Біз бір нәрсеге таңғалатынбыз. Бір тарихи озбырлыққа таңғалатынбыз. Еңку, еңку жер шалған, егеулі найза қолға алған кешегі ата-бабаларымыз Еуразия кеңістігінде өшпес із қалдырған. Алайда Жер Ана бетін әжімдеп сайрап жатқан сол іздерге деген өшпенділік те болғанын сезетінбіз. Өшпенділік болатыны – ол заман халықтар бір-бірін қан қақсатқан заман еді.
Заманына қарай адамы. Қасқыр заманда қасқыр болмасаң сені екі бүктеп, бір шайнайды. Тістегеннің ауызында, жұтқанның жұмырында кетесің. Сен біреуге бас салмасаң, саған біреу бас салады. Сондай күшке табынған дәуір болды. Қарақұрым халық күштілерге қол соғатын. Төбесіне көтеретін. Алдында құрдай жорғалайтын. Сақ, ғұн, ежелгі түркілер дәуірі солай болды. Біздің сол арғы аталарымыз сол заманға сай өмір сүрді. Жаппай жауынгер болды. Ә дегенге, мә деді. Аттың жалы, атан қомында жүріп еңку-еңку жер шалды. Еуразия кеңістігін шарлады. Күшке табынғандарды, күшпен табындырды. Табанға салам дегендерді табанға салды. Қанқұйлы қағанаттарды бас идірді. Халқын қырғыннан қорғады. Жерін кеңейтті. Елін көбейтті. Тарих төріне тақ орнатты. Ал бірақ теперіш көргендер оларға өшікті.
Теперіш көргендер қылыш ұстай алмаса да, қалам ұстауға шебер еді. Қару-қаламмен көшпенділерде кеткен өшін қағаз бетінде алды. Жылнамаларын жазғанда қылышпен қиқалай алмаған көшпенділерді қаламмен қиқалады. Табалады. Таптады. Жерден алып, жерге салды. Жеңісін кеміс, биігін еңіс етті. Бүгін біз соған да мәзбіз. Жау қолымен жазылған сол бір сарыала қағаздарда әйтеуір ата-бабалардың аты жүргеніне мәзбіз. Жоқтан бар деп. Инемен құдық қазғандай сол сарыала қағаздардан бабалар ізін іздеумен жүрміз. Даттаса да, таптаса да сол бір дүбірлі дүние дүбірін жеткізген сарыала қағаздарға ризамыз. Тәуелсіздік тұсында біз сол сарыала қағаздар сырын тірнектеуге кірістік. Бірақ заманында жау қолымен жазылған жылнамалар қаншалықты шыншыл?! Қаншалықты бұрмаланды?.. О жағын білмейміз. Бірақ сеземіз. Ежелгі дүние тарихында есесі кеткен халық екенімізді сеземіз. Өйткені заманалар ақиқатын арғы аталарымызға жау жылнамашылар жазыпты. Ендеше, тарихнамада есесі кеткен Елміз.
Ұлы дала тарихы ұрланған тарих деуге лайық. Бұрмаланып, бүркемеленіп қаламы жүйрік жылнамашылардың қанжығасында кеткен тарих деуге лайық.
Араға мыңдаған жылдар салып Ұлы азат дала енді өз тарихын өзі жоқтай бастады. Өз тарихың үшін өзің күреспесең, ол ешкімге керек емес екенін ұқтық. Өз тарихыңды өзің түгендемесең, оны ешкім түгендемейтінін ұқтық. Араға мыңдаған жыл салып та болса Ұлы дала ұлдары осы олқылық орнын толтыруға кірісті. Соның айғағы – Нұрсұлтан Назарбаев жазған «Ұлы даланың жеті қыры». Мақала рухы – оянған Ұлы дала рухы.
Ұлы дала өз тарихында тұңғыш рет өзін-өзі жан-жақты тануға ресми қадам басты. Өйткені оның туы жығылып түнекте жатқан кезінде жоғалтқаны көп болыпты.
Үстем өркениет далаңды да, молаңды да, тарихыңды да тонапты. Көшпенділерде кеткен өшін еуропацентризм, сөйтіп тәмам тарихтан алыпты. Ата-бабаларымызды варвар деп табалапты. Ұлы даланы құлақкесті құл ету үшін оның даңқты тарихын күлге аунатыпты, сүмірейтіпті. Сөйтіп бодандық қамытын киген Ұлы даланы идеологиялық төмпештің астына алыпты. Мақсат: тұлымдысын – тұл, айдарлысын құл ету болыпты. Ақыры, сол мақсатына жетіпті. Ұлы дала ұрпағын өз тілі, ділі, діні, тарихына қарсы шабатын мәңгүртке айналдыруға бар күшін салыпты.
Бірақ жыртық үйдің де Құдайы бар. Қазақты қырған империяның өзі қарғысқа ұшырап мұрттай ұшты. Қазақстан тәуелсіздік туын көтерді. Қазақстан Президенті бұдан екі жылдай бұрын сол бодан бостан болуға, рухани жаңғыруға үндесе, бүгін, ғасырлар бойы еуропацентризм езгісінде езілген тарихымызды енді еңсе көтеруге, бой тіктеуге шақырып отыр. Отандық тарихты тіктеуде, тірілтуде әдебиет пен кино рөлін айрықша атап отыр. Экранда жас ұрпақ еліктейтін супер кейіпкерлер сомдауға шақырып отыр. Ондай кейіпкерлерді Ұлы дала жыраулары есте жоқ ескі заманнан жырлап келген. Тасқа жазылған Тоныкөктен бастап, Алпамыс, Қобыланды, Қамбарлар болып жалғасып кете береді.
Жауынгер ұрпақты жыраулар тәрбиеледі. Ұрпақ рухын көтерді. Қызыл саясат ол дәстүрдің тамырына балта шапты. Тарихын дәріптегендердің талқанын шығарды. Тарихың жоқ деді, болса, Қазан төңкерісінен басталады деді. Осылай оқытты бізді. Осы идеология салдарынан салымыз суға кетті. Қазақтықтан қашып шетімізден орыс бола бастадық. Ұлттық сана сұйылды. Идеологиялық төмпештің сұрапыл болғаны сонша, соның салдарынан әлі арыла алмай келеміз. Әлі жаңғыра алмай келеміз. Ұлт санасын жаңғыртудың түрлі-түрлі тетігі бар. Соның бірі – кино. Тарихи кино.
Ертеңгі Қазақстан – бүгінгі жастар ғой. Жаңғыру жастарға жеткенде ғана өз мақсатына жетеді. Болашаққа жетеді. Ал жастарымыз қайда жүр, қайда отыр? Олар күн сайын шетелдік кинотуындыларды қылғытып кинотеатрларда отыр. Қазақстан тарихына еш қатысы жоқ, шетелдік киноөнімдерді суша сіміріп отыр. Ең болмаса өз тілінде де көріп отырған жоқ. Орыс тілінде қылғытып отыр.
Экран – біздің ең осал тұсымыз. Кинотеатрлар – Қазақстанға тәуелсіз шетелдік идеологиялық империя тәрізді. Бұл ішкі киноимперия соңғы 30 жыл ішінде батыстық рухтағы бір ұрпақ тәрбиеледі. Өкініштісі, ол ұрпақ Батыстың озық үлгілерін емес, алдымен тозық үлгілерін қабылдады. Қоғамымызда ата-салтымызға жат, айтуға ауыз бармайтын азғындықтың төбе көрсете бастауы содан деп білеміз. Сонымен экран арқылы Батыстың озығы емес, тозығын алған жастарымыз ертең ел болашағында қандай рөл ойнайды?! Осы сауал – бүгінгі қазақ қоғамының қабырғасына шаншудай қадалып отырған сауал.
Президент мақаласы осынау мезгіл тудырған салмақты сауалға дер кезінде берілген салиқалы жауап болды. Жастарымыз отыз жыл ұдайы Голливудтың қымбат киноларымен ауызданды. Енді оларды арзанмен алдай алмайсың. Қалай жасырсаң да, арзанның жыртығы мен тыртығы көрініп тұрады экранда. Экран – қатал аламан бәйге. Сол бәйгеге қымбат пен арзанды қалай қатар қосуға болады?! Көтерем ат пен жарау атты қалай қатар бәйгеге қосуға болады!? Аламан бәйгеге көтерем ат қосып одан қалай бәйге дәметуге болады?!
Әлемдік киноиндустрияда қаржы қашаннан – шешуші фактор. Чаплиннің «кинода біз қаржыны бірінші орынға қоямыз» деуі содан. Ендеше қабылданғалы отырған кинематография туралы заңда салмақты қаржы салынбаған жерде, сапалы кино да болмайтыны ескерілсе дейміз. Елбасының тікелей тапсырмасымен тарихи санамызды бір серпілткен «Алмас қылыш» (реж. Р.Әбдрашев) өмірге келді. Жалғасы «Алтын тақ» осы Тәуелсіздік күні Елбасы назарына ұсынылмақ. Бүгінде «Қазақфильмде» қазақ мемлекетінің ат ойнатып тарих сахнасына шығу тақырыбын жалғастыратын жемісті жұмыстар жүріп жатыр.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы