Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Якаб мегаполисте өтіп жатқан «Салауатты қалалар» Еуропалық желісі мэрлерінің саммиті аясында өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Алматы қаласы әкімінің Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, Жужанна Якаб ДДҰ-ның Алматымен, жалпы Қазақстанмен ынтымақтастығы деңгейін жоғары бағалады, салауатты өмірді қалыптастыру мен денсаулық сақтау саласын модернизациялаудың оң нәтижелерін атап өтті.
«Жайлы қала кеңістігін арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, велосипедшілер және спортшылар үшін қолайлы инфрақұрылымды қалыптастыру қала тұрғындарының денсаулығын жақсартады. Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, қаланы дұрыс жоспарлау онкологиялық және жүрек- қан тамырлары аурулары салдарынан болатын өлім деңгейін орта есеппен 25%-ға қысқартады екен. Алматының тәжірибесі тек Қазақстанға ғана емес, Еуропа өңірінің бірқатар қалаларына да пайдалы», -деп атап өткен Жужанна Якаб осыдан 40 жыл бұрын қабылданған Алматы декларациясына сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудедің өзекті екендігін әрі халықаралық маңыздылығын атап өтті. ДДСҰ қаламен ынтымақтастықты кеңінен дамытуды жоспарлауда және қала тұрғындарының салауаттылығын жақсартудағы жұмысты одан әрі жалғастыратын болады.
«Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің одан әрі дамуына ықпал ететін қалаларды тұрақты өрістетуге ерекше мән берілген. Жайлы және экологиялық қала кеңістігін, ЭЫДҰ елдеріндегідей сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру біздің басты бағыттарымыздың бірі болып табылады. Осы орайда сапалы, жоғары дамыған медициналық қызмет көрсетудегі өзге қалалардың озық тәжірибелері бізге өте қызық», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Алматы әкімі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, оның ішінде Ресейдің Вологод облысының губернаторы Олег Кувшинниковпен, Францияның Ренн, Нидерландтың Утрехт қалаларының басшыларымен жүздесті.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ