Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жобалық басқару аясында осыған дейін атқарылған жұмыстар жөніндегі кезекті селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысы бойынша тоғыз айдағы алдын ала есептер және 2018 жылдың соңына дейінгі жоспарлар талқыланды. Облыс әкімдері М.Мырзалин, Б.Сапарбаев, А.Мырзахметов, Б.Бақауов, Қ.Ақсақалов селекторлық режімде жобалық басқару бағыттары тұрғысынан бастамалар бойынша іс-шараларды орындау және индикаторларға қол жеткізу, сондай-ақ жобалар портфелін іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндама жасады. Базалық индустрияландыру, көлік және логистиканы, АӨК, ОЭК, туризм, сауда, денсаулық сақтау, білім беру, жаппай кәсіпкерлік секторларын дамыту, экономика салаларын цифрландыру және АКТ, инвестициялар тарту және өнімді жұмыспен қамту бағыттары бойынша жасалған талдау ұсынылды. Кеңес барысында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр және Ұлттық экономика вице-министрі М.Жүнісбекова, Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бейсенғалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова, Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Қожағапанов түсініктеме беріп өтті.