Қыркүйекте, Facebook компаниясы он миллионға жуық қолданушысының деректері қолды болғанын мәлімдегеннен кейін технология индустриясында жүрген адамдардан мынадай қарапайым мәселені сұрай бастадым: Марк Цукерберг Facebook-тің қожайыны болуға лайық па?
Фархад МАНЖУ, «Нью-Йорк Таймс»
Елдің бәрі Цукерберг мырзаны осы қызметке лайық әлемдегі бірден-бір адам ретінде есептеді. Олардың қатарында Facebook-те жұмыс істейтіндер, компанияда қызмет атқарып кеткендер, қаржылық сарапшылар, венчурлық капиталистер, технологияға күмәнмен қарайтын белсенділер, Facebook-ті сынға алатындар мен оны қолдайтындар болды.
Бәріне ортақ жауап мынаған саяды: Егер Цукерберг мырза Facebook-тің негізін қалаушы, бас директоры, төрағасы және ең күшті акционері ретінде кейінгі кезде компания тап болған қиындықтарға жауап беруден жалықса да, түйткілдің бәрін түзей алатын өзі ғана.
Facebook-ті 34 жастағы Цукербергсіз елестете алатындар технология саласындағы ең алып компанияның түсініксіз хәлге түсетінін атап көрсетті.
Қазіргі таңда Цукерберг әлемдегі сайланбаған ең қуатты тұлғалардың бірі. Facebook жасаған шешімдер қоғам үшін үлкен өзгерістер әкеледі. Ал ол осындай хаостан мол пайда көреді.
Цукерберг басқа акционерлерге қарағанда 10 есе басым дауысқа ие болғандықтан, ол бүкіл билікке ие және ешкімнің алдында есеп бермейді.
Мұның өз себебі бар. Кейінгі жиырма жылда алпауыт технологиялық компанияларда басшылары жіберген қателіктері үшін кадр таңдау мен қаржылық қиындықтардан қиналатын жүйе қалыптасқан. Алып технология негізін қалаушылардың нақты келбетін жасады: компанияның тасы өрге домалағанда, бүкіл марапатқа солар ие болады; ал ісі алға баспаса, бәрін дұрыстайтын қаһармандар да солар.
Цукерберг мырзаның қателік жіберуі екіталай.
Құпия мәліметтердің тарап кетуінен бөлек, Facebook жаһандық демократияға нұқсан келтіретін оқиғаға да себеп болды. Оның қатарында 2016 жылғы АҚШ президентін сайлауға қатысты дау да бар.
БҰҰ-ның тергеушілері Facebook-тің Мьянмадағы геноцидке құрал болғанын айтып отыр. Сонымен қатар желі Үндістан, Оңтүстік Судан, Шри-Ланкадағы қақтығыстарға да әсер еткен. Бұдан бөлек құпиялыққа және жарнама беруге қатысты дау-жанжал болып, АҚШ-тың қазіргі билігі жауап алғаны, Facebook-ті қолданудың ойлау жүйесіне кері әсері туралы мәселелер де кездесті.
Соған қарамастан, Цукерберг Facebook-ті жөндейтінін қайта-қайта мәлімдеді. Қазанның соңында журналистер компанияның саяси жарнамаларды жоюға талпынысынан түк шықпағанын көрсетті. Мәселен, Vice News агенттігі АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс пен Илим ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – А.А.) ақысын төлеген делінген жарнамаларды сатып алған.
Цукерберг Facebook-ті түзету 2018 жылғы басты міндеті екенін мәлімдеді. Уәдесінде тұру мақсатында Portal деп аталатын хабтық құрылғыны қазанда жариялады. Құрылғы жарнама мақсатында қолдануға болатын деректерді жинамайды. Ол уәдесінде тұруға ерекше мән беруі тиіс. Өйткені Facebook-тің дерек жинау жүйесі күрделі болғаны соншалық, тіпті оны компания қызметкерлері де жете түсіне бермейтін сыңайлы.
«Меніңше кейінгі екі жылда ол әдейі қателік жіберді. Оның қателігінің себебі оның ешкімге есеп бермеуінде. Егер акционерлердің және төралқа мүшелерінің ықпалы көбірек болғанда, өзгерістерге тез куә болатын едік», дейді Facebook-тің бұрынғы қызметкері Сэнди Паракилас. Ол белсенді ұйым – Гуманитарлық технологиялар орталығының стратегия бойынша аға сарапшысы.
Өзгерістердің бірі – компанияны басқаруда төралқаның ықпалын күшейту. Trillium Asset Management инвесторлық фирмасы таяуда жариялаған акционерлер қарарын бірнеше штаттың қоры қолдады. Қарарда Цукербергтің Facebook төрағасы қызметінен бас тартуы міндеттелген. «Меніңше төралқа төрағасы міндетінен бас тарту кезінде оның шешім қабылдауға емін-еркін әсер етуіне мүмкіндік бермейтін құрылымдық өзгеріс қажет», дейді Trillium компаниясының директоры Джонас Крон.
Facebook-тің баспасөз хатшысы компанияның қарарға байланысты ешқандай шара қабылдамағанын мәлімдеді. Ендеше, оқиға былай өрбімек. Цукерберг Facebook-ті жөндейді немесе бұл ешкімнің қолынан келмейді. Ұнаса да, ұнамаса да қазіргі ахуал осындай.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»