Елімізде аймақтарды айтпағанда, Астананың өзінде гематолог мамандар жетіспейді. Ресми деректерге қарағанда, республика бойынша 83 ересектер гематологы бар болғанымен, олардың аймақтарға бөлінісі біркелкі емес.
Гематология – қан және қан түзілу жүйесін, құрылысы мен қызметін зерттейтін, түрлі қан ауруларын анықтап, емдейтін медицинаның бір саласы. Мамандардың айтуынша, қан ауруларының түрі көбейген. Әсіресе, соңғы кезде жүкті әйелдерде фолат циклының, қанның ұю сапасының бұзылуы (антифосфолипид синдромы), апластикалық анемия сияқты аурулар жиілеп кеткен. Мұндай қан талдауын жасауға ешбір емхананың мүмкіндігі жетпейтінін алға тартқан дәрігерлер науқастарды жеке клиникалар мен лабораторияларға ақылы өтуге жіберетінін жасырмайды.
«Қазақстандық гематолог дәрігерлер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ирина Пивоварованың айтуынша, елімізде гематолог мамандар тапшы. Бұған қоса қан ауруларының диагностикасы, әсіресе генетикалық талдау жасау жеткілікті деңгейде емес. «Қазақстандағы гематологияның ең үлкен проблемасы – білікті мамандардың жетіспеуі. Әсіресе бұл өңірлерде анық байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде республика бойынша 83 ересектер гематологы бар. Жастар гематология сияқты қиын мамандықты көп таңдай бермейді. Гематологтарды дайындау резидентурадан басталады. Ол үлкен еңбекті, ұзақ оқуды қажет етеді. Оның үстіне мотивация жетіспейді. Соңғы жылдардағы денсаулық сақтау саласы мамандарына деген халықтың теріс пікірі, жалақының аздығы жастардың бұл салаға баруына тұсау болып отыр. Екіншіден, қолжетімді диагностиканың болмауы. Әсіресе амбулаториялық деңгейде. Үшінші мәселе – аймақтарға ресурстардың бірдей бөлінбеуі. Бұл проблемалардың барлығын бәсекелестікті арттыру арқылы ғана шешуге болатын шығар», дейді Ирина Пивоварова.
Жүкті әйел 150-ден астам анализ түрін тапсыруы тиіс«Аяғы ауыр әйел 150-ден астам анализ түрін тапсыруы тиіс. Бірақ оған әр әйелдің жүктілік кезіндегі жағдайына байланысты ғана жіберіледі. Яғни, осы 150 түрлі қан талдауының барлығынан өту міндетті дегендік емес.
Мысалы, көп кездесетін қан ауруы – тромбофилияның тұқым қуалайтын түрі. Мұндай науқасты қан талдауына жіберуден бұрын дәрігерлер жүкті әйелдің ауру тарихын жақсылап тексергені дұрыс. Адамның өмірі тікелей қанмен байланысты екені анық. Мәселен, Қазақстанда онкогематологиялық ауруларға шалдыққандардың тең жартысы бес жыл ғана өмір сүре алады. Өкінішке қарай көптеген қан ауруы түрлерінің алдын алуға мүмкіндік жоқ. Өйткені ол кенеттен пайда болады немесе тұқым қуалау жолымен келеді. Сондықтан өз бетімен емделуді доғарып, дәрігердің нұсқаулығымен тиісті анализдерді уақтылы тапсырып отырған жөн. Бұл аурулардың емі амбулаториялық және стационарлық түрде де жүргізіле береді», деген еліміздің бас гематологы И.Пивоварова жүктілік кезінде дәрігердің сөзсіз бақылауында болу керектігін ескертеді.
Астана қаласы №1 перинаталдық орталық директорының амбулаториялық қызмет бойынша орынбасары, акушер-гинеколог Жанерке Ажетова қазір жүкті әйелдерде қан ауруларының түрі көбейгендіктен гематологтарға жиі жіберілетінін, тіпті кей жағдайда жүктілікті сақтап қалу үшін олармен тоғыз ай бойы бірге жұмыла жұмыс істейтінін айтады. «Бойға бала біткеннен бастап қан айналымында өте үлкен өзгерістер болады. Ең алдымен қан қоюланады. Кей кезде компенсаторлы гиперкоагуляция патологиялық кезеңге өтіп кетеді де, асқынулар пайда болады. Жыл сайын аурудың түрлері де көбейіп келеді. Соңғы кезде қанның ұю сапасының бұзылуы, яғни антифосфолипид синдромы жиі кездесіп жүр. Оны қаншалықты ерте анықтасақ, жүктілікті соңына дейін сақтап қалуға соншалықты мүмкіндік аламыз. 20 жыл бұрын гематологқа тек ауыр дәрежеде анемиясы бар әйелдерді ғана жіберетінбіз. Қазіргі кезде, өкінішке қарай темір жетіспеушілігі бар анемия, аралас анемия көбейіп кетті. Хаттама бойынша анемиясы бар болашақ ана міндетті түрде гематологтың кеңесін алуы шарт. Апластикалық анемия да бұған дейін өте сирек кездесетін. Қазір орталығымызда бес әйел осындай диагнозбен тіркеуде тұр. Бұрын міндетті түрде жүктілікті үзіп, бала көтеруге тыйым салынатын. Қазір олар акушер-гинеколог және гематолог маманның бастан-аяқ бақылауында болуының арқасында, аман-есен босанып жатыр. Бұдан басқа гендік өзгерістерден пайда болатын фолат циклының бұзылуы көбеюде. Бұл бірнеше рет түсік тастаған әйелдерде болады», дейді Жанерке Ажетова.
Акушер-гинекологтың айтуынша, босанғаннан кейін де түрлі қан аурулары пайда болады. Мысалы, босанғаннан кейін тромбоэмболиялық асқынулар да өте жиі анықталуда. Осындай асқынулардан қайтыс болған аналардың саны республика бойынша артып келеді. «Астана қаласындағы медициналық оқу орындары, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және басқа да орталықтар елорда дәрігерлеріне жүкті әйелдердің қанының тым қоюлануына диагностика жасауды, оған қарсы дәрілер беруді үйретті. Біздің бөлімде мұндай науқастар өте көп. Біз оларға эноксапарин, фраксипарин сияқты препараттарды тағайындаймыз», дейді Ж.Ажетова.
Жанерке Рақымбайқызының айтуынша, гематолог арқылы жіберілетін қан талдауларының барлығы тегін медициналық көмек қызметіне жатады. Алайда ешбір емханада дәл осы анализдерді анықтауға қауқар жоқ. Сондықтан да науқастар мүмкіндігі мол жеке клиникаларға барып ақылы анализ тапсыруға мәжбүр. «Жүкті әйелдер 1000-нан аса тегін тексерілулерден өтуі тиіс. Бірақ оны толықтай жүргізетін жағдай ешқандай емханада жоқ. Жоғарыда мен айтқан қан талдауларының барлығы сирек кездесетін анализдердің түріне жатады. Сондықтан да олар жеке клиникаларға немесе лабораторияларға ақылы тапсырады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру кіретін болса бұлардың барлығы шешілетін еді. Сондықтан да жаңа жүйені асыға күтіп отырмыз. Бұл барлық дамыған елдерде қолданыста», дейді ол.
Гинеколог қан ауруларының көбеюі ең алдымен, дұрыс тамақтанбаудан, яғни газды сусындар мен гендік модификацияланған өнімдерді үнемі тұтынудан пайда болады деп түсіндірді. Екінші себеп – қозғалыстың болмауы. Сондықтан мамандар бала сүйгісі келген әрбір ерлі-зайыпты жүктілікке дұрыс дайындалуы керек екенін ескертеді. Сонда ғана ана мен бала өлімі азайып, кемтар бала аз туылар еді деген ойын айтқан Жанерке Рақымбайқызы жүктілікке дайындық туралы сауатты арттыруға арналған ақпарат ешбір теле-радио бағдарламаларда айтылып, баспасөздерде жазылмайтынына қынжылады.
Атқарылар жұмыс алдаЕлімізде гематологияның ересектерге және балаларға арналған екі түрі бар. Балалар гематологиясы соңғы жылдары арнайы мамандық болып бөлінген. Балалар онкологиясы мен гематологиясын Астана қаласындағы «Universiti Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жүргізеді. Ересектер гематологиясы бойынша әр аймақта қан ауруларына шалдыққан науқастарға арналған арнайы кабинеттер бар. Сондай-ақ Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы мен Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты – еліміздегі ересектер гематологиясы бойынша жұмыс істейтін ең үлкен екі орталық. Ал Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Республикалық диагностикалық орталық науқастарды бақылаумен айналысады. Ирина Пивоварова Қазақстандағы гематологияның деңгейі ТМД елдерімен салыстырғанда орташа екенін айтады. Бүгінде сүйек кемігін трансплантациялау осы саланың ең үлкен жетістігі болып отыр. Бұған науқастардың амбулаториялық деңгейде қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін қосуға болады. Алайда 82 млн халқы бар Германияда 50 онкогематология орталығы жұмыс істейтінін ескерсек, біздің елде бұл сала бойынша атқарылатын жұмыс көп екенін аңғаруға болады.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»