• RUB:
    4.83
  • USD:
    443.37
  • EUR:
    474.49
Басты сайтқа өту
Президент 26 Қазан, 2018

Елбасы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтады

547 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына орай ауылшаруашылық саласының еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Елбасының құттықтауын «Astana AgroForum-2018» республикалық кеңесінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев оқып берді. 

− Құрметті ауыл еңбеккерлері! Аграрлық сектор дамыған Қазақстан үшін астық жинау науқаны əр­дайым маңызды оқиға саналады. Ауа райының қолайсыздығына қа­ра­мастан биылғы жиналған мол өнім сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің нәти­жесі. 22 млн тоннадан астам дəнді жəне дəнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл ішкі сұранысты толық қам­тамасыз етіп қана қоймай, шетел нарықтарына үлкен көлемде астық пен ұн экспорттауға мүмкіндік береді. Мұндай жоғарғы көрсеткіш Қазақстанның əлемдегі ірі астық өнімдерін өндіруші елдердің бірі екенін тағы да айғақтай түседі, – делінген құттықтауда. 

Елбасы ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында стратегиялық маңызы зор саланың əлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы едәуір артқанын да атап өтті.

− Мемлекет алдағы уақытта да агроөнеркəсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіп, заманауи технологияны тартуға, еңбек өнім­­ділігін молайтуға, оның жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін күшей­туге жағдай жасайтын болады. Елі­міздің барлық еңбеккерлерін 2018 жылғы егін орағының табыс­ты аяқ­талуымен құттықтаймын! Қазақ­стан халқы сіздердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, эко­номиканың өсуіне жəне еліміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды», – делінген құт­тықтауда.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылық өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнім­дерінің экспортын 5 жылдың ішінде кемінде 2 жарым есеге арттыру міндеті қойылған. Бұл межеге қол жеткізу үшін аталған салада серпінді бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асы­ру қажеттігі түсінікті. Екі күнге созыл­ған «Astana AgroForum-2018» шара­сын­да аграрлық сала мамандары бас қосып, АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масын кеңінен талқылады. Соны­мен қатар «АӨК ұзақ мерзімді бағдар­ла­ма­лары: мал шаруашылығы мен өсім­дік шаруашылығының са­ла­лық бағдар­ла­малары», «Тұқым шаруашы­лығының да­муы», «Жерді ұтымды пайдалану», «Аг­рарлық ғылымның кәсіппен бірігуі» та­қырыптарында панельдік сессиялар өтті. 

Жиында сөз алған Премьер-Ми­нис­­трд­ің орынбасары – Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Өмірзақ Шөкеев ағым­дағы жыл­дың қорытындысы бойын­ша Қа­зақ­станнан шет мемлекеттерге экс­порт­талған ет көлемі 15 мың тоннаға жет­кендігін хабарлады. 

− Ет бағдарламасына сәйкес мақсаты­мыз – зәкірлік кооперациялар жүйесін және шамамен 100 мың шағын отбасылық ферма құру. Кооперация құрамында мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттары жұмыс істейтін болады. Ал сүт саласындағы мақсатымыз – алдағы бес жылда 1 млн тонна сүт өндіру. Мұнда да негізгі тетік ірі сүт-тауарлық компаниялармен жұмыс істейтін отбасылық сүт фермалары болмақ, – деді Ө.Шөкеев.

Оның айтуынша қазіргі уақытта бұл бағдарламалар жеміс беріп жатыр. Мәселен, 2017 жылы еліміз 5,5 мың тонна ірі қара мал етін экспортқа шығарса, осы жылдың 9 айында ғана экспортқа жөнелтілген ет көлемі 11 мың тоннадан асып жығылды. 

− Біз жыл соңына дейін 15 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарамыз деп толық сеніммен айта аламыз, – деді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, Қазақстаннның алдағы бес жылда құс етін өндірудегі әлеуеті артып, көлемін 5 есе ұлғайту жоспарланып отыр.  − Оған толық мүмкіндік те бар. Мә­се­лен, таяуда Макинскіде біздің өлшеммен өте үлкен саналатын, жылына 50 мың тон­на құс өтін өндіретін фабриканы аштық, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

«Astana AgroForum-2018» шарасы аясында бірыңғай аграрлық салық енгізу және Қазақстан азаматтары үшін ғана жерді жалға беру жөнінде арнайы инс­титут құру туралы ұсыныстар айтылды. Кеңес барысында Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен «Қазақстанның Азамат­тық Альянсы» ортақ меморандум бекітті. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»