• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Қазан, 2018

Еңбегі елеулілер еленді

736 рет
көрсетілді

Астанада Еңбек күні мен Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күніне орай «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай» атты республикалық форум өтті. Салтанатты жиында елімізге еңбегі сіңген әр саланың қызметкерлеріне «Еңбек ардагері» медалі табысталып, «Еңбек жолы» және «Үздік әлеуметтік қызметкер» республикалық конкурстарының жеңімпаздары марапатталды.

Еңбек күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау және еңбек адамының беделін арттыру мақсатында 2014 жылдан бері аталып келеді. Сол жылы Үкіметтің қаулысымен «Еңбек ардагері» медалі, 2015 жылы «Еңбек даңқы» медалі бекітілген болатын. Бұған қоса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бастап жыл сайын «Еңбек жолы» конкурсын өткізіп келеді.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова форумның маңыздылығына тоқтала келіп, елімізде әлеуметтік қорғау жүйесінің жетіле беретіндігін және қазақстандықтарға уақтылы, толық әлеуметтік қолдау көрсетілуі қажеттігін назарға алды. «Бұл форум еңбек адамының қоғамдағы беделін көрсетіп, жастарды өндіріс саласына тартуды көздейді. Президент жаңа Жолдауында әр отбасының табысын арттыруда еңбектің маңызды орнын атап өтті. Елбасы Қазақстан халқының әл-ауқатын өсіруді елімізді дамытудың негізгі мақсаты ретінде айқындады. Халықтың табысын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейетін болады. Нәтижесінде 1 млн 300 мың адамның, оның ішінде 275 мың азаматтық қызметшінің, сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысы өседі. Еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беру сапасын барлық деңгейде жақсарту шаралары көзделеді. Саламатты ұлт қалыптастыру үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданады. Халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мүмкіндігіне, еңбек өнімділігін арттыруға байланысты осындай атқарылып жатқан жұмыстарда еңбек ардагерлері мен күн сайын өндірісте маңдай терін төгіп еңбек етіп жатқан еңбек әулеттерінің үлесі өлшеусіз», деген министр жиналған жұртты қос мерекемен құттықтады және «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

Биыл «Еңбек ардагері» медаліне Семей қаласындағы «Силикат» ЖШС бас механигі Николай Лазурин, Астана медицина университеті Акушерия және гинекология кафедрасының ассистенті Рамзия Разумова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Хазима Айдарбекова, Бас әскери клиникалық госпиталі хирургия бөлімінің хирургі Есімғали Таласбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы кәсіптік бағдарлау бөлімінің меңгерушісі Ғалия Молдажанова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының суретшісі Ольга Володина, Астана қаласы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін үйлестіру және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды басқарған Гүлнар Қасенова, міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру саласында ұзақ жыл қызмет еткен Гүлзада Сұлтанова ие болды.

Үш аталым бойынша өткен «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары онлайн дауыс беру және республикалық комиссияның шешімімен анықталды. Аталған байқаудың «Үздік еңбек әулеті» аталымын 458 жыл төрт ұрпақ бойы орман шаруашылығы саласында 25-тен астам әулет мүшесі еңбек еткен Құрманғалиевтер отбасы жеңіп алды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша «Казхром «ТҰК» АҚ металлургі Әбілқайыр Сотқаров марапатталса, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру бірлестігінің мұнайшысы Айбек Тұрсынбек «Өндірістегі үздік жас жұмыскер» аталымының жеңімпазы атанды.

«Үздік әлеуметтік қызметкер» республикалық байқауының «Зейнетақы жүйесіндегі үздік қызметкер» номинациясы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжан Сұлтанғазиеваға бұйырса, «Әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі үздік қызметкер» аталымын «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Ақмола облысы филиалының директоры Айнагүл Сабырова еншіледі. Батыс Қазақстан облысы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының дефектологы Бибігүл Жартыбаева «Үздік әлеуметтік қызметкер», Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Раушан Кұбайдуллина «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері» атанды. «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» номинациясын Қызылорда облысы «Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ал «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым» номинациясын Алматы қаласындағы «Амаль-Иман» қоғамдық қоры жеңіп алды. «Әлеуметтік саланың үздік менеджер-ұйымдастырушысы» аталымы Қызылорда облысы «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» директорының орынбасары Гүлмира Кенжебаеваға бұйырса, «Медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік қызметкері» номинациясын Астана қаласы медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы Ләззат Тілекина еншіледі. «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» номинациясы бойынша Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы-мемлекеттік еңбек инспекторы Әбдімәлік Әйтімов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ең үздік әлеуметтік қызметкері» номинациясы бойынша аталған мекеменің орталық филиалының бас маманы Атамекен Ашмаханова марапатталды.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»