Аргентинада жалауы желбіреген Жасөспірімдер Олимпиадасы өз мәресіне таяп қалды. Он бірінші жарыс күні қазақстандық спортшылар үшін сәтті өтті. Олар ел қоржынына 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде салды.
Велоспорт жарысы бойынша ерлер арасында командалық сынға қатысқан Глеб Брусенский мен Евгений Федоров қарсыластарынан оқ бойы алға озып, Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Сондай-ақ боксшы Айбек Оралбай (91 кило) финалдық сайыста алжирлік Мұхаммед Әмин Хасидті айқын басымдықпен жеңіп, Олимпиаданың алтын жүлдесін иеленді. Осы Олимпиадада көк байрағымызды ұстап шыққан Дамир Тойбай (+91 кило) финалда ресейлік Алексей Дроновтен жеңіліп, күміспен шектелді. Ал қыздар арасындағы бәсекеде Надежда Рябец қола жүлдегер атанды.
Он бір күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша жалпыкомандалық есепте 8 медальмен (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) 14-орында келеді. Алғашқы орында 56 медаль (28, 16, 16) жиынтығын топтаған Ресей құрамасы тұр.