• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Қараша, 2018

Ақиқаттың алдаспаны

1022 рет
көрсетілді

Шерағаң – шарболаттай­ ша­мырқанып сөйлегенде шын­­­дықтың шырақшысына, ақи­қаттың алдаспанына айналған қазақ баспасөзінің бас баһадүрі, сайыпқыран сардары Шерхан Мұртаза ағамыз бақилық болғалы да қырық күн өтіпті. Қырық күн бұрын қайран Шерағаң өзі айтқан «бір кем дүниеден» озып, ғапылдан ғайыпқа, пәниден бақиға – Айша анасы мен Тұрар көкесі мекен еткен мәңгілік ға­рышқа сапар шеге барды. Сол күні халық қадірлі қайраткер қаламгерімен қимай қоштасты. Ақбас Алатау мен ару Алматы елмен бірге егіліп тұрды...

Қылшылдаған жиырма-жиыр­­ма бестерінде жасындай жар­­­­­қылдаған, отызында ор­да бұзған, қырқында қамал ал­ған, елуінде халқының арқасүйер Ері болып, алпысында ақыл­ман Абызына айналған Шер­ағаңның ұлттың ұлы мұраты жолында намыс найзағайын шатырлатпаған кезі сірә жоқ шы­ғар. Заңғар жазушылығын былай қойғанда, Шерхан Мұртаза есі­мі тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі қазақ баспасөзінің жарты ғасырдан астам дерлік тұтас дәуірін айшықтайтын тұғырлы тұлғасы. Осы жылдар ішінде Шер­ағаңның шекпенінен шыққан жа­зушы-журналистердің толқын-толқын қосыны жасақталды, олардың арасында Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей сынды көрнекті шоғыры ұлт руханиятының айтулы тұл­ғалары дәрежесіне жетті. Шер­ағаңның шекпенінен шығу қа­зақ журналистері үшін бақыт, мақтаныш. Ал «Шерағаңның шекпенінен шыққан» деген сөз орыс әдебиетінің алтын ға­сы­рындағы Ф.Достоевский айт­қан: «Бәріміз Гогольдің «Шине­лінен» шыққанбыз» дейтін әй­гілі афоризмімен бірдей қазақ қанатты сөздерінің алтын сан­дығын нұрландырады. 

Бізге Шерхан Мұртаза аға­мыздың тәуелсіздіктің елең-алаң арай таңындағы алмағайып өтпелі кезеңде Отанымыздың бас газетінің бағытын айқындап, басында тұрған жылдардағы кәтепті қаранар қызметі айрықша қымбат. Ол басқарған жылдар газетке үлкен серпіліс әкелді. Жолбарыс жүректі, абыз тілекті, балуан білекті Шер­ағаң осы кезде егемендікке бір­­жола бет бұрған елдік сая­саттың батагөй ұраншысы бол­ғаны анық. Кеңестік кердең сая­саттың кетеуі кете қоймаған социалистік қоғамда тұрып-ақ бұл социализмнің ниеті түзу болғанымен, халық сенімін ақтамағанын газет бетінде алғаш айғайлатып ашық айтқан да Шерхан Мұртаза. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен елді­гіміз бен бірлігіміз, тәуел­сіздік мұраттары, егемен елдің басқа да сан қилы мәселелері хақында кең көлемді, темірқазық мақсатты айқындар мағыналы сұхбаттар жасап ұйымдастырудың, Мемлекет басшысының шетелдердегі алғашқы сапарларын келісті көрсетудің бұрын болмаған керемет үлгі-үрдістерін бастап берген де Шерхан аға. Сол сапарларда шеттегі қандастарымыз жайлы айтқан да, олардың атамекенге деген шерлі сағынышын алғаш жеткізген де айкөл Шерағаң. 

Бүгінде Шерхан Мұртазаның «редакторлардың редакторы» деп аталуы өте әділ баға! Ол шын мәніндегі халық сүйіп оқи­тын оқылымды, батыл идеялы, өзі сияқты баһадүр газет жа­саудың хас шебері болды. Ре­дактор ретіндегі басты ер­лік­терінің бірі – социалистік қо­ғам­ның сірескен мұзы әлі жі­бі­меген кезде «Социалистік Қа­зақ­стан» газетінің атауын бар қа­жыр-қайратын жұмсай отырып, «Егеменді Қазақстан» деп ауыстыруы дер едік. Бұл 1991 жылдың 18 маусымы болатын. Содан бері ел газеті «Егемен» де ақиқаттың, әділеттің ақ жолынан адаспай, ұлттың мүдде-мұратын ұлықтаумен келеді.

Алаш арыстарының жолын жалғастырған Шерағаңның өмір­шең өнегесі бізге абыройлы ама­нат, сондықтан ол еліміздің жүз­жылдық жылнамасымен бірге жасай береді... 

Рухыңыз пейіште шалқысын, алдаспан аға... 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ