10 наурыз күні футболдан Қазақстанның ХХІ чемпионаты басталады
Биылғы маусымға «Шахтер» (Қарағанды), «Жетісу» (Талдықорған), «Ақтөбе» (Ақтөбе), «Астана» (Астана), «Ертіс» (Павлодар), «Ордабасы» (Шымкент), «Қайсар» (Қызылорда), «Атырау» (Атырау), «Тараз» (Тараз), «Тобыл» (Қостанай), «Қайрат» (Алматы) пен бірінші лигадан өткен Көкшетаудың «Оқжетпес», Оралдың «Ақжайық» және Қаскелеңнің «Сұңқар» командалары қатысады. Осы командалар жыл соңына дейін бір-бірімен өз алаңында және сырт алаңда екі реттен ойнап, чемпион және жүлдегер командаларды анықтайды.
10 наурыз күні футболдан Қазақстанның ХХІ чемпионаты басталады
Биылғы маусымға «Шахтер» (Қарағанды), «Жетісу» (Талдықорған), «Ақтөбе» (Ақтөбе), «Астана» (Астана), «Ертіс» (Павлодар), «Ордабасы» (Шымкент), «Қайсар» (Қызылорда), «Атырау» (Атырау), «Тараз» (Тараз), «Тобыл» (Қостанай), «Қайрат» (Алматы) пен бірінші лигадан өткен Көкшетаудың «Оқжетпес», Оралдың «Ақжайық» және Қаскелеңнің «Сұңқар» командалары қатысады. Осы командалар жыл соңына дейін бір-бірімен өз алаңында және сырт алаңда екі реттен ойнап, чемпион және жүлдегер командаларды анықтайды.
Байқап отырсаңыздар, биылғы маусымға бұрынғыдай 12 команда емес, 14 клуб қатысқалы отыр. Бұл да біздің чемпионаттың жылдан-жылға қарқын алып, жанкүйерлердің өзіміздің жарыстарға қызығушылықтарын білдіріп жатқанын көрсетсе керек.
Ал биылғы маусымға командалардың дайындығын жақсы деп бағалауға болады. Өйткені, командалардың бәрі былтырдан бері жылы жақтарда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, қатарларын тәжірибелі ойыншылармен толықтырып алды. Десек те, дәл қазір қай команданың ел чемпионы атанатынын, үздіктер қатарына қай клубтың кіретінін айту қиын. Биылғы маусымда бірінші лигаға түсіп қалатын командаларды да болжап айта алмаймыз.
Қазір командаларға жергілікті бюджеттен және демеушілердің көмегімен тиісті қаражат бөлінуде. Оның себебі де түсінікті. Бәрі өз өкілдерінің қамын ойлап, үздіктер қатарынан көрінгенін қалайды.
Мәселен, өткен жылғы чемпион «Шахтерді» алайық. Бұл команданы дамытуға бюджеттен 477 млн. теңге бөлінген. Оған «Арселор Миттал Теміртау» мен «ENRC-Көмек» компаниясы да көмек қолын созып отыр. Сондай-ақ, Қызылорданың «Қайсар» клубы да қалтасын толықтырып алды. Биыл командаға спортқа жаны ашитын облыс әкімдігі қомақты қаражат бөлген. Былтыр клубтың бюджеті 350 млн. теңге болса, биыл ол 574 млн. теңгеге жетті. Тағы айтатын нәрсе, облыста «Қайсардың» қамқоршылар кеңесі жұмыс істейді. Оған кіретін облыс әкімдігі, үлкен компаниялар, кәсіпкерлер мен жекелеген демеушілер командаға қолдау көрсетіп отырады.
Басқа командаларға келсек, биылдан бастап премьер-лигада ойнайтын «Ақжайық», «Оқжетпес» және «Сұңқар» клубтары да жаңа маусымға жан-жақты дайындықпен келді. Соның ішінде оралдық команда өткен жылы Қазақстан футбол федерациясының премьер-лиганың командалар санын 14-ке көбейту туралы шешіміне байланысты бірінші лигадағы төртінші орыннан іліккен болатын. Осыны бағалай білетін команда биылғы маусымда премьер-лигада қалу үшін бар күш-жігерімізді саламыз деп отыр. «Сұңқар» мен «Оқжетпестегі» жағдай да солай. Олар фаворит болмаса да аутсайдер болмауға күш салмақ.
Ал чемпионаттың фавориттерінің қатарына былтырғы чемпион – «Шахтер», «Астана», «Жетісу» және «Ақтөбе» командаларын жатқызуға болады. Сондай-ақ, өткен жылғы маусымды алтыншы орынмен аяқтаған Шымкенттің «Ордабасы» клубын да мықтылар қатарына қосқан жөн. Қазір олардың бәрі қатарын біраз тәжірибелі ойыншылармен толықтырып алды. Мәселен, бұрын Қостанайдың көкмайса алаңдарында ала допты шірене тепкен Нұрбол Жұмасқалиев «Астанадан» «Тобылға», Азат Нұрғалиев «Ордабасыдан» «Жетісуға» қайта оралды. Ал осы кезге дейін Түркияның «Диярбакырспор» клубында ойнаған Әли Әлиев болса, өзінің туған командасы – «Қайратқа» емес, Павлодардың «Ертісіне» келді. Осы команданың сапын тағы Ұлықбек Бакаев толықтырды. Сөйтіп, кезінде арабтардың қызыл ақшасына қызыққан өзбек легионері БАӘ-нің «Дубай клаб» командасында бір маусым ғана ойнап, Өзбекстанға емес, Қазақстанға қайта келуді жөн көріпті.
P.S. Биылғы маусымда командалар «Танго 12» добымен ойнайтын болады. 2012 жылғы Еуропа чемпионатының ресми добы кеше кешке «Астана-Арена» стадионында Қазақстан Суперкубогын сарапқа салған «Ордабасы» мен «Шахтер» командаларының ойынында сынақтан өтті.