қоғам өркендеп даму үшін үздіксіз білімге ұмтылып, тәртіпке бағынып, мәдениетке бас ұрғанда ғана үздік нәтижелерге қол жеткіземіз.
Бүгінде әлем дамуы озық технологияларды пайдалану арқылы өріс алатыны айқын. Жастарымыз бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс. Ал бізде әлі де қазақ тілді ғылыми білім жүйесінде кемшін тұстар баршылық. Әлі күнге дейін оқу материалдарының тапшылығы білім сапасына тікелей әсер етіп отыр. Ендігі жерде осы кітаптардың қазақ тіліне аударылуы көп кедергіні жояды. Демек, ағылшын тілін білмейтін қазақ тілді жастарға әлемдік ғылымның көкжиегі ашылып, ой-өрісті кеңейтер жоғарғы жетістіктердің мүмкіндігі туып отыр. Қазір көпшілігімізге осы 18 кітаптың әрқайсымен жете танысудың мүмкіндігі туды. Бұл арада айта кетер жайт, кез келген оқулықты аударғанда өз тілімізге қарай икемдеуге болады. Әртүрлі терминдерді, өзге ұлттың өз мүддесіне сәйкес ұғымдарды өз ыңғайымызға қарай бейімдеу арқылы мемлекеттік тілдің байлығын арттыра түсеміз.
Құнды кітаптар негізінен ағылшын тілінен, Батыстың әйгілі ғалымдарының еңбегінен аударылған. Дегенмен, алдағы уақытта 100 оқулық тізіміне Шығыс тілдерінен де сүбелі еңбектерді қоссақ жөн болар еді. Олар бізге тілі, ділі, дәстүрі, географиялық орналасуы жағынан жақын. Қазірдің өзінде байқалып отырғандай, ғылымның, өндірістің дамуы, өркениеттің биік деңгейге көтерілуі Жапония, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдер тарапынан байқалады. Келешекте тың жетістіктер, жаңа ұмтылыс, жедел қарқынмен даму үрдісі осы елдерде ерекше көрініс табады. Міне, біз соған бағыт ұстауымыз керек. Алайда біздің өз ұстанымдары, өз жолымыз бар, өз менталитетіміз бар екенін де ескергеніміз жөн. Соған лайықты жолды таңдауымыз тиіс. Болашақта осы тұрғыда жазылған сараптама еңбектерді түпнұсқадан аударып, қазақ тіліндегі оқулықтарды ұсынуға тиіспіз.
Жалпы бұл еңбектер құнды, сүбелі дүниелер. Әсіресе жастарға аса қажет, сананы жаңғыртып, білім көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісті дамыта түсері даусыз. Яғни, сараптамалық дүниетанымның қалыптасуына, тың тұжырымдар мен жаңа идеялардың туындауына, заманауи білім, ғылымға даңғыл жол ашады.
Сондай-ақ қазақ тіліне тек оқулықтар ғана аударылып қоймауы тиіс, сонымен қатар ғылыми монографиялар, адам дамуына қатысты әлемдік озық ойдың үлгілері де ұсынылуы тиіс. Осының бәрі түптеп келгенде, қазақ тіліндегі «ақпараттық капиталдың» молыға түсуіне, біздің қоғамның өркениетке нық қадам басуына мүмкіндік береді.
Осы еңбектер болашақта қазақ тілінде латын әліпбиімен таңбаланып, көпшілікке ұсынылады. Демек, туыстас түркі тілдес ағайындардың бұл кітаптарды еркін оқуына мүмкіндік тудырады. Түркі халықтары мәдени орталығының басшы мамандары қазақ тілі – барлық түркі халықтарына түсінікті тіл екенін, латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпбиіміз болатынын айтқан еді. Сол кезде барлық түркі тілдес ағайындар біздің толып жатқан көне мұраларымызды, тіпті өткен ғасырдағы қыруар еңбектерді түпнұсқадан оқи алады. Кітаптар көп кешікпей латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, тілдеріміз ұқсас туыстас ағайындармен қатар, шетелде тұратын жастарымыз да бұл құнды кітаптарды еркін оқи алатын болады.
Кітаптың қазіргі таралымына көз жүгіртсек, жаңа оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде ұсынылуда. Ал электронды онлайн нұсқасында, сондай-ақ лекторлардың дәрістеріне лайықталған бейне лекциялары, яғни, видеотекасы арқылы қолжетімді. Жаһандық бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Осы арада бір ескеретін жайт, алдағы уақытта тағы қандай еңбектерді қазақшаға аудару қажет деген ой төңірегінде әлі де ақылдасып, ғылыми кеңес мүшелері нақты тоқтамға келулері тиіс. Қазақ тілінде жарық көруі тиіс шетелдік оқу кітаптарының ғылыми құндылығы мен маңыздылығы, өмірде қажеттілігі басты назарда болғаны абзал.
Болашақта жастардың саяси белсенді, өркениетке бетбұрған, мәдениеті жоғары, білікті де білімді зиялы азаматтар ретінде өз құқықтары мен бостандықтарын бағалайтын, патриот ретінде елін, жерін сүйе білетін, соның қадіріне жететін, құрмет тұтатын тұлға болулары тиіс. Міне осының бәрі түптеп келгенде Қазақ елінің лайықты азаматтары болып қалыптасуына жол ашады.
Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор