• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қараша, 2018

Мектептерде ақша жинау заңмен қудаланады

840 рет
көрсетілді

Алматы әкімдігінде өткен кеңесте білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау, тосқауыл қоюға қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Елбасы Жолдауында білім саласының нақты көрініс тапқандығын айта келе Алматыдағы білім жүйесінің барысына тоқталды. Қала әкімдігінің мәліметінше соңғы бес жыл ішінде білім саласын қаржыландыру 27 млрд теңгеге өскен. Алдағы кезеңдерде мектеп жасына дейінгі және жалпы орта білім берудің сапасын арттыру мақсатында білім жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге байланысты  PIZA, SAT, AST халықаралық стандарттарға көшуге қатысты шаралар жоспары бекітілетін болады.

Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің директоры Данияр Таумұрат жұртшылық тарапынан мектепті жөндеу, тазалау немесе басқа да шараларға ақша жинау фактілеріне қатысты ақпараттар бар екендігі туралы баяндады. Департамент директорының айтуынша, мұндай істерге ата-аналар шығынданбауы қажет, өйткені, барлық қажеттіліктерге бюджеттен бөлінген қаражат жеткілікті. Мектептерде ақша жинауға қатысты ақпараттар барынша тексеріліп, ондай келеңсіздіктер орын алған жағдайда  кінәлі азаматтар қатаң жазаға тартылатын болады. Тіптен,  қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күресте цифрландырудың ықпалы зор. Сондықтан да Білім басқармасы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды жолға қойып, өткен жылдан бастап «Алматы мектеп» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Оның нәтижесіне орай биылғы жылы бала бақшаларға кезекке қою бағдарламасы қолға алынуда.

Ал Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенованың айтуынша, педагогтардың басты міндеті – балаларды оқыту мен тәрбиелеу. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстарына, қажетті бұйымдар алуға ақша жинауға негіз жоқ. Білім мекемелеріне тиесілінің барлығы мемлекеттің меншігі, яғни салық төлеушілердікі. Осы орайда Білім басқармасы мектептерге ақша жинауға тыйым салынғаны туралы арнайы хат жолдап, оны қадағалау бірінші басшыға жүктеледі. Осы жайтқа байланысты биылғы жылдың өзінде 7 мектеп директоры қызметінен босатылған.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ