Қарашаның 2-сі күні Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Аталған жиында шағын құрамда Достастық елдерінің үкімет басшылары ТМД аясындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады және келесі кездесудің мезгілі мен орнын нақтылайды деп жоспарлануда. Достастық атқару комитетінің мәліметінше, отырыстың кеңейтілген құрамдағы күн тәртібіне түрлі саладағы әріптестікке қатысты 13 мәселе енгізіліп отыр. Осы орайда аталған жиынға қатысатын мәртебелі мейманның бірі – Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Новруз МӘММЕДОВ мырзамен әңгімеміз бауырлас екі елдің арасындағы экономикалық, саяси һәм мәдени байланыстардың бүгіні мен келешегі төңірегінде өрбіді.
– Новруз мырза, сіз ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Астанада өтетін жиынына қатысу мақсатында Қазақстанға сапармен келуді жоспарлап отырсыз. Қателеспесек, бұл Премьер-министр лауазымында шетелге жасайтын алғашқы сапарыңыз. Әзербайжанмен тегі бір, құндылықтары ортақ, тығыз достық қарым-қатынастар орнатқан Қазақстан сапарынан не күтесіз?
– Дұрыс айтасыз, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысына Премьер-министр ретінде алғаш рет қатысатын боламын. Алайда, Премьер-министр лауазымындағы шетелдік алғашқы сапарыммен Францияға бардым. 13 маусым күні Парижде Халықаралық Көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 163-ші сессиясында халықаралық Экспо-2025 көрмесін өткізетін үміткер қалалардың таныстырылымы болды. Осы жиында Баку қаласының үміткерлігіне қатысты сөз сөйледім. Ал 9 шілдеде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанды ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Анкарада болдым.
1993 жылдан бері ТМД-ның ресми мүшесі Әзербайжан Республикасы осы ұйым шеңберінде түрлі бағыттарда, әсіресе гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықтың дамуына көп мән беретінін атап өткім келеді.
Мәдениет, ғылым, спорт және басқа салалар бойынша орнаған көпжақты ынтымақтастықтың еліміз үшін маңызы зор. ТМД өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылау үшін қолайлы ынтымақтастық платформасы болумен қатар, түрлі қылмыс пен қазіргі қауіп-қатерге қарсы шараларды жүзеге асыруда да өзіндік үлес қосуда. ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Қазақстанда өтеді деп жоспарланған кезекті отырысы мүше-елдер арасындағы бірқатар мәселелерді, әсіресе экономикалық, қаржы және гуманитарлық мәселелерді талқылау тұрғысынан Әзербайжан үшін үлкен маңызға ие.
Біз бауырлас елге сапар жасамақшымыз. Сондықтан бұл сапардың әрі ТМД елдерімен, әрі Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасымызды нығайта түсу, ынтымақтастық мүмкіндіктерін тереңдету тұрғысынан жемісті нәтиже беретініне сенімдімін.
– Биыл Әзербайжан мен Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына – 27 жыл. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттер басшыларының саяси күш-жігерінің арқасында екі ел арасындағы серіктестік жаңаша сипат алды, өте тату бауырластық қарым-қатынас орнықты. Жалпы, арадағы екіжақты әріптестіктің қазіргі қарқынын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан мен Әзербайжан – ежелден тарихи тамырлас, дос, бауырлас, сонымен қатар стратегиялық әріптес мемлекеттер. Бұл ретте ортақ тамырдың, ортақ мәдени және рухани факторлардың маңызы зор. Елдеріміздің лидерлері, Гейдар Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы кезінде дос және бауырлас екі халықтың жетекшілері болып, тығыз ынтымақтастықта еңбек етті. Сол достық, бауырластық дәстүрінің тәуелсіздік жылдары өрісі кеңейе түсті. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те Қазақстанмен екіжақты, ортақ мүдделерге негізделген ынтымақтастық сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі екенін әрдайым баса айтады. Біз қарым-қатынастарымыздың қарқынын жоғары бағалаймыз. Байланыстардың қос халықтың мүддесі үшін жалғасты болуына күш саламыз. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері өткен 26 жыл ішінде ынтымақтастығымыз барлық салада дамыды. Әсіресе Қазақстанның Армения – Әзербайжан Таулы Қарабақ мәселесінің шешілуінде Әзербайжанның аумақтық тұтастығы мен шекараларының мызғымастығын сақтау принципіне негізделген ұстанымына екіжақты және көпжақты деңгейлерде көрсеткен қолдауын жоғары бағалаймыз.
Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Үкіметаралық экономикалық комиссияның 2017 жылы Бакуде өткен 14-ші отырысында Жол картасы бекітіліп, оның орындалуына байланысты іске асырылатын шаралар бүгін, 31 қазанда Астанада өтетін 15-ші комиссия отырысында талқыланады. Әзербайжан мен Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейін созылып жатқан халықаралық тасымалдау дәлізінде орналасқан. Екі ел де осы транзиттік жолдың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға мүдделі. 2017 жылдың 30 қазанында қолданысқа енген Баку – Тбилиси – Карс темір жол желісі, Жаңа Баку халықаралық теңіз порты, Қазақстанның батысы мен шығысын байланыстыратын темір жол желілері мен Құрық теңіз порты елдеріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға қызмет етеді. Қазіргі таңда өңірде Қытай – Еуропа бағытында жүк тасымалының артқанын көріп отырмыз. Елдеріміз арасында қалыптасқан өңірлік ынтымақтастықтың аясы алдағы кезеңде кеңейіп, жаһандық ауқымда өз жемісін береді деп сенемін.
– Биыл Астананың Қазақстан елордасы атанғанына 20 жыл толғанын білесіз. Кезінде қаланың елорда ретіндегі тұсаукесер рәсіміне Әзербайжан халқының жалпыұлттық лидері Гейдар Әлиев құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде бұл шешімді тарихи оқиға және Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті жеңісі деп бағалады. 20 жылдан кейінгі Астана туралы Әзербайжан не ойлайды?
– Әзербайжан халқының жалпыұлттық лидері Гейдар Әлиевтің көрегенділікпен айтқан пікірлері бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Елорданың геосаяси және стратегиялық тұрғыдан Алматы қаласынан Астанаға көшірілуі – маңызды тарихи қадам һәм Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жеңісі. Өздеріңізге мәлім, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те видеосұхбат арқылы Қазақстан халқын құттықтап, Астананың тәуелсіз Қазақстанның рәміздерінің біріне айналғанын атап өткен болатын. Бүгін міне, 20 жасқа толған елорда жедел өркендеп, Қазақстанның жоғары экономикалық дамуының көрсеткішіне айналумен қатар дүниежүзінің ең әсем шаһарларының бірі болды. Тарихи ерекшеліктер мен заманауи жаңалықтарды бойына жиған Астананың келешегі жарқын болары анық. Aстанада салынған әдемі ғимараттар, зәулім үйлер, кең даңғылдар, жайлы демалу орындары мен саябақтар ХХІ ғасыр қаласының үлгісіндей. Астананың жетістіктері бұдан да артып, Баку – Астана бауырластығының нығайып, беки түсуіне себепкер болатынына сенімдімін.
– Бірнеше ай бұрын Ақтауда Каспий маңы мемлекеттер басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуінде «Теңіз бізді жақындатты» деген болатын. Яғни, енді Каспий біздің арамызды алшақтатпайды, керісінше, біріктіре түседі дегенді меңзеді. Каспийдің құқықтық мәртебесі шешілуінің алдағы уақытта географиялық, экономикалық тұрғыдағы байланыстарымызға, транзиттік мүмкіндіктерімізге әсері қандай болады деп ойлайсыз?
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, шынымен де, біз бір-бірімізге жақындай түстік. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция тарихи құжат ретінде Каспий маңы мемлекеттері ынтымақтастығының одан әрі тереңдетілуі тұрғысынан зор маңызға ие. Конвенцияға қол қойылуы арқасында елдеріміз арасында екіжақты әрі көпжақты негізде сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынастардың қарқындап дамуына қолайлы жағдай жасалды. Ең алдымен Конвенция Каспий маңы мемлекеттерінің теңіздегі егеменді жеке құқықтарын тануда, Каспийдің құқықтық мәртебесіне байланысты туындаған көмескілікті жояды. Сонымен қатар Конвенция бүгінге дейін Каспий теңізінде жағалауы бар мемлекеттер тарапынан жүзеге асырылған экономикалық-шаруашылық іс-шаралардың құқықтық шеңберін айқындап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл мәселелер елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына көп мүмкіндік береді. Сондай-ақ Конвенцияда белгіленген іс-қимылдың еркіндігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету принциптері, тараптарға тиесілі кемелердің порттарға еркін кіріп-шығуы Каспийдің өңірдегі транзиттік әлеуетін арттырып, елдеріміз арасындағы ынтымақтастық байланыстардың тереңдеуіне және халықтарымыздың әл-ауқатының артуына ықпал етпек.
– Tүркі тілдес мемлекеттер басшыларының 2009 жылы Нахчыванда өткен саммитінде негізі қаланған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы тәрізді ұйымдардың құрылғанына келесі жылы 10 жыл толады. Бұл ұйымдардың тарихы бір, тілі бір, діні бір, мәдениеті бір халықтарымыздың тамырластық пен жан-жақты қарым-қатынастарының дамуындағы рөліне қандай баға берер едіңіз?
– 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван келісімшартымен негізі қаланған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің негізгі мақсаты – түркі тілдес елдер арасында жан-жақты ынтымақтастықты ілгерілету. Бұл шеңберде Түркі кеңесі бауырлас елдеріміз арасында өзара сенімнің нығайып, өңірде және әлемде бейбітшіліктің орнауына, мүдделеріміз тоғысқан барлық салада әріптестікті күшейтуге, жан-жақты үйлестірілген экономикалық дамуға, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан ілгерілеуге бағыт алу үшін өте қолайлы жағдай тудыруда. Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы (TҮРКСОЙ), Түркітілдес елдердің парламентаралық ассамблеясы (TүркПА), Tүркі академиясы, Tүркі мәдениеті және мұрасы қоры мүше-мемлекеттер арасында түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытумен қатар, ортақ тіл, мәдениет, тарих және басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда.
Бұл тұрғыдан Астанадағы Халықаралық Түркі академиясы атқарған істерге ерекше тоқталғым келеді. Құрылған күннен бастап түркі тілдес халықтардың ғылымы, мәдениеті, тарихы мен әдебиетіне байланысты іргелі зерттеулер жүргізіп, құнды кітаптар жариялаған Түркі академиясы өз қызметі арқылы бір-бірімізді жете тануымызға зор септігін тигізіп келеді.
Белгілі болғандай, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VII Саммиті 2019 жылы Әзербайжанда өтеді. Бұл дата Нахчыван келісіміне қол қойылуының 10 жылдығымен тұспа-тұс келді. Саммит жиынының жоғары деңгейде өтуі үшін Әзербайжан Үкіметі бар күшін салатын болады. Осы ұйым шеңберінде бауырлас елдеріміз арасындағы байланыстардың одан әрі тереңдеп, халықтарымыздың мүдделері мен келешегі тұрғысынан маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін.
– Өзіңізге мәлім, Қазақстан жуырда толығымен латын әліпбиіне өтеді. Бұл шешім халықтарымыз арасындағы ынтымақтастық пен түркі тілдес мемлекеттердің интеграциясына қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Филолог ғалым ретінде осыған байланысты ойларыңызбен бөліссеңіз.
– Әрине, тіл байланыс құралы ретінде тек адамдарды ғана емес, халықтарды да бір-бірімен жақындатушы күшке ие. Кезінде кең-байтақ аумақта өмір сүріп, бірдей мәдениетті бөліскен тамырлас халықтар ұзақ ғасырлар бойы жалғасқан қоғамдық-саяси үрдістер нәтижесінде бір-бірінен алыстап кетті. Осының салдарынан бірқатар өзіндік жеке ерекшеліктер пайда болды. Бұлардың басында тіл мен әліпби тұр. Қазіргі күні халықтарымыздың қайтадан бірлік пен ынтымақтастықта дамуын қамтамасыз ету үшін кең көлемді мүмкіндіктер пайда болды. Біз бұл мүмкіндіктерді мейлінше пайдалануымыз керек.
Өздеріңіз білетіндей, Әзербайжанда қолданылатын әліпби де өткен ғасырда бірнеше рет өзгертілді. Көне және бай тарихы бар ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалдық. Өткен ғасырдың 70 жылдары данышпан Гейдар Әлиев Әзербайжан КСР-інің конституциясында әзербайжан тілінің мемлекеттік тіл ретінде жазылуын қамтамасыз етіп, болуы мүмкін емес бір іске қол жеткізген болатын. Жалпыұлттық лидеріміз кейін тәуелсіздік алған жылдары латын әліпбиіне өту туралы шешім қабылдады. Бүгін Қазақстанның да толығымен латын әліпбиіне көшуі – тарих талап еткен қадам. Түбі бір түркі халықтары кең аумақты қамтитын ұлан-ғайыр байтақ жерде, түрлі мемлекеттер мен елдерде тұруына қарамастан бір әліпби арқылы байланыс құрып, жастарымыз қазіргіден де жақсы түсінісіп, бір-біріне арқа сүйеп, бірге дамитын болады. Бұл тұрғыдан дос және бауырлас қазақ халқын шешімді қадамы – жаңа әліпбиге өтуімен шын жүректен құттықтап, сәттілік тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»