• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ат спорты 27 Қазан, 2018

Қазақстандық гимнастшы Нариман Курбанов әлем чемпионатының финалына шықты

859 рет
көрсетілді

Қазақстандық гимнастшы Нариман Курбанов ат снарядында үшінші орынмен әлем чемпионатының финалына шықты деп хабарлайды Olympic.kz.

Жеке жаттығулардың финалдарына үздік сегіз спортшыдан шығады. Іріктеу сайысында 202 спортшы бақтарын сынап көрді.

Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күнінде өнер көрсеткен Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуы үшін 14.466 ұпай еншілеп, бірінші күннің қорытындысы бойынша көш бастаған еді. Іріктеу кезеңінің екінші күнінде де Нариман ұзақ уақыт бірінші орында келе жатты. Тек жарыс күнінің соңында ғана осы снарядта екі дүркін Олимпиада чемпионы, 2017 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған британдық Макс Уитлок (14.966) пен 2017 жылғы әлем чемпионы, осы жылғы Азия ойындарында топ жарған қытайлық Сяо Жотэнді (14.633) алға жіберіп қойды.

«Іріктеуде ат снарядында екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және көпсайыс бойынша әлем чемпионынан кейін үшінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Дене қыздырып жатқан кезде қатты қобалжу болды. Бірақ снарядқа келіп, өнер көрсеткен кезде қобалжу басылып, өз комбинациямды жасап шықты. Мінсіз орындадым деп айта алмаймын. Дегенмен, финалға шықтым», дейді Нариман Курбанов.

Айта кетейік, өткен жылғы Монреальдағы әлем чемпионатында Нариман ат снарядында жаңа күрделі элементті орындағаннан кейін Халықаралық гимнастика федерациясы оған спортшының есімін беріп, The Kurbanov деп атаған еді. Сол кезде Нариман Курбанов ат снарядының іріктеу сынында 54-ші орын алған еді.

«Мен өз комбинациямда өзімнің атыммен аталған элементті міндетті түрде жасаймын. Бірақ, жарысқа шығар алдында бір элементті алып тастадым. Дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Осы әлем чемпионатында ешкім менің элементімді қайталай алмады. Бірақ жаттығу кезінде спортшылардың жасап жүрген бейнероликтерді көрдім», дейді қазақстандық спортшы.

Осы чемпионатта ел намысын Нариманмен бірге Милад Карими, Ербол Жантықов, Ілияс Әзизов пен Әкім Мұсаев қорғап жатыр. Жалпы біздің гимнастшыларымыз 239.291 ұпай жинап, іріктеуден кейін үздік жиырма құраманың қатарына ілікті. Біздің команда 46 құраманың ішінде 16-шы орында.

«Менің мақсатым ұлттық құрамаға үздік жиырма төрт команданың ішіне кіру және жекелей сында финалда шығу болды. Әрине, іріктеуден сәтті өткеннен кейін медальға таласып көрем. Ең бастысы финалда қобалжымай өнер көрсетуім керек», деді спортшы.

Нариман Курбановтың финалы қарашаның 2-де өтеді. Ертең Қазақстанның әйелдер құрамасы жарыс жолына шығады. Еліміздің атынан Аида Бауыржанова мен Екатериной Чуйкина өнер көрсетеді. Спорттық гимнастикадан Дохада өтіп жатқан әлем чемпионаты қарашаның 3-і күні аяқталады.