• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қараша, 2018

Қостанайда Мәжіліс депутаттары агроөнеркәсіп кешенін реттеу туралы заң жобасын талқылады

384 рет
көрсетілді

Қостанайда Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Сапархан Омаровтың төрағалық етуімен аталған комитеттің көшпелі мәжілісі өтті. 

Онда «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері жөніндегі бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасы туралы алдымен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев баяндама жасады. Ол саланы дамытудағы түйінді мәселелерге нақты тоқтады.

«Егер ауыл шаруашылығы техникалары жөнінде айтар болсақ, биыл жыл басынан бергі 9 айда бұл сала 50 миллиард теңгеге қаржыландырылып, оған 2650 - ден аса техника алынды. Ал өткен жылғы бөлінген қаржы мұнан аз болатын, жыл аяғына дейін бұл қаржының барлық көлемі 70 миллиард теңгеге жетіп қалады» деді Берік Бейсенғалиев.

Заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі қосымша баяндаманы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов жасады. Ол 30 заң актілеріне, 10 кодекске және 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты.

«Осылардың барлығы еліміз өңіріндегі өсімдік әлемін сақтауға,жер пайдалануды реттеуге, ветеринарлық қызметті жолға қоюға, сумен қамтамасыз етуге, балық шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғауды реттейді», деді Мұрат Теміржанов.

Ол заң актілеріне кіретін мәселелердің барлығын талдап айтқан соң, осы жиынға қатысқан Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің өкілдері өз өңірлеріндегі ауыл шаруашылығын дамыту ісіне шолу жасады. Одан кейін бас қосуға шақырылған мамандар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер заң актілеріне енетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылады. Онда айтылған ұсыныстардың барлығы заң қабылданғанда ескерілетін болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай