Шөлді Маңғыстау – мыңғырған малдың мекені. Өңірде суару ісіне техника араласқанға дейін мал мен малшыларды сумен жеткілікті қамтамасыз ету қалай шешілді? Бұл айдаладан, құлаштап құдық қазып, қауіпті жұмысқа бел буған құдықшы ерлердің ерен еңбегінің жемісі болатын.
Маңғыстауда шаруагерлердің қардың немесе жаңбырдың суын жиып кәдеге жаратуы, таудан аққан ызаларды су көзі ретінде сақтауы туралы баяндаған ауылшаруашылық саласының білгір маманы, марқұм С.Әбішев су жинау, су сақтау әдістері туралы айта келіп, тақыр, тасқақ, қоңырдаң, күпі, шырлау, керіз деген атауларға, сондай-ақ ыза, еспе, орпалық су көздері мен жарма, олақ су көздері жайлы «Ерте көктемде ұқыпты қолмен көмілген қар суы − шырлау аз ғана шаруаны ыстық түскенше ылалайды. Маңғыстауда Құсымның тұраны, Көктастың тұраны, Қаншым тұран, Қызыл тұран немесе су тұратын тақырлардың атадан балаға мұра болып, Айранның тақыры, Құсқонбастының тақыры, Ұланақтың тақыры, Елейдің тақыры, Бәйменнің тақыры дейтін мән-мағынасын жойған жоқ. Ал жан-жағы тасты жарқабақ, табаны қатқыл тұйықтағы қазаншұңқыр «күп» деп аталып, оның сулары 1950-60 жылдарға дейін кәдеге асты. Маңғыстау жерінде Шаңырақкүп, Саураның күбі, Қоңыркүп, Шайтанкүп, Байсарының күбі сияқты талай заман ел игілігіне жараған белгілі күптер көптеп саналады» деп тоқталады да, су сақтайтын орындардың қалай жасалатындығына, әрқайсысының ерекше лігіне жеке-жеке түсінік береді.
Көздеріне жылт етіп көрінген суды қағыс қалдырмай, кәдеге жаратқан дала еңбеккерлері құдық, шыңырау қазбай мәселені дендеп шеше алмайтынына көзі жеткендей. Тереңдігі бірнеше құлашқа жететін құдықтарды – шыңырауларды небір қиындықтарды бастан кешіре жүріп қазып, халық игілігіне ұсынды. Деректер Маңғыстау өңірінде ХIХ ғасырдың 70-жылдарында суы ащы-тұщысы аралас 1134 құдық, 1819 жылы 4168 құдық болды дегенді айтады. 1960 жылдары қолдан жасалған құдықтардың бітелген көздерін аршу сынды жұмыстарына жаңа техникалар араласты. Қара күшті қажет етіп, алақан терісі сыпырыла жүріп қауғамен, шығырмен, арқанмен тартылатын шыңырау суы енді арнайы су тартқыш моторлармен – ВЛМ-100 құрылғысымен жүзеге аса бастады. Осылайша, суды шыңыраудан шығару әдісі өзгеріп, тұрмысқа жеңілдік енгенімен, негізгі су көзі ретіндегі құдықтардың, шыңыраулардың қызметі, құндылығы жойылған жоқ.
Маңғыстаудың бойы малдан босап көрген жоқ, тіпті соғыстан соңғы жылдардағы мал санын арттыруға байланысты тапсырмаларға сай Маңғыстаудың ойы мен қырын тұтаса қаптаған мыңғырған төрт түліктің бүйірін шығарып, мейірін қандырған, шопан ауылдарының тұрмыс-тіршілігін кем-кетіксіз қамтып тұрған осы құдықтар болатын.
Кеңшарлар тарап, жеке шаруа қожалықтары бой көтерген соң, жайлауды ен жайлаған малшылар ауылдары мен отарлары жоғалып, малды ауылдарға жем-шөп тасыған көліктер шиырлаған қыр асқан қасқа жолдарды шөп басып, кең дала бөрі жортып, жылан жорғалаған меңіреу қалыпқа түсті. Ең өкініштісі – суы тапшы өңірде бірнеше мыңдаған қой мен ешкіні, түйе мен жылқыны қалтқысыз қандырып, жер астынан көл-көсір ақтарылған құдықтардың көздері бірте-бірте бітеліп барады, кезінде маңдайынан ағып, көзіне құйылған терді алақанымен сүрте жүріп, жанқиярлықпен құдық қазған құдықшылардың еңбегі топырақ астына көміліп, көзден таса болуда. Маңғыстаудың кез келген жерін түртіп қалсаң су атыла жөнеледі дейтіндей емес, оның үстіне су көзінің ащы және тұщы, мол және тапшы болып келетін нүктелері бар. Олар – кешегі ерлердің қолдарында ешқандай зерттеу-анықтау құралдары болмаса да өздерінің сұңғыла жершілдіктеріне сүйеніп, табиғат тамырын тап басқан «дала академиктерінің» қалт кетпейтін қағидаларына негіздеп қазған құдықтары болатын! Құдықшылардың өлшеуге келмейтін еңбектері туралы тарихшы қаламгер Әбілқайыр Спанның «Олар қазып қалдырған жүздеген шыңыраулар – бүгінде халықтың ортақ қазынасы, қара жерді сүйменмен айлап, жылдап қашап, ойып су шығарған құдықшылар еңбегін тарихта Египет пирамидаларын салған құрылысшылар еңбегімен ғана салыстыруға болады. Маңғыстаудың бұл ерекшелігін дүниежүзінің еш жерінде қайталанбайтын қасиетті мұра десе болғандай» деген ауыр мағына арқалаған аз сөзі көп жайды аңғартып тұр.
Құдықтардың сусыз жердегі халықтың өмірінде алар орны мен маңызы зор болғандықтан, олар ерекше құрметке ие болды. Біріншіден, олардың орналасқан жері, судың тереңдігі мен қоры, қазылуы, құрылысы, қазған адам мен қазуға тапсырыс беруші, құны, қазу уақыты, сондай-ақ құдыққа дейінгі күп, тақыр, керіз, тақыр, тағы басқа су сақтайтын орындар мен әдістері – өз алдына үлкен ғылым, екіншіден, олар – фольклор. Ел арасында құдыққа, шыңырауға қатысты аңыз әңгімелер, қияли туындылар мен олардың тарихына қатысты деректер бар. Құдық атауларының этимологиясы терең зерттеуді қажет етеді. Жазушы Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі – бұл айтылғандарға нақты дәлел және ол повесть бұл тақырыптағы алуан әңгіменің бір ғана желісі. Сондай-ақ Ақтөбеге іссапары барысында Ә.Жангелдин отрядының аялдап, су ішіп жан шақыруы – құдыққа қатысты қызғылықты тарих. Жал-жал құм арасында сол құдық кездеспегенде маңызды тапсырмамен жолға шыққан тұтас отярдтың күйі не болар еді?
Бала кезімізде сан жұлдыз жыпырлаған жайлау түнінде аға-апаларымыздың әдемі ертегі, жұмбақтарын тыңдап жатып ұйқыға кететінбіз, сол кездегі бала ұғымына сай шертілетін ертегілер мен жұмбақтар да құдыққа бір соқпай кетпейтін. «Қожанасыр түнде келе жатып құдыққа үңіліп қарап, шыңырау түбіндегі су бетінде қалқыған айды көреді де «ойбай, ай құдыққа түсіп кетіпті ғой!» деп шошып, айды құтқармақ болып құдыққа ұзын арқанды бойлатады. Арқан айға ілінді-ау деген мезгілде құлаштап тарта бастайды, кенет кедір-бұдыр құдықтың бір ілмешегіне ілінген арқанды шіреніп тартқан сәтінде арқан үзіліп кетіп, Қожекең шалқасынан құлайды. Құлап жатып аспандағы айды көріп, «әйтеуір, айды аспаннан бір-ақ шығардым-ау»» деп жөніне кеткен екен» деген ертегіні тайға мініп, мал қайырып, құдыққа барып мал суарып, төл арқалап ержеткен малшы балаларының арасында естімеген бала жоқ...
Басына малшы ауылдары қоныс етпегендіктен бүгінде сол құдықтар иесіз, қаңырап тұр. Осы орайда құдықтарды құтқарудың жолы осы болар ма деген екі ой еске түседі.
Біріншісі – Маңғыстаудың ауылшаруашылығын дамытуда басым бағыт малшаруашылығы болып қала береді. «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, Маңғыстаудың климатына сай өсімдік, егін егуге болар, бірақ онымен тұтас халықты қамтамасыз ету үшін ұзақ жылдарға созылатын, ғылыми тұрғыда дәлелденген кешенді жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Бүгінгі таңда жекелеген жылыжайлармен өңірдегі миллионға жуық тұрғынның «жыртығын жамау» мүмкін емес және жылыжайлардағы өскіндер осынша тұрғынның, келіп-кетуші қонақтардың жұмырына жұқ болмайды. Оның үстіне сол өсімдіктерді сумен қамту мәселесі тағы бар... Ал малшаруашылығы Маңғыстаудың үйреншікті, әрі төл кәсібі. Бұрынғыдай жолға, хабар-ошар алуға, қарым-қатынасқа, бала оқытуға, сауда-саттыққа қатысты, өзге де тұрмыстық қиындықтардың біразы заманауи жаңалықтармен алмасқан кезде малшаруашылығын да жаңаша жаңғыртудың жолдарын іздеп, шаруагерлер жайлауларға, құдықтарға ат басын бұрса дейсің?!
Жайылымдарды суландыру – қазіргі таңда мемлекеттік деңгейде назар аударылып, күш жұмылдырылған тақырып. Ал жайылымдарды суландырудың негізгі көзі жерасты суларына негізделсе, ол мәселеде құдық қазу ісіне басымдық берілген. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ережеге сай инвестициялық субсидия құдық қазу үшін беріледі, яғни субсидияланатын шығындар тізбегіне құдықты салу, құрылыс-монтаж жұмыстарын есептеудегі шығындар, көшпелі су тасығыштарды сатып алу және орнату жұмыстары жатады. Бағдарламада аталған шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялауды қарастырған. Бір шахталы құдық қазу үшін шамамен 3,5-5 млн теңге, құбырлы құдық-ұңғымаларға 6,2-8 млн-ға дейін қаржы шығындалады. Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2018 жылы өңірде 60 құдық қазу жоспарланған. Бізге осынша шығын шығарып жаңа құдықтар қазған тиімді ме, әлде барды жаңғыртып, ескі құдықтардың көзін аршу арзанға түсе ме? Әрине, техниканың жетілген заманында көне құдықтардың көзін аршып, тазарту әлдеқайда арзан. Сондай-ақ кеңестік кезеңде аймақты сумен қамтитын екі іргелі мекеме болды, осы мекемелердің атсалысуымен Үстірт үсті толықтай игеріліп, мал отарларын қойнына толтырып, оларды құдық суымен жеткілікті суарып шығаруға қазірге дейін дайын күйінде тусырап жатыр. Маңғыстаудың ауылшаруашылығында малшаруашылығына басымдық бере отырып, жаңадан ашылған жеке шаруа қожалықтары үшін құдық қазумен бірге, үстірт үстіндегі, жалпы аймақтағы құдықтарды адыра қалдырмай кәдеге жарату мәселесі тұр.
Құдықтар жайлы ойға оралатын екінші бағыт – көненің көзі, кешегі қол қайраты және қайла, сүймен сынды қарапайым құралдарың күшімен жасалған жансебіл еңбектің жемісі – құдықтардың барлығын болмағанмен суы мол, тарихы терең, өзіндік жасалу ерекшелігі бар құдықтарды, шыңырауларды тарихи-мәдени мұралар санатына енгізу. Өйткені жанқиярлық еңбекпен, шеберлікпен жасалған құдықтарды сәулет өнерінің бір сілемі десек немесе сәулет-құрылыс ескерткіштерінен кем түспейді десек қателеспейміз. Аймақтағы құдықтардың картасы әзірленіп, қай жерде қандай құдық бар екендігі тарихи тұрғыда хатталып, болашаққа мұра ретінде жетуі тиіс. Әйтпесе, көзі бітеліп, топырақ басқан құдықтардың болашақта құмда ізі, сайда саны қалмайтыны белгілі.
Шөл далада тіршілік көзі болған құдықтарға қамқорлық қажет-ақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы