Туған жердің тартылыс күші-ай!
Қостанай вокзалына Астана бағытынан келіп тоқтаған поездан Рәбиға әжейді қызы Клара мен күйеу баласы Сейсенбек алақанына салғандай, сүйемелдеп түсірді. Бәрінің де жүздерінен жолсоқты болып шаршағаны көрініп тұр. Қартайғанда адам бір бала болады деген рас. Шүйкедей кемпір вагонның алдында анасын күткен баладай бір сәт аңтарылып тұрып қалды. Риясыз жүзінде қуанғаны мен таңданысы аралас кейіп бар. Қостанайдан сегіз жасында кеткен Рәбиға әжейдің ғұмыр бойы көз алдынан кетпеген жатаған үйлер жоқ екен бұл қалада. Қостанай вокзалы айбынданып, зорайып көрінді. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жолаушылардан айналасына еркін қарап шола алмады. Жағасында ойнаған Тобыл өзені көріне ме дегені болар. Сосын әлсіз жанарын аспанға қадады. Аспан ғана өзгермегендей, сол бала кезіндегі тұнық көк зеңгір, анасының шүйкесіндей жұлмаланған ақ түбіт бұлттар қалқиды. «Мама жүріңіз, такси күтіп тұр», деген қызының сөзіне елең етіп, балаларының сүйемелдеуімен жай ғана алға аяңдады.
Туған жердің тартылыс күші-ай!
Қостанай вокзалына Астана бағытынан келіп тоқтаған поездан Рәбиға әжейді қызы Клара мен күйеу баласы Сейсенбек алақанына салғандай, сүйемелдеп түсірді. Бәрінің де жүздерінен жолсоқты болып шаршағаны көрініп тұр. Қартайғанда адам бір бала болады деген рас. Шүйкедей кемпір вагонның алдында анасын күткен баладай бір сәт аңтарылып тұрып қалды. Риясыз жүзінде қуанғаны мен таңданысы аралас кейіп бар. Қостанайдан сегіз жасында кеткен Рәбиға әжейдің ғұмыр бойы көз алдынан кетпеген жатаған үйлер жоқ екен бұл қалада. Қостанай вокзалы айбынданып, зорайып көрінді. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жолаушылардан айналасына еркін қарап шола алмады. Жағасында ойнаған Тобыл өзені көріне ме дегені болар. Сосын әлсіз жанарын аспанға қадады. Аспан ғана өзгермегендей, сол бала кезіндегі тұнық көк зеңгір, анасының шүйкесіндей жұлмаланған ақ түбіт бұлттар қалқиды. «Мама жүріңіз, такси күтіп тұр», деген қызының сөзіне елең етіп, балаларының сүйемелдеуімен жай ғана алға аяңдады.
– 85 жастағы адамға Талдықорған мен Қостанайдың арасы ұзақтық етеді екен. Анамыз жолдың ұзақтығын көтере алмай қала ма деп, келгенше уайымдадық. Анам соңғы жылдары туған жерін көп айта беретін болды. Ғұмыр бойғы сағынышын басайық деп, жол алыс болса да тәуекел етіп шығып едік. Шүкір, әйтеуір жеткіздік, – дейді Клара. Күйеу баласы Сейсенбек «анамыздың тарихи сәті» деп Алматы – Қостанай пойызының алдында суретке түсіріп алып жатыр. Олар орналасып алған соң, алдымен Қостанайдың орталығындағы Марал ишан атындағы мешітке барып, Рәбиға әжейдің атасы мен әкесінің, жеңгесінің, ағаларының аруағына құран бағыштатты. Уақытша жалдап тұрған пәтерлеріне Қостанай қаласындағы көнекөз қарт кісілерді шақырып, ас беріп, құран оқытты. Рабиға әжей өткен өмірінен сыр шертті. Қарапайым қазақ әйелі кешкен тағдыр туралы «Егемен Қазақстан» да оқырмандарына жеткізген болатын.«Адамның басы – Алланың добы» деген. Заманның дауылы мен жауыны, өкпек желі Рәбиға Жұматайқызы әжейді толқындағы жаңқадай лақтырып отырды. Атасы Айтуар Атбасар өңіріне белгілі бақуатты адам болса керек. Әкесі Жұматайды бай баласы деп Атбасардан Қостанайға жер аударғанда әйелінің аяғы ауыр болады. Осында келген соң, 1925 жылы келіншегі қыз тауып, атын Рәбиға қояды. Алдында Айтбай, Хамит деген ересек ағалары болады. Рәбиға 5-6 жасқа келгенше ғана ата-анасының бауырында болды. Алдымен әкесі қайтыс болады. Жеті жасқа келгенде анасы Мәрия да өмірден озады. Жетім қыз үлкен ағасы Айтбай мен жеңгесі Хадишаның қолында қалады. Ол мектеп жасына жеткенде елді есеңгіреткен аштық басталады. Айтбай ағасының бала-шағасы болады. Тұрмыс өте ауыр соғады. Екі ағасы Айтбай мен Хамит қарындасымыз аштан өліп қалмасын деп, кішкентай Рәбиғаны балалар үйіне тапсырады. Әжейдің айтуынша, аштық жылдары балалар үйіне ашыққандар балаларын көп тапсырған.– Ашқұрсақ жүрсек те, күйзелдік деп айта алмаймын. Балалар үйінде ботқасын, сорпасын беріп, алдандырды ғой, –дейді Рәбиға әжей.– Бірақ бала кезімде ашыққан адамдардың көшеде өліп жатқанын, бұзықтардың балаларды ұрлап әкеткенін ағаларымнан еститінмін. Бірде Хамит деген ағам екеуміз келе жатсақ, ағаш тасасында отырған, жақ жүні үрпиген адамдар бізді қол бұлғап шақырды. Хамит ағам аңқаулау еді, барғысы келді. Мен сезімтал қыз баламын ғой, оның етегінен ұстап, жылап жібермей, тез қашып кеттік сол арадан.Сол 30-шы жылдары балалар үйі Ресейдің Прокопьевск қаласына көшіріледі де, Рәбиға сонда кетеді. Онда 2-3 жылдай оқыған соң, бауырларын сағынып хат жазады. Ағалары қарындасын тағы да өздеріне алады. Аштықтың беті қайтып, ел енді есін жия бергенде соғыс басталып кетеді. Бұл кезде Рәбиға енді қылтиып бойжетіп келе жатыр еді. Қаладағы өзіндей қыз-келіншектерді жиып, еңбек армиясына жіберді. Ол Украинадан бір-ақ шығады. Бұғанасы қата қоймаған қыздың еңбек армиясында істемеген ісі жоқ, тас та, көмір де тасыды, суыққа да тоңды. Жеңіс туралы хабар тозаққа еті өліп кеткендей бейнет пен өлімге көзі үйренген адамдардың төбесінен найзағай ойнатқандай болды. Жеңісті Украинаның бір стансасында қираған темір жолды көтеру үшін қиыршық тас тасып жүрген кезде қарсы алды.– Радиодан Жеңісті хабарлағанда қолымыздағы күрек, қайланы лақтырып тастадық. Бір-бірімізді құшақтап жылап, улап-шулағанымыз күні бүгінгідей есімде, – дейді әжей.Ол өткен өміріне көз салса, қанша қырғын болса да өмір деген ұлы жол тұйықталмақ емес екен. Еңбек армиясында белі майысып тас арқалап жүрген қазақ қызы Мұхамедқали Ахметов деген қазақ жігітінің көзіне оттай басылады ғой. Сыртынан сұрастырып, қазақ қызы екеніне көзі жеткен соң, жақын келіп танысады.– Алғашында қорқып, сөйлескім келмеді. Кейін бір-бірімізді ұнаттық. Сөйтіп жеңістен кейін Мұхамедқали мені Челябі облысындағы Златоуст қаласына жақын Хребта деген темір жол бекетінде тұрып жатқан Айтбай ағам мен Хадиша жеңгемнің қолынан өзінің елі Талдықорғанға алып кетті, – дейді әжей. Олармен ағасының жас балалары Бақытжан мен қызы Бәтима да қоштасып қалады. Ал ағасы Хамит соғыста хабарсыз кетеді.Рәбиға Талдықорғанға келген соң ағасына хат жазады. Бірақ конверттің сыртына көрсеткен мекен-жайда Жұматаев Айтбай деген адамның жоқ екенін, оның көшіп кеткенін хабарлап жазған хат қайтып келе береді. Соғыстан кейін Талдықорғанда да тұрмыс жырғап тұрмаған еді, күнкөріс ауыр, күйзеліс. Рәбиғаның төркіндеуге, бауырларын іздеуге шамасы келген жоқ. Одан балаларын өсіру керек болды, балалары өскен кезде жолдасы Мұхамедқали қайтыс болды. Міне, сонымен 67 жыл да желе жортып өте шыққан екен. Рәбиғаның балалары нағашылары Айтбайды, оның ұл-қызы Бақытжан мен Бәтиманы іздестіріп, Ресейден тарайтын «Жди меня», өзіміздің «Бармысың , бауырым» хабарларына хат жазыпты. Бірақ сүйінші хабар болмапты.Рәбиғаның қызы Клара мен күйеу баласы Сейсенбек берген асқа жиналған көнекөз қариялар қазақ әйелінің бастан кешкен тарихын ұйып тыңдады. Өткен ғасырдағы 30-40-жылдардың ауыртпалығын олар да әңгімеледі. Бірақ Рәбиға әжейдің Қостанайға жер аударылып келген әкесі Жұматай туралы деректі қариялардың ешқайсысы біле қоймады. Ол кезде бұл ақсақалдардың өзінің де бала кезі ғой. Аласапыран уақыт заманды талай аударды. Кімнің басы домалап қайда қалмады?– Әкем халық жауы болып, 30-жылдардың ауырлығын, жетімдікті сіз сияқты мен де көргенмін. Ер бала болғандықтан туған жерде оқып, интернатта өсіп ілеске ілініп кеттік. Өмір солай өтті. Қостанайда туған соң бәрімізге апасыз, балалық шағыңыз қиындыққа толы болса да тағдыр сізді ренжіте қоймапты. Алтын асықтай бес ұл-қыз өсіріпсіз, оншақты немере, оншақты шөбере бар екен. Бақытты жан екенсіз. Сізді туған жерге тағзым жасауға алақанына салып әкеліп отырған қызыңыз бен күйеу балаңызға алғысымды айтқым келіп отыр, – деді ардагер ұстаз Жұмағали Бекбосынов. Рәбиға әжейдің күйеу баласы Сейсенбек Әбенбаев Алматыдағы Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінде сабақ береді, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор. Қызы Клара да білім саласында еңбек етіп келеді. Олар да дастарқан басында анасы Рәбиға шаршаңқырап қалған тұстарда ол туралы айтып, демеп отырды.– Анам әкеміз Мұхамедқалимен бақытты ғұмыр кешті. Ауылға алып барғанда анам талдырмаш қана қыз екен. Өзі бір ауыз қазақша сөйлемепті. Ал ол кезде келіншектің орысша сөйлегені қазақ ауылында ерсілеу көрінген ғой. Сонда ауылдағы замандас қыздар: «Сол жақтан осыны шүлдірлетіп несіне алып келдің, ауылда біз де бар емес пе едік», деп әзілдейді екен. Кейін қазақтың нағыз үлгілі келіні болыпты. Қазақша-орысша сөйлегенде, орысша ән айтқанда жұртты аузына қарататын, – дейді қызы Клара. Ән демекші, асқа келген ұлты татар Әдеп, Күлсина әнилерді көргенде Рәбиға әжеміз:«Ай орағың салып ең башына,Қияш нурларыңнан оралдың.Салқын шишмалардансу алғанда,Ким есимінә жырлар жырладың», – деп әндетіп қоя берді. Оған 90 жастан асып отырған Әдеп әни де қосылып кетті.Кейде «руға бөлінеміз, басымыз бірікпейді» деген сөздер естіліп қалып жатады. Бірақ осы сөзді жалпы халқымызға теліген дұрыс емес-ау. Көптің ішінде ала да, құла да болады. Қай қиырда жүрсе де қазақтың жылқыдай кісінесіп, шұрқырасып кететін әдеті емес пе. Ғұмырының ымырт шағында туған жердің ауасын бір жұтып, суын ішіп, аталарының бейіті жатқан жердің топырағын басып кетейін деп келген қарияға дастарқан басына жиналған жұрттың барлығы да ағайындай, таппай жүрген бауырындай көрінді. Олар да апалап құрақ ұшты. Қажыға барып келген Күлсина әни аруақтарға арнап тағы да құран оқыды. Тоқсан жастағы Әдеп әни заулатып Құранның жер басып жүрген пенделерге арналған сүрелерінен аяттар оқыды. Таза көңіл, адал ниетке ру түгел, ұлт кедергі емес, тәйірі. Бәрі де елдің, ұрпақтың амандығын тіледі. Туған жердің тартылыс күші деген осы екен.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.