• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2018

Жанкешті еңбекпен жаңарған ауыл

499 рет
көрсетілді

Елбасының «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы ел көкейіндегі көп ойларды дөп басқан құжат болды.

Өз еңбегіне сүйеніп, қолға алған ісін алға бастырғанша асығатын азаматтарды көргенде көңіліңді бір ризашылық сезім баурап алатыны бар. Ел ішінде еңбекке ынталы жан көп әрі олар бастаған ісіне береке бітіріп отыр. Сол берекенің бастауы, әлбетте жұрт жайын ойлаған мемлекеттік бағдарламалар, Ел­басының жалпақ жұрттың қамын қаузаған, қуатты арттырып, ұмтылысты үдететін Жолдауы. 

– Жолдаудың әр сөзіне, ой түйініне түбегейлі көңіл аударған адам көп нәрсеге қанығар еді. Онда тайға таңба басқандай етіп былай жазылған: «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады»,–дейді Красный Яр ауылдық округінің әкімі Нұрлан Айсин,–осы орайда қазір мүмкіндіктің өте зор екендігін екпін түсіріп айта кетуге тиіспіз. 2010 жылдан бастау алған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы ел еңсесін көтеріп тастады. Оған мысалды алыстан іздеудің еш қажеті жоқ. Біздің Красный Яр ауылында бағдарлама бойынша несие алып, өз жұмысын дөңгелетіп отырғандар аз емес. 

Осы орайда ел тыныс­ын сезінбекке бекіндік. Әкім айт­қан несиенің несібесін көр­ген­дермен жолыққымыз келді. 

Қиқулаған қаз дауысынан құлақ тұнады екен. Бір өңкей етжеңді, ақ қаздар. Дәл қазір ет жинай қоймаса да, алғашқы қардан кейін суық сорған соң қарбыта жем жеп, торланады. Құс еті қашанда таңсық ас санатында. Кәсіпкер де сол жайды жақсы білетін тәрізді. 

Әуел баста жұмыспен қамту орталығынан 4 миллион теңге несие алып, құс шаруашылығын ашқан. Қазір 500 бас аналық қазды сатып алыпты. Кәсібін бас­тау үшін әрине жер керек. Ауыл іргесінде туырылып бос жатқан жер жетерлік. Таяқ тастам жерде Шағалалы өзені ағып жатыр. Бұл ауылда шабындық жер жоқтың қасы. Көкшетау қаласының дәл іргесінде қоныстанғандықтан жайылым жердің де өрісі тар. Осының бәрін ақыл таразысына салып екшей келе, Жанбота Ахметов құс бағуды қолайлы көрген. 

Өзінің айтуына қарағанда, кәсіпкерлікпен 1990-жылдардың орта шенінен айналысып келеді. Әуелі сауда-саттықпен несібе айырған. Бірақ оның өткінші екендігін іші сезсе керек. Өзгені­кін емес, өзіңдікін сатқан ләзім. 

– Бала-шағаны асырау керек болды,–дейді Жанбота Базар­бекұлы. – Ол кездегі сауданың жайы белгілі ғой, қат тауарды бір жерден аласың, екінші жерге сатасың. Кейде қолың жүреді, кейде тоқырап тұрып қаласың. Жаман болған жоқ, басымызға баспана алдық, дүкен де аштық. Құсқа әуестігім бала кезден бар еді. Ел ішінде отырған соң көріп, бағып өстік қой. Осыдан бірер жыл бұрын жұмыртқа басатын инкубатор сатып алғанмын. Қажет­ті жұмыртқаны Солтүстік Қазақ­­стан облысының құс фабри­­ка­ларынан сатып алып жүрдік. Мендегі инкубаторға 1200 жұмыртқа сыяды. Кейде жұмыртқа сапасыз болса, бала­панның шығуы азайып, шығынға ұшырайтын да кез болады. Енді, міне, өзімнің 500 аналық қазым бар. Ешкімнен жұмыртқа сатып алмаймын. Артылғанын сатамын. Шыққан балапанды мәпелеп бағып, аман-есен өсірсең, пайдасы көл-көсір. Мәселен, орта есеппен бір қаз 4-4,5 кило ет береді. Көкшетаудың базарларында жүні жұлынған, үйітілген дайын қаздың әр килосы 1300-1500 теңгеге бағаланады. Ал бағуы соншалықты қиын емес. 

Қазға су мен шалғын болса жетіп жатыр. Әрине жем де керек. Арпа, сұлы, астық қал­ды­ғын сатып аламыз. Қазір екі адамға жұмыс беріп отырмын. Жалақыларын уақтылы төлеймін. Биылғы Жолдауда ең төменгі жал­ақының жаңа мөлшері бү­кіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады делінген. Шынында да, егер жұмысшы өз еңбегіне сай жалақы алмаса, міндетін мінсіз, бар жанын салып атқара ма. Демек, ойға алған шаруаның жүзеге асуына дем беретін тетік еңбектің зейнеті. Әрине алдымен жұмысты ұйымдастыра білген жақсы. Жұмыс болған соң жағдайымыз көп-көрім жақсарып қалды, жалғыз біздің ғана емес, тұтас ауылдың. Биылғы Елба­сы­ның Жолдауына байланысты бір ауыз еңбек адамы ретінде пікір білдіре кетсем артықтығы болмас. Мысалы, Елбасы айтып отырған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы деген ұғымның мазмұны өте терең. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңде нәпақаны сауда-саттықтан таптық та, еңбек адамының бар қадірін жоғалтып алдық. Мен оны өзімнің өмірім­нен білемін. Жоғарыда айтқан­дай, сауда-саттықпен айналыстық та, еңбектен қол үзіп қалдық. Ал адал еңбек бәрінен қадірлі. 

Айтса айтқандай, ауыл ажары бұрынғыдан біржола өзге­ріп, тәп-тәуір көрікке ие бо­лып­­­ты. Көшелері абаттанып, жұ­­­мырт­қадай жұтынған, облыс ор­талығынан таяқ тастам жер­де ірге тепкен Красный Яр ауылы­­ның кейпі көрген жанның көзін қуантады екен. Соңғы 2-3 жыл­дың бедерінде бір-бірімен жарыса бой көтерген жаңа ғима­раттар шағын ауылдың шырайын келтіріп-ақ тұр. Барлық көшелер жарықтандырылған. Ұқыпты қолдың табы айқын аңға­ры­лады. Ауыл көшелерінің өне бойында күл-қоқыс жәшіктері қойылған. Автобус аялдамалары соң­ғы үлгіде салыныпты. Бір айта кетерлігі, тұрмысы түзелген ауыл­дың демографиялық ахуалы да жақсара түсіпті. Бүгінде осы ауылда 14 мыңға жуық адам тұрып жатыр. 

– Күні бүгінге дейін «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, – дейді ауылдық округтің әкімі Нұрлан Айсин. – Мемлекет пен жекеменшік бірлесіп 32 пәтерлік үш үй салынып, пайдалануға берілді. Аумақтарды дамыту бағ­дар­ламасы бойынша жол жөн­деу жұмыстары қарқын алуда. Күні бүгінге дейін 11500 шар­шы метр аумаққа жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл мақсатқа бө­лін­ген 24 миллион теңге то­лық игерілді. Әлі де қамти алмай жат­қан жерлер бар. Ондай көше­лерге қиыршық тас төсеп, ағым­дағы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл мақсатқа 15,7 миллион теңге бөлінген болатын. Осы қаржының арқасында жалпы аумағы 22200 шаршы метр жер жөнделді. Енді міне халықтың әл-ауқатын арттыру барысында Ел­б­асының биылғы Жолдауында қо­йылған міндеттер биігінен шығу үшін еселі жұмыс істейтін боламыз. 

Ел ішінде өз кәсібін дөңге­летіп, өзіне де, өзгеге де шарапа­тын тигізуге ұмтылатын ынталы жандар мол екен. Сол жері көңілге демеу. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 10 кәсіпкер 133 миллион 500 мың теңге көлемінде несие алып, өз жұмыстарын бастап отыр. Со­лардың бірі – жеке кәсіпкер Бек­жан Қырқаев. Ол өсімтал, сүтті ешкі бағуға ниеттеніп отыр. 

– Бурабай баурайын­дағы, Көкшетаудағы туберкулезден емдеу мекемелерімен келісімшарт жасап қойдық, – дейді Бекжан Ахметбекұлы. – Қазір ешкі сүтінің емдік қасиетін ел жақсы біледі. Астана маңындағы асыл тұ­қым­ды шаруашылықтан ешкі алуға келістік. Бизнес-жоспа­ры­мыз мақұлданды. Енді мем­лекет­тік бағдарлама бойынша несие аламыз. Әзірге өз қаржымызға мал қорасын салып жатырмыз. Сүт құятын цех та осы жерде. Ресей­ден 175 мың теңгеге сауын аппаратын сатып алдық.  

Кәсіпкердің айтуына қараған­да, ауылда шөп шабатын жер аз. Оның үстіне жайылым мәсе­лесі де толғандырып отыр.  

Шынтуайтында, ауылда кә­сіп көзі баршылық. Тек соны иге­ре­мін дейтін ниет болса бол­ға­ны. Елбасының жаңа Жолдауы ел ішін­дегі ырысты арттырып, ын­ты­мақты нығайтуға орасан зор ық­пал ететіндігі белгілі. Мақсат – ай­қын, міндет – асқаралы. Сол үде­ден табылу – баршаның борышы. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы