Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов пен Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов Канаданың Галифакс қаласында өткен НАТО Парламенттік Ассамблеясының кезекті 64-ші сессиясына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сессия барысында халықаралық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері қаралды. Талқылауларда Еуропа елдерінде өтетін сайлау барысында сырттан төнетін сан алуан қауіптер мен олардың сайлауға араласуына қарсы тұру, оңтүстіктегі тұрақсыздық, Қара теңіз өңіріндегі демократия мен адам құқықтарына көмектесу, Қиыр Солтүстік пен Жерорта теңізінде азаматтарды қорғау, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы, Альянстың ғылыми-технологиялық артықшылықтары, Батыс Балқандағы қауіпсіздік, сондай-ақ НАТО-ның арнайы жедел күштерінің рөлі мәселелері қозғалды.
Сессияға қатысушылар Шығыс және Орталық Еуропадағы энергетикалық қауіпсіздік, сауда халықаралық жүйесі мен ғарыш саласын дамытудың келешегі жөнінде пікір алмасты.
Сессия аясында қазақстандық депутаттар Канада Парламенті Қауымдар палатасының төрағасы Джефф Риганмен және канадалық сенатор, «Канада-Қазақстан» достық тобының тең төрағасы Джозеф Дэеммен кездесті. Кездесу барысында депутаттар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жоғары деңгейге көтеру қажеттігін, сондай-ақ Қазақстан мен Канада парламенттері арасындағы байланыстарды белсенді жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар британдық депутат, Ұлыбритания палатасының Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі партия тобының жетекшісі Боб Стюартпен және Түркияның депутаты Камил Айдынмен кездесулер өтті.