1727 жылы Бұлантыда басталған жеңіс Аңырақайда аяқталды. Бұл ұлтымыздың тағдырын шешкен ұлы жеңісі еді. Бабаларымыздың ғажайып ерлігі ұлтымызды, елдігімізді сақтап қалды. Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болуымыздың негізін қалады. Жастар, келер ұрпақ мұны білуге тиіс.
Біздің халқымыз жанды жатырқамайтын, ешкімді жау санамайтын, өзі ешкімге тиіспейтін дарқан даласындай пейілі кең, ақкөңіл, бауырмал, аңқаулығы да бар халық. 1721 жылы қалмақтың ханы Қалдан Серен бастаған қалың қол тосыннан шабуыл жасап, қазақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратты. Бұл ұлтымызға келген алапат апат, теңдесі жоқ ауыр қасірет еді. Босыған жұрт Көктөбені бетке ұстап жосыды. Оларға шілденің ми қайнатар ыстығы да жау болып тиді. Бір жағынан жау, бір жағынан ыстық, оған шөл мен аштық қосылып, миллиондаған қазақ қырылды.
Ебіл-тебіл болып, Көктөбеге (Ұлытауға) жеткендері аман қалды. Бұл қырғын адам айтқысыз ауыр қасірет әкелумен бірге ұлттың санасын сапырып, намысын оятып, жігерін шыңдады. Бұл жаудан о дүниелік болған бауырларының кегін алуға, бөлек-бөлек болып көшіп-қонып жүрген қазақтарды бірігуге жұмылдырды. Ұлы жүздің биі Төле би, Орта жүздің биі Қаздауысты Қазыбек, Кіші жүздің биі Әйтеке билер жаудан кек алудың, ұлтын сақтап қалудың басты шарты – Үш жүз бірігу керек деген шешімге келіп, Ұлытауға, Арғанаты бауырындағы «Балбұлаққа» Үш жүзді жинап, ел тағдырын шешетін, жаудың жолын кесетін алқалы жиын өткізіп, сол жиында елдік пен бірлік, ерлік туы көтеріліп, Үш жүз бір тудың астына топтасып, үлкен күшке айналды. Сөйтіп, ұлт тағдырын шешетін ақтық айқасқа дайындалды. Бұл кезде қалмақтардың ханы «Қазақтарды біржолата тұқыртып жеңу үшін, олардың Көктөбесін басып алуымыз керек. Бұл қазақтармен соңғы жорығымыз болу керек. Кең байтақ жерін иеленіп, байлығын пайдалануға тиіспіз», деп қалың қолмен Ұлытауға беттеп келе жатты. Қазақтар да соғысқа сақадай сай болып еді. Сарбаздардың алдында бауырлардың кегі, ұлтымыздың тағдыры тұрды. Әр сарбаз мұны жақсы түсініп, терең сезінді. Бұл ұлт тағдырын шешетін қалмақтармен ақтық айқас еді. Сөйтіп, ата жаумен айқас Білеуті мен Бұланты өзендерінің арасында басталып, қазақ сарбаздары, батыр бабаларымыз жауды жаусатып қырып салды. Екі өзеннің арасындағы алаңқайда қалмақтардың басынан бөлінген қаңқалары қалды. Бұл түпкілікті жеңістің басы болды. Аңырақайда қалмақтардың талқанын шығарып, соғысқа соңғы үлкен нүкте қойды. Сөйтіп, батыр бабаларымыз ұлтымызды, жұртымызды, ар-намысымызды, елдігімізді қорғап қалды. Бұл мәңгілік есте қалатын ұлтымыздың абыройын асқақтатқан, рухын аспандатқан Ұлы жеңісіміз.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы