Сұрасаң руымды –Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды.
(«Қыз Жібек» жырынан)
Қалың қазақ елі «Қыз Жібек» жырын жырлап келе жатқанына бес жүз жылдан астам уақыт өтті. Жырдың басты кейіпкерлері: Базарбай, Төлеген, Қыз Жібек, Сансызбай – бәрі-бәрі тарихта болған адамдар. Уақиға желісі де Жағалбайлы елінде, Жайық бойында өткен. Жырда (фильмінде де) Төлегенді Бекежан опасыздықпен өлтіргеннен кейін, сүйгенінен айырылған Қыз Жібек қайғыдан құса болып, суға кетіп өледі. Шындығында олай емес. Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Кескентерек те, Қыз Жібек суға кетпейді. Төлегеннің інісі Сансызбай талай жауды жеңіп, жеңгесін еліне алып қайтады да, одан екі ұл дүниеге келеді. Сансызбайдың тұңғышы тарихта Төс батыр деген атпен белгілі. Оны біз Қожаберген жыраудың «Елім-ай» поэмасынан жақсы білеміз. Онда мынандай жолдар бар:
Жағалбайлы Төс батыр,
Өз халқына ес батыр,
Жиырма алтыда жасы бар,
Қалмақтарға өш батыр,
Сансызбайдың өзіндей,
Көрсеткен жауға сес батыр.
Бұдан қазақ қолының қолбасшылығына лайықты Төлеген ұлы Төс батырдың нағыз бейнесін көреміз.
Енді осы «Қыз Жібек» жырының бастауына бір көз жүгіртсек. Жоғарыда атап өткендей, жыр уақиғалары шындыққа ұласады. Алғашқы кезде бұл уақиғалар ауыздан-ауызға жалғасып, қара сөз күйінде айтылып жүрген аңыз болған екен. Мына жыр жолдары арқылы сол аңызды өлеңге айналдырған Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы болғанына көзіміз жетеді. Бір сәт ақынды тыңдап көрелік.
Жылқы жылы садақ салып шықтық елден,
Шалқардың бойындағы елге келгем.
Елдері Кіші жүздің:
Шекті, Табын,
Нияз бен екеумізді құрметтеген.
Жасынан жақсы атадан үлгі көрген,
Көтібар, Арыстандай батыр, мерген.
«Ер Сегіз, жыр шығарсаң есіңе ал» деп,
Қызықты бір уақиға айтып берген.
Бұл өзі уақиға екен мол деректі,
Жырлауға осындайды болдым епті.
Есітіп Төлеген мен Жібек жайлы,
Қисса етіп баяндауға көңілім кетті.
Жайық бойындағы қалың Жағалбайлының ішінде бұл жырдың толып жатқан нұсқалары бар. Соған қарағанда, «Қыз Жібек» жырының авторы жалғыз Сегіз сері болмаса керек. Ол жағын зерттеуші-ғалымдар әр қырынан келіп зерттеп, елге түсіндіре жатар. Бізге керегі – Базарбай бабамыздың, Төлеген мен Қыз Жібек, Сансызбайға қатысты уақиға болған жер мен олардың ұрпақтары хақында.
«Қыз Жібек» жырындағы ақын жырлаған жер-су аттары ертеректе шалдардан естіген көптеген жайларды есіме түсіргендей болды. Ақсақалдар айтатын: «Базарбайдың елі Жайық бойында, жаз жайлауы Хан тауы мен Хан жайлауы. Атадан қалған әңгімеге сенсек, Базарбай ұрпақтарының бізге жеткен ең соңғысының есімі – Жанқасқа, шамасы Ор жақта болса керек. Бабаларың жайлы бірдеңе білгілерің келсе Жанқасқаны, Хан тауы мен Хан жайлауын іздеулерің керек», дейтін олар. Сегіз сері ақын солардың барлығын тізіп беріп отыр. Ақын бір сөзінде «Бір табы Бескүректің Қарабатыр, Тігеді Хан жайлауда ақшаң шатыр», – десе, жырдың екінші бір жерінде:
Болғаны уақиғаның рас екен,
Арқауы әңгіменің біраз екен,
Өткенді кейінгіге жырлап беру,
Ақынға біз сияқты мирас екен.
Өтініп айтқаннан соң ер Арыстан,
Сөз қалмас біз сияқты
жолбарыстан.
Сұрады жырлауымды
Жанқасқа да,
Қалсын деп, ұрпақтарға
сізден дастан»,
– дейді (Сегіз сері Баһрамұлы. Таңдамалы шығармалары, бірінші том. 67-бет).
* * *
Бала кезімізде үлкендер айтатын «Ақ Жайықтың бас жағында, Шеген бабамыз бастаған Жағалбайлы туын тіккен Хан тауы деген жер бар. Ол жер Төлегеннің әкесі Базарбайдың мекені. Төлеген Қыз Жібекті іздеуге сол жерден аттанған». Ендігі мақсатым сол Хан тауы мен Хан жайлауын табу, көру болды. Базарбай, Төлеген, Жібек, Сансызбайлар суын ішіп, саф ауасын жұтқан бұл жерлер қандай екен деген арман мені Ақ Жайықтың басына (Башқұртстан жері) талай алып келді. Бірақ Хан тауы мен Хан жайлауын ешкім білмейді екен. Ескі атауларды ел ұмытқан сияқты. Өз арманымды ауылдың азаматтарына да талай айттым. Ақыры 2010 жылдың шілдесінде бір топ азамат бас қосып, Хан тауы қайдасың деп, Верхнеуральск (бұрынғы Талқала, Ресейдің Челябі облысы) қаласын бетке алып жолға шықтық. Ондағы ойымыз, Талқала мешітінің сол кездегі бас имамы – Едрес Сүйінбаевтың көмегімен Хан тауы мен Хан жайлауын тағы бір рет іздестіру.
Талқалаға жеткенде бір үлкен кісі қайтыс болып, соның асының үстінен түстік. Маңайдан көп ел жиналған екен. Ас аяқталғаннан кейін мен сөз алып, өзімізді таныстырдым. Келген мақсаттарымызды, Хан тауы мен Хан жайлауын іздеп жүргенімізді айттым. Ел үндемейді, біразы ондай жерді білмейміз дейді. Енді не қылдық, деп отырғанда, бір шағын бойлы, шамасы елулерден асқан, бидай өңді бір кісі, ұмытпасам есімі Орынбай болуы керек, «мен Хан жайлауы деген жерді білемін. Оның бергі жағындағы төбе – Хан төбесі деп аталады. Ол төбені қариялар «қасиетті» деуші еді. Өйткені ол төбенің ең басында Жағалбайлының небір бабалары жерленген. Бала кезімде сол төбенің маңында талай қой бақтым. Баяғыда осы маң бір шаруашылықтың жері болғанда Хан төбесінің маңына қыстап та жүрдік. Шаруашылықтар жерді бөліп алғаннан бері қарай талай жыл болды, ол жерге бармаймыз. Хан төбесі мен Хан жайлауы тіпті алыс та емес. Ескі Екатерина жолымен жүрсеңіз, бар болғаны он шақты шақырым ғана. Тау жолымен жүре алатын көліктерің болса, жол көрсетейін...».
Іздегеніміз таяқтастам жерде жатқанын біліп, біз де қуанып қалдық. Верхнеуральск мешітінің бас имамы Едрес Сүйінбаев бастап жолға шықтық. Қала сыртына шығып, шағын бір сайдан өткеннен кейін ескі Екатерина жолына түстік.
Жарты сағаттан кейін жолбасшы жігіттер, бізді қуантқылары келгендей: «Келдік. Ана көрініп тұрған Хан төбесі, батыс жағымызда, төменде Ақжайық өзені», деп жатыр. Машинаның сол жүрісімен төбенің басына да жеттік. Түсіп қарасақ, Хан төбесі батыс жағынан жортып шығатын шағын ғана төбе екен де, солтүстігі мен шығысынан қарағанда, тік түсе алмайтын, кәдімгідей биік тау. Ал сол таудың етегінен басталып, солтүстігі мен шығыс жағында созылып жатқан көлемді жазық – Хан жайлауы отыз-қырық шақырымға дейін алақандағыдай көрінеді. Бабаларымыздан қалған мұраны өз көзімізбен көргендіктен, бірімізді-біріміз құшақтап, қуанысып жатырмыз. Мен таудың солтүстік жағынан сүріне-жығыла етегіне түсіп, таудың биігіне көз тастағанда түсінгенім, ескі тау халықтарының салты бойынша қорымдар оның етегіне, орта шеніне және басына орналасқан екен. Соған қарағанда, жағалбайлылар бұрын таулы өлкеде тұрғанға ұқсайды. Ал бұл жерге жүздеген жылдар бұрын келген олар, қанша уақыт өтсе де өздерінің бұрынғы салт-саналарын ұмытпаған сияқты. Таудың басына шыққанда көргенім, Хан тауының ұшар басына да үш-төрт адам жерленіпті. Ертедегі тәртіп бойынша, қара халық таудың етегіне, ортаңғы билеушілер мен батырлар таудың орта кезеңіне, ал ұлы адамдары таудың ұшар басына жерленеді. Сонда таудың ұшар басына жерленген кімдер екен? Әрине, біздің бабаларымыз!
Осылайша жетірудың туы тігілген Хан тауы мен Хан жайлауын, Сегіз сері ақынның таудың етегінде шалғында отырып, «Қыз Жібек» жырын қағазға түсірген жерін көріп, оны фотосуретке түсіріп, бабаларымызға тағзым етіп, Қостанайға оралдық.
Базарбай бай билік құрған, Төлеген мен Сансызбайдың туып-өскен, ержеткен, Жібек анамыздың келін болып түскен, Сегіз сері ақынның елдің сұрауымен бүкіл қазақтың мақтанышына айналған «Қыз Жібек» жырының алғашқы жолдарын қағаз бетіне түсірген жері, бұл – Хан тауы.
* * *
«Қыз Жібек» жырының авторы атақты Сегіз сері Бескүректердің бастапқы шежіресін былайша тарқатады. Жағалбайлы-Ілез-Бескүрек-Қарабатыр-Айбат мырза-Базарбай-Төлеген болып келеді. Біз Төлегеннен Төс батыр деп қостық. Ал Жанқасқа қайдан шықты? Ол Шекті-Жағалбайлының ұлыларымен бірге, Сегіз серіге ұсыныс жасап «Қыз Жібек» дастанын неге жаздырып жүр?
Сегіз сері:
Өтініп айтқаннан соң ер Арыстан,
Сөз қалмас біз сияқты жолбарыстан,
Сұрады жырлауымды
Жанқасқа да,
Қалсын деп, ұрпақтарға сізден дастан...
(сонда. 67-бет.).
Қалың Жағалбайлының ішінен ақынға жырды жазуға өтініш жасап жүргені, Жанқасқаның Базарбай мен Төлегенге, Сансызбайға, Төс батырға бір жақындығы болғаны болар. Жақын ғана емес, тіпті солардың, яғни қазақтың белгілі батыры Төс батырдың ұрпағы да болуы мүмкін. Менің Баянғали бауырым – Баянғали Құлтаев, ауылдағы – Ойсылқарадағы, Ақтөбе маңындағы ақсақалдардың айтуларына қарап, есептей келіп, Жанқасқа бабамыз Төс батырдың төртінші ұрпағы, деп түйіндепті. Несі бар, болса болар... Ол, ол ма. Баянғали бауырым Божыр қорасының әңгімесін айтып, сол қораның маңы Төс батырдың да, Жанқасқаның да, Арынғазының атасы Беркінбайдың да ауылдарының көштері тоқтаған, қонған жері екенін жыр етіп айтып берді. Егер олар бір ауылдың, бір атаның ұлдары болмаса, бәрі неге бір жерге жиналады, ғасырдан-ғасырға бір жерде тұрады, деп дәлел де айтады. Шынында да келісетін-ақ дәлел.
Арынғазы демекші, Көтібар батыр кесенесінен басталып, Арынғазының қатысуымен бабалар басына салынған кесене, ескерткіштер саны бүгінде жиырмадан асыпты. Олардың басы Әйтеке бидің кесенесі болса, соңғысы өткен жылы ғана тұрғызылған Дербісәлі Беркінбаевтың Хромтау қаласындағы ескерткіші. Арынғазының аты белгілі спортшы, ел басқару жөніндегі үлгілі істері, белгілі кәсіпкер екені де бір басынан асып артылады. Иә, бұлардың барлығы айтуға оңай болғанымен, жеке адамдардың қолдарынан келе бермейтін елдік мәні бар қыруар іс. Бұл бұл ма, Арынғазы 1993 жылы Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын, одан кейін Германияның басқару академиясын тәмамдап, елге оралғаннан кейін қызмет еткен мекемелері де керемет. Арынғазы басқарған құрылыс мекемесі Астанадағы елшілер қалашығының құрылысын басынан бастап, салғаны да белгілі. Ол Хорватия елінің Қазақстандағы құрметті консулы қызметін де қатар атқарады. Ең соңғысы, тіпті кешегі тамыз айында Каспий жағалауы елдері президенттерінің бас қосуларына орай Ақтау қаласын адам танымастай абаттандырып жүрген де Арынғазы басқарған мекеме құрылысшылары.
Бір реті келгенде мен Арынғазыға осы айтылған тарихты толығымен түсіндіріп, сенің ата тегің сонау Базарбай, Төлеген, Сансызбай, Жібек анамыздан тарайды. Сен солардың ұрпағысың, сен ғана емес, Ойсылқара жерінен тарайтын барлық бескүректер Жібек анамыз бен Сансызбай, оның ұлы Төс батырдың тікелей ұрпақтарысыңдар, сендердің ата-бабаларыңның ту тіккен жері Жайық жағасындағы Хан тауы мен Хан жайлауы, дегенімде, ол біраз ойланып отырып, «аға, уақыт тауып мені сол жаққа бастап барыңызшы», деп өтініш жасап еді. Сол жолы берген уәдемді орындап, арасында Арынғазы Қалжанұлы Беркінбаев бар шағын топты басқарып, Ресейдің Челябі облысындағы Верхнеурал қаласына кезекті рет сапарлап қайттық.
* * *
Қыз Жібек келін боп түскен жер туралы, Төлегеннің інісі Сансызбай мен Жібек анамыздан тарайтын Төс батыр ұрпақтары жайлы әңгімеміз осындай. Сансызбайдың екі ұлы болған. Екіншісінің аты Тасбалта батыр. Бүгінде Қазақстанның бір бұрышында Тасбалтаның да ұрпақтары жүрген болар. Көздері ашық, көкіректері ояу азаматтар болса, редакция арқылы бізбен хабарласуларына болады.
Қуанышбай ОРМАНОВ,
Қостанай облысы