Адамның ғұмыры өмірдің өрі мен өткелінен тұрады. Тағдыр сыйы талмас еңбек пен табанды ерік-жігерден таралған тамыр іспетті. Біздің буын өкілдері еңбек еткенде болашаққа әрқашан зор сеніммен қарадық. Біздің негізі арманымыз – қазір еңбек етіп жүрген жастар, балаларымыз нық сенімді болғанын қалаймыз. Мемлекет және қоғам қайраткері, абзал азамат Жәнібек Кәрібжановты қазақ елі жақсы біледі. Ол туралы жылы ілтипат айту – мен үшін мақтаныш. Олай болса жетпістің өріне шыққан замандасымыздың өнегелі еңбек жолын санамыздан санамалап бір өткізейік.
Жәнібек Сәлімұлы еңбекті ерте еншілеген, қиыншылықтың бар ауыртпалығын бала шақтан белі қайыса көтерген буынның өкілі. Уақыт сынымен шыңдалған өзіндік өмір-өрнегі бар.
Кейбір сырласқан сәтте «Туып-өскен ауылым Ресей Федерациясының Омбы облысына қарасты Шарбақкөл ауданындағы Айбас атты қазақы ауыл еді. Ұлы аталарым Әжімбет би бастаған 15 мың отбасынан тұратын көш Бурабай, Сырымбет, Айыртау өңірлерінен аттанып, Омбы облысының оңтүстік-батыс жағына қоныс аударып, мекен етті. Еліне, халқына сыйлы Әжімбет би бабамыз қазақ елінің ұлылары қатарында Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесінде жерленді. Айбас топырағы құнарлы, қалың орман қоршаған, өмір сүруге ыңғайлы жер», деп еске алады Жәнібек Сәлімұлы. Шулаған қалың қарағай, сал самырсындар, ақ қайыңдар бұл жерде өте қою. Орнықты ой-пікірі, жарасымды жүріс-тұрысы Жәнібек Сәлімұлының көргенді отбасынан шыққандығын айғақтай түскендей. Әкесі Сәлім өмір бойы мұғалім болып қызмет атқарды, басында математика, содан соң химия, биология пәндерін оқытты. Еңбек кітапшасында бір-ақ жазу бар – «Томар орта мектебінің мұғалімі» деген. Балаларын адал өмір сүруге бағыттады. Бау-бақша салып, жермен жұмыс істеуге үйретті. Шешесі Халима үлкен қызмет істемесе де, ұйымдастыруға өте шебер, ұқыпты жан еді.
Кәрібжановтар әулетіне ұйытқы болып, 8 бала (2 ұл, 6 қыз) тәрбиеледі. Үлкені Жәнібек тәуелсіз қазақ елінің мақтанышы болса, кішісі Қайрат еліміздің танымал азаматы.
Елуінші жылдардың жағдайы белгілі. Соғыстан кейінгі қиындықтар, тапшылық... Жәнібек Сәлімұлы жас кезінен оқумен қатар жұмыс істеп, үйдегі балалардың үлкені ретінде әке-шешесіне қолғабыс жасады. Жаз болса қысқа дайындық: шөп шабу, отын жинау, көкөніс, картоп өсіру, жеміс-жидек жинау, оған қоса совхозда жұмыс істеп, ақша табу. Қыста мал бағу, отбасын отын-сумен қамтамасыз ету. Оқуды жақсы оқыды. Әсіресе математика пәнінен үздік болды. Облыстық және облысаралық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Мектепті күміс медальмен бітірді. Осы белесті игеруге білім беріп, тәрбиелеген ұстаздары Исақан Сатыбалдин, Нартай Кемеңгеров, Сүннат Райысов, Ғосман Рахымов, Есім Бейсекеновтің қосқан үлестері сүбелі. Өзімен бірге өскен Шора Мұсақаев, Темірхан және Қайырбай Ибраевтармен бүгінде етене араласып тұрады. Айбас ауылы намысшыл жігіттердің ұясы екен. Еңбектегі тындырымдылығы оны тағдырдың қиындықтарынан құтқарды, қиналған сәттерден адалдығы алып шықты, тар-талқыда әділдігі қорғады. Көптің алдында қазақша-орысша шешен сөйлеуі, сауатты сөз саптауы, көпті тыңдата білуі өмір жолында көп көмегін тигізді.
Жәнібектің өмірбаяны көпке өнеге боларлықтай. Институт бітіргеннен кейін экономикалық кибернетика кафедрасында мұғалім болып қалу жөніндегі профессор М.Семеновтың ұсынысын қуана қабылдады. Бірақ мұндайда білім деңгейін көтеру керектігі сөзсіз. Сондықтан жарияланған конкурстан өтіп, Мәскеудегі Бүкілодақтық кибернетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсті. Оқу оңайға түскен жоқ. Осы саланың дамуына қомақты үлес қосқан академик С.Шаталин, профессорлар М.Лемешев, И.Попов, М.Семенов, Р.Хабатовтардан дәріс алды. Кеңес одағы ғылым академиясының Орталық математикалық-экономика институтында диссертация қорғады, экономика ғылымдардың кандидаты дәрежесіне ие болды. Зерттеу тақырыбы − «Ауыл шаруашылығының механикаландыру үдерісін экономикалық-математикалық модельдеу арқылы зерттеу». Ол үшін динамикалық математика моделін құру әдістерін іздестірді. Оқыған-тоқығанын жүзеге асыру мақсатында ғылымның пайдасына зәру алыстағы ауылдарға аттанды. Қызмет ету үшін Қазақстанға келді. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны мамандарға тапшы Торғай облысына жіберді, Арқалықтан 400 шақырым қашықтықта тұратын Октябрь ауданындағы «Заря коммунизма» совхозының бас экономисі болды. Үш жыл бойы шаруашылық экономикасын жан-жақты игергеннен кейін, көршілес совхозға директор болып тағайындалды. Қиындыққа қайыспау да қайраткерліктің бір қыры емес пе? Мойымайтын жан мұратына жетеді екен. Барлық іскерлік қабілетін көрсете білген Жәнібек Сәлімұлы да көңіліне сақтаған сол кездерге қатысты ойын жан-жақты жалғай түсті. Сол кезеңнің жақсы жағы мен жағымсыз тұстарын жуып-шаймай ашығын айта алатын білікті маман бола білді. Ол белгілі қайраткерлермен жұмыс істеді, олардың тәжірибелерін бойына сіңірді. Күні бүгінге дейін Николай Нефедченко, Мэлс Бабаев, Андрей Моисеенко, Қарамерген Дощановтардың игілікті істерін айтып отырады. Атқаратын жұмысын ақыл-ойына сүйеніп, жан-тәнімен беріліп істейтін Жәнібек Кәрібжанов – уақытпен санаспайтын жан. Президенттің тарихи шешімдері қабылданған қиын кезде қасында болып, еліміздегі айтулы қайраткерге айналды. Облыстарды басқарды. Министр де, Премьер-Министрдің орынбасары да, Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы да, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары да болды, үлкен саясаткер елші қызметін де абыроймен атқарды.
Қазақстанның тәуелсіздік дәуірі басталғанда Жәнібек Кәрібжанов Президент Әкімшілігінде бөлім бастығы, Көкшетау облысының әкімі болды. Міне, осы тұста атқарған сүбелі істері бүгінде ел аузында. Көкшетау – Щучинск тас жолын салдырудағы, Саумалкөл – Көкшетау – Бурабай су құбырын тарттырудағы, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның ордасын қайтадан тұрғызудағы істерін көкшетаулықтар ұмытқан емес.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл жұмыстың негізгі міндеті жекешелендіру және монополияға қарсы саясатты жүргізу ісі еді. Ол Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағалығын қоса атқарған уақыт болатын. Тәуелсіз елдің жаңа экономикалық нарық қатынастарына бет алған алғашқы сәттері еді. ТМД елдерінде, әсіресе көршілес Орталық Азияда бұл мәселенің қарқыны баяу да бәсең жүргізілді. Қазақстан шапшаң қарқынмен нарық тәсілдеріне бейімделіп, маңызды реформа үлкен іскерлікпен жүргізілді. Жәнібек Кәрібжановтың математикалық үлгіге сала білер пайымды да білгір экономист екені осы тұста пайдаға асты. Ол асқан ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Елбасының сенімінен шығып, аз мерзімде тапсырманы орындап шықты. Терең ақылға сүйеніп атқарған істерінің дұрыстығына төреші – уақыт көз жеткізді. 1993-1994 жылдары жаңа реформаларды іске қосып, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, өндірістік құрылымдарының базисін жасап, тұғырын бекіту дәуірі бастау алған кез болатын. Кеңестік жоспарлы экономиканың тұралаған, нарықтық экономикаға өту процесінің басталған шағы, халық шаруашылығын күрделі дағдарыстан шығару жолын іздестірген кезең еді. Жаппай өзгерістер мен күрделі реформалар іске қосылды. 1992 жылдан бастап екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік меншіктің он алты мың өндірістік ірі орындары жекешелендіруге көшті. Сол жылдары меншіктің 80 пайызы жекешелендіріліп, мемлекеттік меншікке барлық шаруашылық өндірістік құрылымдардың 16 пайызы ғана қалды.
Жәнібек Кәрібжанов сол кездері экономикалық жаңа реформалардың күретамыры – монополияға қарсы күресті де Премьер-Министрдің орынбасары ретінде байсалдылықпен, білгірлікпен бақылады. Сол жылдары құрылған кәсіпорындарды акционерлендіру республикамыздағы құнды қағаздардың пайда болуына және оның нарығының қалыптасуына үлкен әсер етті. Осындай ауқымды жұмыстар барысын ел Президенті Н.Назарбаев тікелей басқарып, қажетті шешімдер қабылдады.
Ауыл шаруашылығы ерекше жобамен жекешелендірілді. Өйткені бұл еліміз халқының 42%-ы үшін тағдыршешті фактор болды. Әртүрлі пікір болды. Ауыл шаруашылығы министрі, кейінірек Премьер-Министрдің орынбасарлығына тағайындалған Жәкең ауылдың реформа кезіндегі бағдарын анықтады. Оның ішінде топырақтың құнарлылығын арттыруды, өсімдік және асылдандырылған мал тұқымын кеңінен пайдалануды, жаңа технологияларды қолдануды дотация мен субвенция арқылы ынталандыру қажеттігін түсінді. Осы кезде ауылдағы жекешелендіру нәтижесін сараптап, әрі қарай жалғастыруға қажетті іс-шаралар белгіленді. Жерді нарық айналымына кіргізу үшін арнайы «Жер туралы» заң жобасы дайындалып, қабылданды. Шаруа қожалықтарының дамуына оларға қызмет жасау және өсірген өнімдерін өткізуге қажет құрылымдарды жасауға ұсыныс берілді. Елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жергілікті өзін-өзі басқару және қаржыландыру туралы жобалар үкіметке ұсынылды. Әр кезеңде сегіз жылдан астам уақыт үкімет мүшесі болғанда С.Терещенко, Н.Балғымбаев, Д.Ахметов, С.Әбішев, А.Есімов, А.Жабағин, А.Павлов, О.Жандосов, тағы да басқа танымал азаматтармен қызметтес болды.
Кадрларды іріктей білуі, адамдармен тіл табыса алуы, әрқайсысының қабілет-қарымын танып-бағалауы, мамандардың ой-пікірлерімен санасуы, өмірді көрген жандардың тәжірибесін тыңдай білуі, өтінішке түсіністікпен қарауы, кемшілікті болдырмау үшін көппен кеңесе білуі, жас мамандарға сенім артуы, қызметке барын салуы, басқарушылық білігін арттыра түскені сөзсіз еді. Мұндай қасиеттерді өмірден – өзі өскен ортаның өнегесінен алып бойына сіңіргені оның азаматтық қайсарлығын танытса, қарапайымдылығы мен кісілігі ел құрметіне бөледі. Осындай үйрену мен ілгері ұмтылу кезеңін, қызметке кір келтірмеуге деген құштарлығы мен адалдығын ең басты абыройлы міндеті әрі парызы санады.
Ұлы даланың бағы жанып, қазақ халқының мерейі үстем бола түсуі үшін астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің жөні бөлек болатын. Осы кезде талай сыннан өткен Жәнібек Кәрібжановты Президент Ақмола облысына әкім етіп тағайындады.
Еліміз еңсесін енді тіктеп, алға ұмтылып жатқан шақ. Қаржы тапшы. Бірақ осыған қарамай, қысқа уақытта Ақмола қаласын елорда мәртебесіне сәйкестендіру қажет болды. Президенттің тапсырмасы бойынша облыс әкімшілігі қала халқына қолайлы өмір сүруге жағдай жасау жұмыстарын жүргізді. Жылу, электрмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін екінші жылу-электр орталығы күрделі жөндеуден өтті. Ертіс – Қарағанды каналынан Вячеслав су қоймасына су құбыры тартыла бастады. Көшелер, тұрғын үйлер, олардың аулаларын тәртіпке келтіру қолға алынды. Әуежайдағы ұшақтардың ұшу-қону жолағы уақыт талабына сай қайта құрылды. Астананың айналасында жасыл аймақ құрыла бастады. 5 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылды. Ол күрделі кезеңде қол астында қызмет істеп, тәлім-тәжірибесін алып, әр уақытта қолдауына ие болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз риза. Ол Елбасының саясатын ел ішінде пәрменді жүргізген сарабдал сарбаз. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері – қазақ елінің абызы Бәйкен Әшімов, қазақтың біртуар азаматы Мақтай Сағдиев, әйгілі ақын Кәкімбек Салықовпен тығыз араласып, пікір алысып, асыл ақылдарына қанықты, оны бүгінде үлкен мәртебе санайды.
Кәрібжанов қай жұмыста болсын өзінің іскерлігін сарқа жұмсап, аянбай атсалысуын еш бәсеңдеткен емес. Халықтың әл-ауқатының арта түсуі жолында табандылық танытты. Жәнібек Сәлімұлы сүйікті Отанымыздың алдында атқарған жемісті еңбегі үшін «Парасат», «Достық» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Адал еңбектің арқауы, абзал азаматтың арлы ісі елеусіз қалмай, елінің құрметіне бөледі. Алғыспен жолы ашылып, ұстамды қырынан көрініп, ерен еңбегімен таза жүріп, айналасындағылардың ақ батасымен өмір мұраттарына абыроймен жеткеніне ел есінде қалған елеулі істері мен ізгілікті іздері, жүрегінің жалыны мен жеңісті де жемісті жылдары куә екен.
Азаматтың шаңырағы биік болса, ғұмыры да көшелі болады. Тағдыр қосқан сүйген жары Банумен 40 жылға жуық тату-тәтті тірлік кешіп келе жатқан Жәнібек Сәлімұлы өсіп келе жатқан ұлдарының өмірден өз орнын тапқандарына көзі жетіп, көңілі марқаяды. Жан жары Бану – педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Ал үш ұлы үш шаңырақ иесі. Нұрбегі – Қазатомпромда басқарушы директор, Асқар – дипломат, Қазақстанның Аустриядағы елшілігінде істейді. Ал Сұлтаны үлкен компанияда менеджер қызметін атқарады.
Жәнібек Сәлімұлы – өмірдің өрінде өнегелі із салып, жетпістің биігіне шығып, болашаққа деген сенімін шырақ еткен абзал азамат.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі