Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған бір топ осы палата депутатын қабылдады. Елбасының биылғы Жолдауын ел ішінде насихаттау, бұл тарихи құжаттан туындайтын негізгі міндеттерге байланысты халықпен пікір алысу мақсатында өңірлерді аралап қайтқан халық қалаулылары Мемлекет басшысына өз сайлаушыларымен болған осы жүздесулердің қорытындысы туралы баяндап берді.
Қабылдауда бірінші болып сөз алған Орал Мұхамеджанов Елбасының тапсырмасымен өңірлерді аралап қайтқан Мәжіліс депутаттарының еліміздің 350-ден астам елді мекендерінде болып, 100 мыңнан астам адамды қамтыған 800 кездесу өткізгендігін көлденең тартты. Ол жеке өзінің Ақмола облысын аралап, тұрғындар арасында Жолдаудан туындайтын міндеттерді насихаттау барысында бірқатар игі бастамаларға куә болғандығын жеткізді.
Мәселен, Зеренді ауданындағы 19 адам ғана еңбек ететін бір кәсіпорынның 1 миллиардтан астам теңгенің өнімін өндіретіндігін айтты. Бұл кәсіпорын шетелден сүт тазалайтын арнайы сепараторлар сатып алып, халықтан сүт қабылдаумен айналысады екен. Олар озық технологияға негізделген 5 қабылдау нүктесін ашып, халыққа қызмет көрсетеді. Жергілікті тұрғындардан қабылдап алған сүттің әр литріне 40 теңгеден қолма-қол ақша төлейді. Өнімді жоғары стандарттарға сай өңдеп, тұтынушыларға жеткізеді.
Владимир Бобров жергілікті жерлерде кездесулер өткізген кезде ардагерлердің Жолдауға ерекше қолдау білдіргендігін атап көрсетті. Маңғыстау облысының сайлаушыларымен жүздесіп қайтқан Кенжеғали Сағадиев өңірдің ірі экономикалық жетістіктерге қол жеткізіп отырғандығын айта келіп, бұл облыста шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың саны соңғы жылы 2 есе өскендігін, сонымен бірге мұнда “Жол картасы” аясында ашылған жұмыс орындарының 3 есе көбейгендігін жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан облысы сайлаушыларының тілегін жеткізген Төлебек Қосмамбетов өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында атқарылып жатқан оң жетістіктерге назар аудартты. Светлана Ферхо Елбасының Жолдауында атап көрсетілген халықты әлеуметтік қорғау шараларына тоқтала келіп, шығысқазақстандықтардың осы жылдың бас құжатындағы “Балапан” бағдарламасына зор ықыласпен қолдау білдіріп отырғандығын айтты. Шавхат Өтемісов пен Тәңірберген Бердіоңғаров та сайлаушылардың еліміздің алдағы он жылға арналған даму бағдарламасын айқындап берген Елбасы Жолдауына ерекше ықылас білдіріп отырғандығын тілге тиек етті.
– Біз өте үлкен жұмысты қолға алдық. Елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 10 жылға арналған бұл жоспары біздің өткен 18 жылда жасаған жұмысымыздан да қиын әрі күрделі. Сондықтан осы атқарып жатқан жұмыстарымызды халық білуі керек. Сіздердің өңірлерді аралап, елмен жүздесіп қайтқан бұл сапарларыңыздың да маңызы үлкен, — деді Елбасы депутаттармен жүздесу барысында сөйлеген сөзінде.
Одан әрі Елбасы индустриялық-инновациялық даму болашағын айқындау үстіндегі елдердің бар екендігін, Ресей де осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқандығын, бұл ретте біздің халықаралық дәрежеде үлкен бәсекеге түскенімізді атап көрсетті. Тек қана шикізатқа сеніп отыратын болсақ, онда жағдайымыз мүшкіл болатындығын әлемдік дағдарыс көрсетіп берді. Басқалар біздің шикізат шығаратын ел ғана болып қалғанымызды қалайды. Бірақ еліміздің ертеңі үшін біз осындай ауыр міндеттерді алға қойып отырмыз, деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
– Сіздердің сөздеріңізден байқалып отырғанындай, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселе екендігі белгілі. Осы мақсатта біз бірқатар игі жұмыстарды жүзеге асырдық, – деді Елбасы. Одан әрі Мемлекет басшысы өткен жылы дағдарысқа қарсы қабылданған “Жол картасы” негізінде еліміз бойынша ұзақ жылдардан бері қолға алынбай келген коммуналдық жүйелерді, ішкі жол құрылысын, әлеуметтік салалардың ғимараттарын жөндеуде атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. Елбасы Жолдауда еліміз бойынша балабақшалар тапшылығын жою мақсатында ауқымды міндеттер белгіленгендігін, Алматы және Астана қалаларында бұл проблемалардың таяудағы үш жыл ішінде, еліміздің қалған өңірлерінде 2020 жылға дейін толық шешім табатындығын айтты.
Елбасы дағдарыс кезеңінде тоқтап қалған ірі кәсіпорындардан босаған жұмысшыларды еңбекпен қамту мақсатында 2009 жылғы “Жол картасының” ерекше шешуші рөл атқарғандығын айта келіп, бұл игі бастаманың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын ескертті. Бұл орайда 2020 жылға дейінгі бизнестің жол картасының маңызы ерекше болмақ. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда ерекше атап көрсетілген еңбек өнімділігі мәселесіне жан-жақты тоқталды. 2020 индустриялық-инновациялық даму стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыруда еңбек өнімділігін арттырудың өлшеусіз ықпалы болмақ. Осы орайда Елбасы Астанада ашылған локомотив депосында қазіргі күннің өзінде әрбір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігінің 90 мың долларға жетіп отырғандығын атап айтты. Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қозғаушы күші еңбек өнімділігі екендігі даусыз.
Қабылдауда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы елімізде жұмыс істеп тұрған салық жүйесіне байланысты жан-жақты пікір білдірді. Біз ТМД мемлекеттерінің ішінде ең төменгі салық көлемін белгіледік. Табыс салығы 10 пайыз болса, корпоративтік салық 20 пайызды құрайды. Мұндай төменгі өлшем ешбір елде жоқ, деді Президент. Сондықтан еліміздегі барлық бизнес субъектілерінің мемлекет қоржынына түсетін салықты дер кезінде және әділдікпен төлеп отыруы басты міндет. Сонымен бірге, Елбасы Жолдауда ерекше мән берілген еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесіне де ерекше тоқталып, осы мақсатта арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқандығын ескертті. Бұл комиссия құқық қорғау жүйесін реформалауға байланысты халықаралық тәжірибелерді жан-жақты зерттей келіп, үстіміздегі жылдың ішінде арнайы шешім қабылдауы керек. Жолдауда терең мән берілген білім беру саласын дамытуға байланысты сөйлеген сөзінде Президент Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – “Жаңа халықаралық университет”, “Арнаулы қор”, Интеллектуалдық мектептер сияқты ірі жобаларды айта келіп, осы университет аясында ашылатын 4 ғылыми орталықтың жұмысына да ерекше тоқталып өтті.
– Біз еліміздің алдағы онжылдықта даму стратегиясын анықтайтын үлкен бағдарлама қабылдадық. Бұл өміршең міндетке бүкіл халық болып жұмыла кіріссек, мақсатымызға жетеміз. Халқымыз, әсіресе, жастар мұны жақсы түсінуі керек. Алға аса үлкен мақсат қойып отырмыз. Әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруіміз, индустриялық-инновациялық ел болуымыз, шикізатқа тәуелділіктен құтылу сияқты мақсаттар Алатаудан да биік. Оның шыңына шығу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев.
Жылқыбай ЖАҒЫППАРҰЛЫ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.