• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Қараша, 2018

Қостанай қанаттандырған қаламгер

562 рет
көрсетілді

Белгілі журналист-жазу­шы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті сый­лығының лауреаты Қайсар Әлім  – Қостанай қанаттандырған қаламгердің бірі. 

Қайсар Әлім 55 жыл бойы қазақ журналистикасының қазанында қайнады,  соның ішінде  «Егемен Қазақстанда» да қызмет етті, әдеби шығармалары да оқырманын тапты. Қайсар­дың қазақ әдебиетіндегі қарым­ды қаламгер Әзілхан Нұр­шайы­қовпен 34 жыл бойы жазысқан хаттары эпистолярлық жанрдағы елеулі шығарма болып табылады. Сонымен қатар ол – журналистика көзмайын тауысып оқуды,  маңдайтерін сүртіп жүріп жазуды қажет ететін мамандық екенін замандастарына дәлелдеген, еңбекқорлығы кейінгіге үлгі болатын қаламгер. 

Кеште алдымен Қайсар Әлім туралы арнайы жасалған деректі фильм көрсетілді. Қостанай облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қа­ламгерді құттықтап, иығына ша­пан жапты. Арқалық қаласы, Амангелді, Жанкелдин аудандары әкімшіліктерінің өкілдері де қаламгерге туған жердің сәлемін жеткізді. 

Осы кешке арнайы келген белгілі экономист ғалым, профессор Сайлау Байзақов інісіне риясыз тілегін айтса, ақын Қор­ғанбек Аманжол Қайсар Әлім­нің шығармаларына арнайы тоқталды. 

– Міржақыптың сүйегін алып келуі, Кейкі батырдың бас сүйегін әкелуге қатысуы сияқты қоғамдық-азаматтық істерді атқа­ра жүріп, оны мөлдірете жа­зып, оқырманға жеткізуін, бас­қа публицистикалық, әдеби шығармаларын былай қойғанда, Әзілхан Нұршайықовпен 34 жыл ұдайы хат жазысуы – үлкен еңбек, қазақ әдебиетінде эпистолярлық жанрды Қайсекең шегеледі деуге негіз салады, – деді Қорғанбек Аманжол. 

Мұнан кейін сөз алған Қайсар Әлімнің қостанайлық әріптестері, ақын Жолбарыс Баязид, жазушы Ғұмар Ахметчин және тағы басқалар оның публицистикасы мен маңызы жоғалмайтын, уақыт шежіресі болып қалатын шығармаларға жоғары баға берді. 

Кеш соңында Қайсар Әлім өзін қаламгер ретінде қанаттандырған Қостанайға келіп, жерлестерімен қауышқанына, мерейтойына орай оқырмандарымен кездескеніне ризашылығын білдірді. Қазаққа ірі ақындар мен ғалымдарды берген құтты жер – Қызбелі туралы тебірене сөйледі. Жүрегінде туған жерге деген махаббатты алақанында аялаған шырақтай сөндірмей ұстау адам рухының жоғарылығы мен тазалығын біл­дірсе керек. Ал 1965 жылы жас Қай­сар күнделігінің бірінде: «Бір түсінетінім – сағыныш деген жан дерті екен, сол дертті шақыратын аңсарлы ауылың екен. Ие, Жаратылысы бөлек ауы­лым менің!» деп жазыпты. 

– Туған жер дегенде алдымен Қызбелді айтамын. Қостанайда қанша ауыл бар, соның біріндей ғана кішкене менің Қызбелімнен Алаштың қаншама арыстары түлеп ұшқан. Міржақып Дула­тов, Сейдәзім Қадырбаев, Әл­мағамбет Қасымов, Асқар Зака­рин, әлемге белгілі академиктер Фазылхан Бәйімбетов, Сайлау, Сәбит Байзақовтар – менің ауылымның мәңгі мақтаныштары! Мен Қостанай өңірінде болып жатқан жаңару, рухани жаңғыруларға, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың басшылығымен соңғы жылдары жүзеге асып жатқан эконо­микалық табыстарға қуа­намын. Сіздермен қауышу қаламгер үшін бақыт, соны мен де сезініп тұрмын», деді қаламгер жер­лестеріне.

Кешті облыстық филар­монияның әншілері Манапбек Қадіров пен Талғат Молдағалиев әнмен өрнектеп отырды. І.Омаров атындағы қазақ драма теа­трының әртістері Қайсар Әлім шы­ғармаларынан үзінділер орын­дады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ