Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спор министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын талқылаған жиын өтті.
Жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары қатысты. Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы мақаласында айтылған, атқарылуы тиіс жұмыстардың әрқайсысына жіті тоқталып, алда атқарылар игілікті шараларға жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру жұмыстары басталып та кеткендігін жеткізді.
«Біздің министрлік – осы бағдарламаны тікелей іске асыратын негізгі мемлекеттік орган. Неге десеңіздер, Алтын адамның тарихын зерттеу болсын, энциклопедия, музейді құру болсын – біздің министрліктің құзырындағы шаруа. Сол себептен бүкіл мекеме басшыларының басын қосып отырыс өткізіп жатырмыз. Алдымыздағы нақты мақсаттар айқындалды. Ең тапшы дүние – уақыт. Елбасының өзі уақытты тиімді пайдалану керектігін айтып отыр. Сол себептен, осы тарихи еңбектердің аясында бір аптаның ішінде нақты ұсыныстарды беруіміз керек», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Министр халықтың көңілінен шығатын ұсыныстар айтылып жатқанын да жеткізді. Димаш Құдайбергеннің Лондонда үлкен деңгейде өткен концертін де атап өткен министр Қасым хан туралы да көркем фильм түсірілетінін айтты. «Қасым хан туралы фильмнің жобасы бойынша біз картинаның сценарийіне тапсырыс бердік. Сценарийдің қалай жазылғанына ден қоярымыз анық. Егер онда Қасым ханның барлық ерлігі мен өмірі қамтылса, әрі қарай жұмысты жалғастыратын боламыз. Режиссер «Ертұғрыл» сериалын түсірген түрік режиссері болады. Ол қазақстандық мамандармен бірге сценарийді жазып шықты.
Қазіргі таңда қазақстандық режиссерлер ірі жобалармен жүр. Ақан Сатаев «Тұмар патшайым» фильмінің түсіру жұмыстарын аяқтады. Рүстем Әбдіраш «Алмас қылыштың» жалғасына кірісіп кетті. Әлемдік деңгейге жету үшін біз мойындалған режиссерлер мен авторларды шақыруымыз керек», дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»