Бүгін - халқының көрікті келешегі үшін сырлы сөзімен де, баянды ісімен де барынша күрескен, «елім» деп еңіреп өткен ардагер ақын Сұлтанмахмұх Торайғыровтың туған күні.
Ақынның ұлан-ғайыр әдеби мұрасы оны қазақ әдебиетінің классиктері катарына косты. Күрмеуі қиын қысталаң заманда небәрі жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен ақынның осыншама еңбек калдыруы, шығармаларындағы ұлтжандылық рухтың күштілігі, ұлтының бақытты болашағы жолындағы қайтпас күрескерлігі, азаматтық арының биіктігі, дарынының даркандығы таң қалдырады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылдың 28 қазаны күні Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды.
1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастаған.