Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 5 қазанында ел халқына жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет деген болатын. Елбасымыз айтып отырған осы міндет үдесінен шығудың бір жолы шынайы патриоттардың парасатты қимылы.
Кір жуып, кіндік кескен жер, тонның ішкі бауындай араласқан ағайын жұрттың ортақ мәселесі, бір арнада тоғысатын арман-мұраты ел еңсесін тіктеуге бойындағы бар қажыр-қайраты мен ерен еңбегін сіңіріп жүрген азаматтардың бір бүйірінде жүргені қандай жақсы. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем Костычево ауылында дәл қазір бір-біріне иық тиістіре бой көтерген, құрылысшы қалағынан жаңа шыққан әдемі ғимараттар тұтас бір ансамбль құрып тұр. Мектеп жанында даңғарадай спорт залы салынып жатыр. Еңселі ғимарат пайдалануға берілген кезде жаңа заманның талабына толық жауап беретін спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Жасыратыны жоқ, бұрын шалғайдағы елді мекенде спорт пен денешынықтыру туралы сөз қылудың өзі қиын болатын.
Спорт зал жайында сәл таратып айта кету де керек шығар. Бұл жобаны болашақты ойлаған ауылдағы шаруашылық басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Виталий Камышанский қолға алған. «Жарқайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры биыл спорт залдың құрылысына 15 миллион теңге қаржы бөлсе, келесі жылы да соншалықты қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
– Бұл біздің аудандағы елді мекендердің ішіндегі алғашқы ғимарат, – дейді аудандық спорт бөлімінің жетекшісі Азамат Баймулдинов, – баянды бастаманы қолға алып отырған азаматтардың үлгісі өзгеге жұғысты болса, қандай ғажап. Виталий Петрович – аудандық спорт федерациясының вице-президенті. Қазіргі күні ауыл спортын дамытуға ат салысып жүр.
Үркердей шағын ауылдағы жағымды жаңалық жалғыз спорт зал ғана емес. Ылдиға тепкен тасы төске өрлеп тұрған, бұл күнде ойға алған ісі оңынан оңғарылған кәсіпкер Балғабай Қабжановтың өз елінде мәдениет ошағын салмақшы деген ниеті барын естіген жұрттың жүрегі жылып қалған. Ат төбеліндей ауылда табан аудармай отырған жұрттың бір сәт бой жазып баратын жері, жай ғана бармай, рухани азық алатын, көңіл көтеретін ортаның болмауы көңілді жабырқататын жай еді.
Бизнесмен бұған дейін де ауылдың ажарына өзгеше салтанат кіргізу үшін үлес қосып келе жатқан болатын. Бұл жолғы мақсат «Костычево» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін 75 миллионға түсті. Алдымен серіктестік директоры Балғабай Қабжанов халықты жинап кеңес өткізген. Биылғы егін шығымы жақсы. Ақық дәнді ысырап етпей жинап алса, елдің игілігі молаятын түрі бар. Ал мәдениет үйін жаңғырту, кез келген мегаполистегіден кем етпей жабдықтау жайын сол берекені баптап отырған еңбекші қауым қуана құптаған. Бәріне ортақ жағымды жаңалық емес пе?
Егін орағы әлі басталмаса да тәп-тәуір табыс әкелетініне сенімді серіктестік басшысы айтқан уәдесін егінге орақ түспей-ақ орындап шықты. Жаңа мәдениет үйінде өткен ең алғашқы мәжіліс те егін орағына орайлас өткізілді. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Жарқайың ауданының активімен жиналыс өткізген. Серіктестік басшысы мен ұйымшыл ұжымның құрыш қолдарынан туындаған тамаша мәдениет үйін көпшілік көріп дән риза болған. Ризашылық сезімі өз алдына, бұл қатарлас қонған өзге серіктестік басшылары үшін әдемі мысал болатын. Бүгінгі күні еңселі, жарық та сәулетті мәдениет үйі ауылдастарының рухани дүниесін байытуға қалтқысыз қызмет етіп, ел ішіндегі мәдениет пен өнердің өрісін кеңейтуге септігін тигізіп тұр.
– Жергілікті шығармашылық ұжымдар екінші тынысын ашып, ел мерейі үшін еңбектенуде, – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Светлана Хальзова, – енді бұл жерде талай дарынның бағы ашылып, өз өнерлерімен өлке жұртына танылып, қанаттанатын болады. Қазір «Айгөлек» би ансамблінің шығармашылық әлеуеті дамып келеді, оған қоса театр үйірмесі «Гүлдер-ай» халық аспаптары ансамблі шеберліктерін шыңдауда.
Бүгінгінің бейнесін жаңа қырынан байы-тумен бірге өткеннің өзекті мәселелері де қамтылған. Сонау тың көтеру жылдары алғашқы қазығын қаққан елді мекеннің жемісті де жеңісті шежіресі жинақталып, өлкетану музейі де қалыптасу үстінде. Өз мекендерінің өткеніне, ауылдастарының тағылымды тарихына бейжай қарамайтын ел адамдары қолдарындағы тарихи мәні бар-ау дейтін жәдігерлерін осы музейге әкеліп табыстауда. Мұның барлығы кейінгі жас толқын үшін өмірлік өнеге, сәтімен сабақталған мысал.
Дарқан дала төсінде өз қоныстарын ғана емес, байтақ отанын өркендетуге ғажайып үлес қосқан ауылдастарының еңбектегі ерлігі, қомақты қоғамдық істері, қол жеткізген табыстары, тіпті жекелеген кейіпкерлердің кісілік келбеті, азаматтық ажары сомдалмақ. Жалғыз ол ғана емес, ел ішіндегі ымыра, бірлік, талассыз тіл табысқан ұлы достықтың өшпес торабы да қолмен қойғандай айқын көрініс таппақ. Мұражайдың табалдырығынан аттаған жас толқын қас-қағым сәттің ішінде өз елінің кешегісіне қанығып, ертеңіне өзі үлес қосатын сезімге жас көкірегін толтырып шығатын болады.
Жаңа мәдениет үйінде аудандық балалар музыка мектебінің филиалы ашылған. Бұл енді бұрын-соңды ел құлағы естіп көрмеген елеулі жаңалық. Қазір аталмыш филиалда ауылдың 15 баласы білім алуда.
Өтпелі кезеңнің өкпек желіне тоңған ауыл тұрғындары өз өмірлерінің түбегейлі өзгергендеріне шын ниеттерімен қуанышты. Ауыл ажарын ашуға жалғыз мәдениет үйі ғана емес, өзге де талпыныстар үлес қосып, мазмұн үстеуде. Мәселен, ел қамын жеген серіктестік басшысы Балғабай Қабжановтың бастамасымен ауыл ортасында «Мен өз ауылымды сүйемін» деп аталатын көрікті орталық салынған. Бұл жайлы ауылдық округтің әкімі Гафурбек Байдилдин жыр қылып айтады:
– Дәл осы жерге табан тіресеңіз, жанашырлықтың арқасында қыздың жиған жүгіндей құлпырған ауыл тұп-тура алақаныңызға салғандай көрінеді. Оң жағыңызға қарасаңыз іші қыз-қыз қайнап жататын, төңірегіне өнер мен мәдениеттің шуағын сепкен Мәдениет үйі, одан сәл әрірек барлық талапқа сай жатақхана көрінеді.
Айтқандай бұл жатақхананы салуға серіктестік 5 миллион теңге қаржы жұмсапты. Жас мамандарға арналған. Жалғыз шаруашылықта жұмыс істейтін мамандар ғана емес, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген, елге қажетті мамандық иелері де осында қоныстанады.
Ауыл көшелерінің дені қатты жамылғымен қапталған. Үстіміздегі жылы шаруашылық есебінен тағы да екі көше күрделі жөндеуден өткізілуде.
Азаматтардың шарапаты өз ауылдарына ғана емес, өзгеге де тиіп тұр. Мәселен, кәсіпкерлер аудан орталығынан шығатын автокөлік жолын жөндеуге де қаржы бөлуде. Жол болмаса, қанша жерден гүл жайнап тұрса да, шалғайдағы ауылға түзу жолмен жүруді мұрат тұтатын жас мамандар келе қояр ма?
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы