Астанада 19-20 қазан күндері «Инвестиция – жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық» атты халықаралық конференция өтеді. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде айтылды.
Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жыл – «Жастар жылы» деп бекітілгені белгілі. Соның негізінде 19-20 қазан күндері жастар мәселесіне арналған халықаралық жастар форумы өтеді.
Елімізде алғаш рет өткелі жатқан бұл форумды Парламент Мәжілісі, Қоғамдық даму министрлігі мен Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық ассоциация ұйымдастырады. Форум аясында жастардың мүдделері мен құқықтарына арналған өзекті мәселелер талқыланбақ.
Жиында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азиялық ассоциацияның төрағасы, Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Ясуо Фукуда, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі Азия парламентшілері форумының (ХҚДАПФ) төрағасы Кизо Такеми, Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және БҰҰ өкілі Ян Мак Фарлейн жастар мәселесіне байланысты ой бөлісетін болады. Сондай-ақ әлемнің 37 елінен келген саяси сарапшылар, 200-ден аса мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасады.
Жастар мәселесін алға тартқан Халықаралық форум 4 панельді сессия бойынша өтеді. Оның біріншісінде жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту мен оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Ал екінші кезекте азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелері сөз етіледі. Жастардың экономикалық және әлеуметтік мәселелерге толық қатысуы тұрғысында форумның үшінші сессиясында айтылады. Төртінші сессия жаһандану жағдайындағы жастардың мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлері сөз болады. Жастар мәселесін талқылауға арналған бұл сессиялар Жапония, Қырғызстан, Филиппин, Таиланд, Малайзия, Шри-Ланка және Индонезия мемлекеттерінен келген сарапшылардың қатысуымен өтеді. Жастарға арналған тиісті заңнама негізінде жастардың әр түрлі саладағы кедергі келтіретін мәселелерін анықтау арқылы тиімді шаралар әзірленеді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Мәкеннің айтуынша, Халықаралық жастар форумы аясында арнайы декларация қабылданатын болады. «Форум аясында Астана декларациясы қабылданады. Форум халықаралық деңгейде өтетін болғандықтан, қабылданғалы отырған декларация тек Қазақстан жастарының ғана емес, халықаралық деңгейдегі әр мемлекеттегі жастарға деген қолдау болады деп есептейміз. Бұл декларация жастардың жан-жақты дамуына үлес қосуы керек», деді Б.Мәкен.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»